Ақын мұрасын ұлықтаған байқау
Ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 180 жыл толуына орай Қазалы ауданында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Қазақ халқының рухани темірқазығына айналған ақын мұрасын дәріптеу мақсатында 8 тамыз күні Қазалы мәдени-демалыс кешенінде "Абай мұрасы – ұрпаққа аманат" атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өткен байқауға 22 жас талапкер қатысты. Қатысушылар Абайдың жүрекке терең бойлататын өлеңдерін көркем мәнермен оқып, көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Әрбір қатысушының дауыс ырғағы, тіл тазалығы, көркемдігі мен сахна мәдениеті жоғары деңгейде бағаланды.
Байқау қорытындысында Абай ауылынан келген Аида Сазанбай бас жүлдені жеңіп алып, 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Жүлделі І орын – Ғ.Мұратбаев ауылынан қатысқан Ақзия Қожахметке бұйырып, ол бағалы сыйлықпен марапатталды. Ал ІІ орынды Кәукей ауылынан Өмірзақ Айтжан еншілесе, ІІІ орын Жанқожа батыр ауылынан келген Абай Қалабайға табысталды.
Аталған шара – жас ұрпақтың Абай шығармаларын терең меңгеріп, оның рухани мол мұрасын жүрекпен ұғынуына жол ашқан тағылымы зор байқау болды. Сонымен қатар бұл игі бастама – ұлттық әдебиетті насихаттау мен жас буынды мәдени құндылықтарға баулуға бағытталған маңызды қадам.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














