Аудан әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтайды.
Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері!
Сіздерді бүгінгі Халықаралық мейірбикелер күнімен құттықтаймын!
Ежелден дәрігерлік қызмет асыл әрі адамгершілікті ту еткен кәсіп болып саналады. Қандай қиын сәттер мен ауыр жағдайларда да дәрігерлер мен мейірбикелер өз ісіне мұқият қарап, адам жанының арашашысы бола білді. Дәуір мен өркениет алмасып келсе де, олардың Гиппократ антына адалдығы сол күйінде қалып отыр. Өткен жылы жұқпалы індетпен күресте де алдыңғы қатардан көрініп, күндіз-түні дамыл таппай еңбек етті.
Сондықтан бүгінгі мерекені адам тәнінің қиналысын жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің, медбикелердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады.
Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай адамның тағдыры тұр. Сіздердің тәжірибелеріңіз, жанашырлықтарыңыз, мейірім мен кәсіби адалдықтарыңыз ақ халатты жандарды қоғамның ең биік сатысына шығарды.
Ауданымызда да денсаулық сақтау жүйесі үнемі нығайтылып келеді. Салаға бөлінетін қаржы да жылдан жылға артып, аудандағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Қазіргі таңда ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қадірлі медицина қызметкерлері!
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дейді ұлы ойшылдар. Сондықтан, Сіздерге аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз бен игілікті істеріңіз, өз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін.
Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Қазалы ауданының әкімі