Асыл мұралар асқақтаған күн
Ұлттық қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы, ата-бабамыздың даналығы мен шеберлігінің айғағы. Әрбір ою-өрнек пен бұйымда терең мағына, ұлттың рухы мен тарихы бейнеленген. Қолөнер туындылары тек әсемдік үшін емес, рухани құндылықтарды сақтаудың, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің ерекше жолы. Ұлттық қолөнерді дәріптеу – өз тамырымызды танып, ұлт рухын биік ұстаудың бастамасы.Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы, Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырумен Сейл Дәулетбайұлының 130 жылдығына орай «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты қолөнер шеберлерінің облыстық байқауы өткізілді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көне жәдігерлерді жаңғыртуды мақсат тұтқан сынға Шиелі, Жалағаш, Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарынан 13 қолөнер шебері қатысты. Шеберлердің үлкені 35 жаста болса, ең кішісі 14 жасар.
Қатысушылар өнеріне қылқалам шебері, түрлі жарыстар жеңімпазы Дүйсенбай Сәрсенбаев, Қазақстан Этнодизайнерлер Одағының мүшесі Талант Сахитов, жасөспірімдерді қолөнер және қылқалам өнеріне баулып жүрген ұстаз Жадыра Жолдыбаева қазылық жасады. Қолөнершілердің бұйым жасау техникасы, шығармашылық ұтқырлығына баса назар аударылды. Сайыс қорытындысымен Арал ауданынан келген Зере Жүсіп шашасына шаң жұқтырмай, бас жүлдені бұйдалады. Бірінші орын шиелілік Айсана Өскенбайға бұйырса, «Сейл Даулетбайұлы» атындағы арнайы жүлдені Бозкөл ауылынан қатысқан Арайлым Асылбек алды. Жалағаштықтық қолөнерші қыздар Сая Саттарқызы мен Ақбаян Нұрматова, Қожабақы ауылынан қатысқан Әлижан Жақсылық екінші орынға ие болды. Қармақшы, Қазалы аудандарының үкілі үмітін арқалаған Гүлжайна Байнаева, Қасым Балымбетов, Әділбекова Ақбота үшінші орынға қол жеткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Ләззат ТӘҢІРБЕРГЕНОВА,
Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің әдіскері













