Антқа адалдық пен кәсіби шеберлік
Медицина – тек мамандық емес, бұл – тағдыр. Жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» ақ халатты абзал жандар. Емі шипалы дәрігердің алдында болып, оның көмегін алмаған адам кемде-кем шығар. Осындай адам жанының арашасы болуды мұрат еткен Асия Ашықбаеваның еңбек жолы білімге деген құштарлықтың, халыққа деген сүйіспеншіліктің және өз ісіне деген шексіз жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Ол қасиетті Арал қаласының тумасы. Кіші жүздің Шөмекей руынан шыққан тектілік пен тағылымды ту еткен әулеттің перзенті. Оның тұлға болып қалыптасуына отбасындағы ерекше орта үлкен әсер етті.Фельдшер мамандығын иеленген анасының адам жанына шипа іздеген қажырлы еңбегін көріп өсуі Асияның медицинаға деген алғашқы махаббатын оятты. Ал әскери қызметкер әкесінен дарыған темірдей тәртіп, отансүйгіштік пен сөзге беріктік қасиеттері болашақ дәрігердің кәсіби этикасының негізіне айналды. Байқоңыр қаласында өткен мектеп жылдары, оның зеректігі мен білімге деген талпынысын шыңдай түсті. Білім жолында ізденіс пен биік белестерді бағындыра білген Асия 2007 жылы еліміздің ең беделді медициналық оқу орындарының бірі – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсуі, оның алғашқы үлкен жеңісі еді. Жеті жылдық студенттік және интернатура кезеңінде ол медицинаның іргелі ілімдерін меңгеріп қана қоймай, тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
Асия Алиханқызы үздіксіз білім алғанның арқасында тоқырауды білмейді. 2021-2024 жылдары терапия бағыты бойынша резидентураны грантта оқып тәмамдауы, оның біліктілігін халықаралық стандарттарға сай ұштағысы келетін шынайы кәсібилігінің дәлелі.
Халықтың алғысы ең үлкен марапат деп түйсінетін жас маманның Қазалы теміржол емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде басталған еңбек жолы, оны нағыз «халықтық дәрігерге» айналдырды. Оның жұмыс күні тек қабылдаудан емес, әр науқастың тағдырына алаңдаудан тұрады. Әмбебап маман ретінде жаңа туған нәрестенің алғашқы тынысынан бастап, қарттардың созылмалы дерттеріне дейін ем-дом жасау үлкен жүрек пен кең білімді талап ететін іс.
Бүгінде ол Қазалы теміржол ауруханасында күндізгі бөлім меңгерушісі. Бұл қызметте ол емдеуші дәрігер, сонымен қатар ұжымды ұйымдастырушы, емдеу сапасын бақылаушы білікті менеджер ретінде танылуда.
Шаңырақтың шырағы Асия Алиханқызы өз ісінің білікті маманы ғана емес, сонымен қатар үлгілі отбасының ұйытқысы. «Дәрігердің қолы шипалы болуы үшін, оның жүрегі мейірімге толы болуы керек» деген ұранды ұстанады. Ол екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Қызмет пен аналық міндетті қатар алып жүру қазіргі заманғы қазақ әйелінің бейнесін айшықтайды. Оның өмірлік серігімен бірге құрған берік шаңырағы, оның басты тірегі мен шабыт көзі.
Кәсібіне адал терапевттің өмірбаяны адал еңбектің, терең білімнің және отбасылық құндылықтардың үйлесім тапқан тарихы. Оның әрбір атқан таңы науқастарға үміт сыйлаумен, ал әрбір кеші отбасының жылуымен өріліп келеді. Осындай білікті де білімді мамандар барда еліміздің денсаулық сақтау саласының болашағы сенімді қолда болмақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














