Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің атам – қос соғыс майдангері

Менің атам – қос соғыс майдангері

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Деректерде «Екінші Дүниежүзілік соғыс» «герман-кеңестік соғыс» деген атаумен қалған Нацистік Германия мен Кеңес Одағының арасындағы шайқастар дүниежүзі тарихындағы ең ірі әскери текетірес саналады. ХХ ғасыр ғана емес, адамзат тарихындағы алапат соғыста ортақ отанды қорғауда батырлықтың үлгісін көрсеткен қазақстандықтардың қатарында менің атам Қайрадин Асқаров та бар.
Миллиондаған адамдар болашағы, бостандығының қадір-қасиетін қорғауда тер төккен жан туралы жазылған жазба деректер, құнды мақалалар мен мазмұнды естеліктер көп. Жеңіс мерекесі біз үшін жанымызға жақын жанды еске алу ғана емес, жауды күйретіп, туған жері үшін жан беріп, барын аямаған қаһарман ұлдардың өшпес ерлігін дәріптейтін күн саналады. Ортақ дата, айтулы күн қарсаңында тыныш күнге тағзым белігісі ретінде атамыздың жүрген жолы туралы жас ұрпаққа жазба қалдыруды жөн санадық.
Атамыз жүрген ортасына сыйлы еді. Кеудесіндегі күнге шағылысқан медаль, ордендерінен бөлек туралығы, тазалығы мен жауапкершілігін көпшілік қадір тұтатын. Жақсылығын жанына ұялатып, өнегесін алуға келетіндер қатары қашан да қалың болды. «Жүрген соң бауырыңды күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, қадір-қасиеті, құрметтің сырын жыл санап ұғынып келеміз.
Атам Қайрадин Асқаров 1925 жылы Басықара ауылына қарасты «Жамбыл» колхозында дүниеге келеді. Еңбекті сүйген ерлі-зайыптылар Асқар мен Балмаштың отбасындағы үш баланың ортаншысы кішкетайынан көнекөз қариялардан ғибратты әңгіме, ауыз әдебиетінің үлгілерін санасына сіңіреді.
Өзге ауыл балалары сынды тірлікке араласып, еңбекке шыңдалып өседі. Елде колхоздандыру құрылысы басталған жылы Сталин совхозындағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына барып, әріп таниды. Өзі өмір сүрген кездегі әлеуметтік ахуал кішкентай баланы да айналып өтпейді. Бір естелігінде: «Жеті жастағы кезімде аштықтан ісіп-кеуіп, әлсіреп ұйықтап кетіппін. Ұйқыдан тұрсам, тірі қалыппын», – дейтін.
Бастауыш сыныпты бітірген соң, 1937 жылы Қазалы стансасындағы №67 орта мектепте оқиды. 1941 жылы жаңадан бой көтерген қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте оқуын жалғастырады. Жаңа мектепте 8 сыныпты небәрі бір айдай оқыған балаларды клуб жақтағы кешкі мектепке орналастырады. Себебі мектеп ғимараты әскери госпитальға айналады.
Сол оқу жылын ойдағыдай бітірген бозбала Қайрадин 1942 жылдың 1 қыркүйегінде әскери комиссариатқа барып, майданға сұранады. Қазалы қаласында бір айлық жаттығудан өтіп, соғысқа шақырылушылар тізіміне ілігеді. 1943 жылдың мамыр айының аяғында оларды эшелонға мінгізіп, пойыз шығысқа қарай бет алады.
Бұлар мінген қызыл вагон Чита облысының Даурия ауданындағы 74-бекетке тоқтайды. Сол жерден 135-дивизияға жетіп, артиллерия дивизионның басқару бөліміне барады. Үш айдай әскери қимылға машықтанып, пойызбен Жапонияның Матцеевский стансасынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан 207 бөлімнің пулеметшілер батальонына қосылады. Бұлардың жасағы шекарадағы құпия соғыс нүктелерге орналасады.
Жапон жерінде жасақ темір бетоннан жасалған, жау оғынан қорғануға арналған бекіністі нықтап, соғыс құралдары, оқ-дәрімен қамтылған артиллерияны қорғап, шекарада қарауылдап, таудың жапон беткейлерінен окоп-траншей қазуға қызу кіріседі.
Ол күндер туралы: «Қашан да соғыс құралдары толық дайындықта, қасыңда болады. Себебі Батыста неміс фашистері Сталинградты алса, біз жақтан Жапония соғыс ашуға кіріскен. Шекарадан жапон әскерлері келіп, әскери жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқанын көретінбіз. Ауа райының суықтығы 60 градусқа дейін жеткеніне қарамай, қысы ұзақ, жазы қысқа жерде нашар тамақ, аз ұйқымен қырағылықты естен бір сәтке шығармауды міндетіміз санадық», – деп айтатын. Батыстағы әскерлер жауды ойсырата жеңіп жатқаны бұлардың да жігерін жанып, қайраттандыра түседі. Достарының қатарынан Германия жеріне соғысқа сұранып, өз еркімен арыз беріп жатқан солдаттар да табылды. Солардың бірі – Қайрадин ата болыпты. Көп ұзамай жоғары басшылықтан хабар жетеді. Онда «Жапониямен соғыс – маңызды нысан, қауіпті аймақ. Сондықтан сендер әр уақытта соғысқа дайын тұруларың керек», – деген нұсқаулық беріліпті. Антына адал жауынгер әскери міндетін ойдағыдай орындайды.
1945 жылы Кеңес әскерлері шекарадан өтіп, Жапонияға соғыс жариялайды. Бұл кезде атам қаруластарымен Жапонияның Кваннтун армиясы атты әскерлерімен соғысқа кіріседі. 36-армияның 207-батальонының бірінші ротасында миномент нысанашысы болған оған жауды алыстан атып, барлық құралдардан қарсыластарды алыстатуға күш жұмылдыру жауапкершілігі тапсырылады. Сол сұрапыл шайқаста атам ең жақын досынан айырылады.
Батальон сарбаздарымен Жапонияның «Хайлар» атты құпия бекінісіне келеді. Бетпе-бет шайқас қос тарапқа да оңайға соқпайды. Суық қаруланған жау тарапы да Кеңес әскерлеріне снайпер оғын қарша жаудырады. Ұрыс даласындағы қызу шайқастың екінші күнінде атам қойған миноментті сезіп қалған жау қарсы снаряд лақтырады. Снаряд жарқыншағы қолына түскен атам жараланады. Санитар қыз таңып берген соң, атам дереу миноментті басқа жерге көшіріп, жапондарға тойтарыс береді. Сол жолы әскер Асқаровқа жарақатына орай екінші топ мүгедектігі беріледі. Жалыны бойында тасыған жауынгер жарасына қарамай, алға ұмтылады.
Небәрі екі күнге созылған соғыста Кеңес әскерлері басымдығын байқатып, шекарадағы шепке оралады. Хайлар жері жау жендеттерінен босатылғанда, Қайрадиннің қаруластары Харван қаласындағы күшті тойтаруға жөнеледі. Мұнда да жапондықтар жеңіліс табады.
Әскерге соңғы лек болып алынған Қайрадин Асқарұлының қатарластары соғыс аяқталған соң жас әскерлерді соғыс ұрыс-қимылдарына дайындайды.
Әскерде жүріп 1945 жылы қараша айында Коммунистік партия қатарына қабылданады. 1948 жылы дивизия жанындағы бір жылдық партия-саяси мектебін тәмамдайды. Саяси мектеп қабырғасында әскери жаттығуларда үздік көрсеткіш көрсетіп, 1947, 1949 жылдары екі рет полк командирінің бұйрығымен 15 күннен ауылға келуге мүмкіндік алады.
«Үздік артиллерист» жауынгер 1949 жылы қыркүйекте Қытай коммунистік партиясының бірінші хатшысы, Қытай мемлекетінің төрағасы Мао Цзэдун Кеңес үкіметінің басшысы Иосиф Сталиннің шақыруымен Мәскеуге пойызбен келгенде, шекарада қабылдаған құрметті қарауыл құрамында болады.
1946 жылы армияда үш айлық командирлер даярлайтын курстан сержант атанып шығады. 1947 жылы полк командирінің бұйрығымен сержант Асқаровқа аға сержант шені беріліп, елге қайтқанға дейін екі жылдай взвод командирі болады.
Қиыр Шығыстан жеті жарым жылдан соң, 1950 жылдың сәуір айында атамекеніне оралады.
1950 жылы маусым айында Қ.Асқаров аудандық радиохабарын тарату комитеті басшысы қызметіне тағайындалады. Асқаровтың ақпарат тарату желісі тізгінін ұстаған уақытта ұжым қиындықтан қалжыраған елдің көңілін көтеріп, атқарылып жатқан істерден хабардар ету, саяси ахуалды тұрақтандыру саясатын ұтымды жүзеге асырады. Бір жарым жылдан кейін аудандық мәдени-ағарту мекемесінің басшылығы қызметіне ұсынылады. Жас басшы бұл жерде де жан-жақтылығын көрсетеді.
Тың және тыңайған жерді игеру туралы қаулысымен, 1954 жылы облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен аудандық партия комитетінің аймақтық нұсқаушысы болып жоғарылайды. Сол жылдары Ғани Мұратбаев, Қазақстанның отыз жылдығы атындағы колхоздарда егін шаруашылы, мал басын өсіру, ет-сүт өнімдерін арттыруға да атсалысады. Қазақстанның тың және тыңайған жерден астық өндіру қорытындысы бойынша 1956 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін», «Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы» және «Целинник» медальдарымен марапатталады.
Еңбектене жүріп, ауылшаруашылық техникумынан зоотехник мамандығын меңгереді.
Мұнан соң Энгельс атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланады. 1959 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық халық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты директоры болады.
1972 жылы аудандық Советтің депутаты, тұрақты комиссия төрағасы болса, 1977 жылы қалалық Советтің депутаты атанады.
Қызмет атқарған жылдарында ол басқарған мекемелер бірнеше рет көшпелі қызыл ту, ақшалай сыйлық, мемлекеттік марапаттарға ие болып, «бесжылдық озаты» белгісіне лайық деп танылады.
1985 жылы «Дербес зейнеткер» деген атақпен құрметті демалысқа шығарылады.
1986 жылдан 2004 жылға дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық жұмысын атқарады. Мәскеудегі Бүкілодақтық соғыс және еңбек ардагерлер ұйымы орталық партия комитетінің қаулысымен жүзеге асқан аудандағы ардагерлер ұйымы жұмыстарын жақсы жүргізгені үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
«Лениннің туғанына 100 жыл», «Жапон соғысына қатысқаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тыңға 50 жыл», «Украинаның 60 жылдығы», «Еңбек ардагері» мелальдары, Жеңістің – 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл» «Маршал Жуков» атындағы, «Астананың 10 жылдығы», «Қызылорданың 70 жылдығы» мерекелік медальдары – ерлігі мен еңбегіне лайықты құрмет белгісі.
2000 жылы 9 мамырда сол кездегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығын мерекелеуге қатысып, салтанатты шеруге шыққандардың алдыңғы шебінде болады.
Жары Нәбира әжем екеуінен тараған ұрпақтары ұлағатты жолды жалғауда. Әрбіріміз Жеңіс пен ерлікке лайықты ұрпақ болу да – жауапты сын екенін сезініп өстік.
Қайсарлық пен батылдық, адалдық пен айнымас серттің жарқын үлгісі болған Қайрадин атам 2016 жылдың 15 ақпанында 91 жастан асқан шағында өмірден өтті.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Ұлттың мақтаны болғаны атамызбен әрқашан мақтанамыз.
Айнұр АСҚАРОВА,
ұрпағы



























22 сәуір 2025 ж. 45 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930