Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Даланың ерке киігі, болды екен кімнің кімнің күйігі?

Даланың ерке киігі, болды екен кімнің кімнің күйігі?

Көптің, қоғамның талқысынан түспейтін киік мәселесі әлі де басылар емес. Ақпарат тараған сайын әлеуметтік желі де даурыға жөнеледі. Биыл жыл басында Қызылорда облысында киіктер қаптады. Арал ауданына қарасты Абай мен Сазды ауылының тұрғындары жабайы жануар өрістегі шөпті қоймай жатқаны жайында жанайқайын жеткізген еді. Мал бағып күнелтіп отырған олар төрт түлік малын қораға қамап әлек болды. Өрістегі шөпті аздық еткен киіктер ауыл ішіне де кірген. Азық таппаған әлсіздері ауыл маңайында қырылып қалды. Күрт көбейген киіктерді реттеудің шешімі – ату ма? Саралап көрейік.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылы даладан 390 ақбөкен өлексесі табылса, 2023 жылы оның саны – 1336-ға, былтыр 5598-ге жеткен. Ветеринарлар оларды жинап алып, ауылдардың маңындағы мал қорымдарына апарып тас­тайды. Мал қорымдары да өлексеге толып, енді өлген киікті де, малды да өртеуге тура келген. Осылайша қоршаған ортаға қауіп төнуде. Ма­мандар киіктердің көптігінен 2010-2011 жылдары туындаған пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупі бар екенін айтады. Онымен қоса ақбөкендердің жайылымда үй жануарларымен бірге жайылуы салдарынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар шығуы әбден мүмкін.

РЕТТЕУ – МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?
Мемлекеттік органдар 2023 жылы киік санын реттеуді қолға алды. Нәтижесінде шамамен 30,2 мың ақбө­кен атып алынған. Дегенмен киелі жануарды аямай ату ха­лықтың наразылығын туғызды. Осыған орай былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ даласының киесі саналатын ақбөкендердің санын бұлай «реттеуге» тыйы­м салды.
Ғасырдың басында құрып кетуге жақындап, 200 мыңдай тұяғы ғана қалған ақбөкеннің саны бүгінде 4 миллионға жуықтады. Киіктің қазіргі көбею қарқынына қарағанда, киелі жа­нуардың саны 2030 жылы 30 миллионнан асып жығылуы ықтимал.
Соған қарамастан, ақбө­кеннің санын реттеудің жет­кілікті ойластырылмаған шаралары, соның ішінде аң ретінде атып алуға рұқсат беру жануарлардың жойылып бара жатқан түрлерін сақтау жөніндегі халықаралық келісімдерге қол қойған еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіруі мүмкін.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киіктерді табиғи ортадан қанша мөлшерде алып тастау жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Министр айтуынша, ғалымдар жалпы популяцияның 20 пайызын алып тастауды ұсынған. Көктемгі санақ нәтижесінде ресми көрсеткіш – 3 978 000 бас болыпты. Демек, шамамен 800 мың бас киікті ату ұсынылды. Жыл аяғына таяды. Елде қанша киік атылды?
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Жомарт Әлиев бүгінге дейін қанша дана киік ауланғанын мәлім етті. Вице-министрдің айтуынша, ауланған киіктің еті толықтай ет комбинатына тапсырылған. Биылғы жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша 88 500 дана киік ауланған. 20 адамнан тұратын 10 бригада реттеу жұмысын бес аймақта жүргізуде. Бұған дейін Қазақстан киік популяциясын қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарды. Алайда қазір билік өкілдері мен кейбір сарапшылар киік саны тым көбейіп, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, тіпті адамның өзіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып отыр.

КИІК ЕТІ КӘДЕГЕ АСА МА?
Кеңес дәуірінде бұл ет еркін сатылып, халық арасында танымал болған. Күнде тұтынбаса да, қуырдағын аңсап жегісі келетіндер аз емес. Қазір дүкен сөрелеріне киік еті қойыла бастады. Бағасы жылқы, сиыр және қой етінен арзан екені анық. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір киік етінің саты­лымда бар екенін, ветеринарлық қызметтер жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Дегенмен дүкеннен сатып алуды тиімсіз көріп, даладан тегін атып алғысы келетіндер азайған жоқ. Еттің сапасы қандай? Атылған киік етінен адамға жұғар кесел бар ма?
Жауапты мамандардың айтуынша, киік еті бойынша ветеринарлық қызмет жұмыс істеп тұр. Сынама алып, са­рап­тама жасағаннан кейін ғана жануардың еті сауда желілеріне жіберіледі. Сау­да және интеграция министрлігі ет бағасын көтеретіндерге ша­ра қолданылатынын да айтты. Қазақстанда киіктердің санын реттеу шаралары шегіне жеткенде бақылау да, сатылым да тоқтауы мүмкін. Ал киік етінің адам ағзасына пайда не зияны бар ма?
Қазақ тағамтану академиясы киік етінің тағамдық құндылығына зерттеу жүргізді. Ғалымдар оның химиялық құрамын, нутриенттер мөлшерін және өнімді тағам рационында қолдану мүмкіндігін қарастырды.
– Киік еті – бұл табиғи ақуыз, дәрумендер мен микроэлементтердің концентраты, әлемдегі ең жақсы диеталық өнімдермен бәсекелесе алатын тағам. Жоғары сапасы мен органикалық табиғатының арқасында киік еті еуропалық диетологиядағы балық немесе аң еті секілді функционалды өнім ретінде рационға енгізілуі мүмкін, – дейді медицина ғылымдарының докторы, Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарман.
Экология министрлігінің тапсырысы бойынша, Тағамтану академиясы киік етінің құрамына кешенді зерттеу жүргізді. 100 грамм етте: 20 грамм ақуыз, 9 грамм май, D дәрумені – 9,2 микрограмм/100 грамм (тәуліктік мөлшердің шамамен 100 пайызы), B5 дәрумені – 8 миллиграмм (тәуліктік мөлшердің 160 пайызы), темір - 3,9 миллиграмм, мырыш – 6 миллиграмм, L-карнитин – 132 миллиграмм. Сондай-ақ құрамында магний, селен және B тобы дәрумендері бар.
Мамандардың пікірінше, киік еті D дәрумені, темір және сапалы ақуыз тапшылығы бар адамдар үшін пайдалы бола алады. Ең алдымен балалар, жүкті және бала емізетін әйелдер, қарттар, физикалық және интеллектуалдық жүктемесі жоғары адамдар, теңіз өнімдеріне қолжетімділігі шектеулі аймақ тұрғындары.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
Жыл сайын мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында облыс көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп тұрады. Полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесіп, құжатсыз мал тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың бар-жоғын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Облыс көлемінде орналасқан сауда орталықтары және басқа да ет павильондары мен мал союға арналған орындар тексеріледі. Сонымен қатар Табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларды, браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы да өтеді. Былтыр жыл соңында ұйымдастырылған рейд нәтижесінде 21 күнде табиғат қорғау заңнамаларын бұзған 74 дерек тіркелген. Оның ішінде, 5 қылмыстық және 69 әкімшілік құқық бұзушылықтар.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 382-бабымен (жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) барлығы 69 құқық бұзушылық анықталған. Сонымен бірге Сыр өңірінде тағы бір заңсыз аң аулау дерегі орын алды. Бірлескен жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде 48 жастағы тұрғынның автокөлігінен 27 киік аңының өлі денесі тәркіленген.

ТҮЙІН:
Қазақстанда киік популяциясын реттеу жұмыстары 2025 жылғы қараша айының соңына дейін жалғасады. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздеме бойынша бұл популяцияға зиян келтірмей, тек 20 пайызына дейін ғана реттеу жүргізуге рұқсат етілген. Бұл көрсеткіш табиғи тепе-теңдікті сақтау және ғылыми зерттеу нәтижелері негізінде белгіленген. Алайда «Киелі жануардың киесі ұрады» деген көпшілік алаңдаулы. Түрлі аңыз, әңгімелерге сүйенсек, расымен киіктің қасиетін байқаймыз. Киіктің санын реттеу – түз тағысын жөн-жосықсыз жусатып салу емес. «Өлтірмей-ақ, егіннен қуып тастаса болды ғой» деген пікірлер де айтылмады емес. Егер киікті Торғайдың егінінен қусаң, Қызылорданың күрішіне, одан қусаң, Жезқазғанның бақшасына түсе береді. Бұл жануар Орал, Ақтөбе, Торғай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда өңірлерінен басқа далаға жерсінбейді екен. Иә, табиғаттың төл перзенті көз тоймас сұлулықтың иесі. Оның көркемдігі мен әсемдігін, киелілігін табиғатпен тілдесетін өнерпаздар өз шығармасына арқау еткен. Киіктің киесі бар дейміз. Әйткенмен…
Айнұр ӘЛИ
08 қараша 2025 ж. 164 0

Еңбегімен елге сыйлы

08 қараша 2025 ж. 148

Еңбекпен есейген ер

08 қараша 2025 ж. 120

ФОРУМ: кәсіп пен еңбек

08 қараша 2025 ж. 125

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930