Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандар сөйлейді, тарих сақтайды

Сандар сөйлейді, тарих сақтайды

Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистика саласының қалыптасқанына 105 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық статистика жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін айқындайтын маңызды мемлекеттік құрылымға айналды. Осы мерейлі дата қарсаңында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Қайрат Әбсұлтановпен сұхбаттасқан едік. Бұл сұхбатта статистика саласының өткені мен бүгіні, дамудың жаңа бағыттары мен болашақ межелері жайында өзекті ойлар қамтылған.

– Қайрат Байғабылұлы, биыл Қазақстан мемлекеттік статистикасының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Алдымен осы тарихи кезеңге қысқаша шолу жасап өтсеңіз...
– Иә, бұл – ел тарихындағы маңызды белес. Статистика – еліміздің тарихи дамуының барлық сатыларында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып отырған ғылымның бір саласы. Барлық мемлекеттердің өмірінде ресми статистиканың рөлі өсуде. Кез келген салада уақытылы және объективті ақпараттарсыз тиімді шешімдер қабылдау мүмкін емес. Сондықтан статистикалық органның негізгі міндеттерінің бірі – барлық пайдаланушыларды толық, шынайы және жедел статистикалық ақпаратпен қамту болып табылады.
Қазақстандағы ресми мемлекеттік статистика тарихының тамыры тереңде жатыр. Алғашқы Қазақ мемлекеті – Қазақ хандығы дәуірінен бастап халық саны, елдің аумақтық құрылымы жөнінде мәліметтер болған. Дегенмен қазіргі заманғы орталықтандырылған статистикалық қызмет XVIII ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақстанның Ресей империясы құрамына енген кезеңнен бастау алады.
Қазақстан аумағындағы алғашқы ресми статистикалық орган – Түркістан губерниялық статистикалық комитеті, ол 1868 жылдың 22 қаңтарында құрылған. Ал бірыңғай мемлекеттік статистикалық жүйе 1920 жылдың 8 қарашасында Қазақ АКСР-і Үкіметінің шешімімен құрылған болатын. Сол себепті бұл күн – еліміздің Статистика күні болып белгіленді.
Бүгінде статистиктер жоғары дамыған экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар Қазақстанның табысты дамуы үшін ақпараттық негізді қалыптастырып отыр. Жаңа әдістер пен технологияларды енгізіп, халықаралық стандарттар мен үздік шетелдік тәжірибелердің негізінде мемлекеттік статистиканы жетілдіру арқылы статистиканың жаңа дамыған жүйесіне қол жеткізілді.

– Тәуелсіздік жылдарындағы статистика саласындағы маңызды кезеңдерге тоқталсаңыз...
– Егемендік алғаннан кейін сала жаңа даму кезеңіне өтті. 1999, 2009 және 2021 жылдары өткен халық санағы – Қызылорда облысы бойынша департаменттің тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Мысалы, 1999 жылы облыс халқы 624 991 адам болса, 2009 жылы 678 794 адамға, ал 2021 жылы 814 931 адамға жетті.
Сонымен қатар 2006 жылы алғашқы ауыл шаруашылығы санағы, кейін БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Үкімет бірлескен мульти-индикаторлық кластерлік зерттеулер жүзеге асырылды. Бұл зерттеулер отбасы денсаулығы, білім және бала тәрбиесі бағыттарындағы өзекті мәселелерді айқындауға мүмкіндік берді.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер және жанұялық – демографиялық саясат ісі бойынша Ұлттық комиссиясының және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты дамудың гендерлік мақсаты» конференциясы өтті.
– Биыл да статистикалық тұрғыда маңызды іс-шаралар өтті. Солардың бірі – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы. Оның ерекшелігі неде?
– Иә, биыл еліміздің аграрлық секторының нақты жағдайын анықтауға бағытталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді. Ауқымды зерттеу еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өндірісін қолдау және мемлекеттік саясатты тиімді жоспарлау үшін өте маңызды.
Сыр өңірі аталмыш науқанға белсенді қатысты. Бұл дегеніміз – облыс халқының азаматтық жауапкершілігі мен санақ мәдениетінің жоғары екенінің дәлелі.
– Қазіргі таңда статистика саласында цифрландыру бағытында қандай жетістіктер бар?
– Статистикалық ақпараттарды жинау және өңдеу барысында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолданудамыз. Мемлекет басшысы биыл жолдауында Қазақстан дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту, цифрландыруды шындыққа айналдыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсатуға деген ұмытылысты күшейту керектігі бойынша тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда басты мақсаттардың бірі – онлайн жобаларын тиімді жүзеге асыру. Бүгінгі заман – цифрлық технологиялар мен «ақылды» шешімдердің кезеңі. Біз де осы үдеріске белсенді түрде кірістік. Департаментте «Бір терезе» қағидаты бойынша жаңа қызмет көрсету аймағы іске қосылды. Электронды кезек жүйесі орнатылып, құжат қабылдау үдерісі жеңілдетілді.
Жобаның ашылуы мемлекеттік статистиканың 105 жылдығына орай өткізілді және оған сала ардагерлері қатысты. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында департамент ғимаратында арнайы статистика тарихын таныстыратын мұражай ашылды. Оның мақсаты – саланың өткені мен бүгіні туралы ақпаратты жинақтап, жастарға кәсіби сабақтастық пен тарихи жадыны насихаттау.
Цифрландыру бағытындағы жұмыстар статистика саласының эталондық стандарты аясында бағаланады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ең басты мақсаты – цифрлық технологияларды қолдану мен жетілдіру арқылы экономикалық бәсекеге қабілетті ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
– Сіздің ойыңызша, статистиканың қоғамдағы рөлі қандай?
– Статистика – ел дамуының айнасы. Ол басқарушылық шешімдер қабылдауда, мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және экономикалық жоспарлауда маңызды рөл атқарады. Уақытылы, шынайы әрі сапалы статистикалық дерексіз тиімді шешім қабылдау мүмкін емес.
Біздің басты міндетіміз – пайдаланушыларды толық әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз ету. Сол арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосу.
– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет. Енді әріптестеріңізге және сала мамандарына арналған тілегіңіз болса...
– Бір ғасырдан астам тарихы бар саланың мерейтойы – барша статистика қызметкерлерінің ортақ қуанышы. Осы орайда барша әріптестерімді шын жүректен Мемлекеттік статистикаға 105 жыл толуымен құттықтаймын.
Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, кәсіби биіктерден көріне беріңіздер. Деректеріңіз дәл, нәтижелеріңіз нақты болсын!

Сұхбаттасқан
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
08 қараша 2025 ж. 152 0

Еңбегімен елге сыйлы

08 қараша 2025 ж. 150

Еңбекпен есейген ер

08 қараша 2025 ж. 121

ФОРУМ: кәсіп пен еңбек

08 қараша 2025 ж. 125

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930