Құрмет төрінде – медицина мамандары
Әйтеке би кентінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай мерекелік салтанат өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, сала ардагерлерін, медицина мамандарын құттықтады.
Маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күнін атап өту қазалылықтар үшін игі дәстүрге айналған. Бұл күні алғысқа бөленген, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар құрмет төрінен көрінеді. «Адам жанының аршасысы» деген атқа ие болған олар күн-түн деп уақытпен санаспай еңбек етеді.
Аудан басшысы мереке иелеріне деген ізгі тілегін арнады.
– Ауданның денсаулық сақтау саласы тарихында өз ісінің білгірі атанған абзал жандар аз болмағанын Сіздер жақсы білесіздер. Бүгінде олардың қалыптастырған дәстүрлі жолын лайықты жалғастырып келесіздер. Өздеріңіздің елеулі еңбектеріңіз әрдайым ерекше құрмет пен сенімге ие. Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүрсіздер. «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дейді ұлы ойшылдар. Сондықтан, сіздерге аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді.
Сонымен қатар жиында қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес сала медициналық ақпараттық жүйемен толық қамтылып, цифрлық технологияларды енгізу мен компьютерлендіруге де көңіл бөлініп жатқандығы айтылды. «Жаңа ғимаратқа көшкен ауруханаға «Ангиограф» медициналық аппараты алынды. Бұл заманауи қондырғы жақын арада іске қосылады. Қазіргі таңда тиісті мамандар оқытылып, облыстық медицина орталығында толық тәжірибеден өткізілді. Біріншіден, қондырғы аймақтағы жүрек-қан тамырлары ауруларын дер кезінде анықтап, емдеуге септігін тигізсе, екіншіден, Қазалыдан бөлек, көршілес Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласы тұрғындарына қызмет көрсететін болады», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық ауруханаға облыс әкімінің қаулысымен ауданаралық аурухана мәртебесі берілгендігін тілге тиек етті. Одан бөлек Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхана салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қолдау тапты.
Салтанатты шарада өңірдегі медицина саласына елеулі еңбек сіңіріп жүрген мамандар облыс әкімі орынбасарының "Алғыс" хатымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасы», «Алғыс» хаты және аудан әкімінің, ауданаралық орталық ауруханасы бас дәрігерінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА