Әнмен әрлеп, өнерін жырмен өрген
Жақында қазақ тыңдармандары сазына елітіп, шоқтығы биік әндерін қосыла шырқайтын ақын, композитор Батырхан Нұрымбетовті еске алуға арналған «Әнмен әрлеп, өнерін жырмен өрген» атты өнер байқауы өткізілді.Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауы, Алға ауылдық округі әкімі аппаратының Ү.Түктібаев ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен облыстық сырнайшылар байқауына Қызылорда қаласы, Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарынан барлығы 11 талапкер қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов естелік айтып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Келушілер назарына ауылдық кітапхана меңгерушісі Гүлмира Ниетова әзірлеген «Өлең болып өрілген өмір» тақырыбындағы материалдар мен сурет шежіреден өрілген көрме ұсынылды. Шара шымылдығы Б.Нұрымбетовтің шәкірті Жақсыкелді Бақытбектің «Ұстазымды жүрмін қатты сағынып» өлеңімен ашылды. Шығарманы клуб жанындағы көркемсөз үйірмесінің мүшелері Арнұр Шынтемір, Азамат Ағымов, Інжу Шаттық, Нұрай Райханова нақышына келтіріп оқыды. Бекарыстанбилік ауылының өнерпазы Жұмагүл Байділдаева сазгер Қанат Сырлыбайдың сөзіне жазылған «Батырханға арнау» әнін орындады. Достары мен туған-туыстары сазгердің биік парасаты мен адамгершілік қасиеті, өнерге деген жанашырлығы туралы сөз етіп, еске алысты.
Байқауға аудандық мәдениет орталығының әдістемелік бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Маратқызы, Батырхан Нұрымбетовтің өнердегі досы, музыкант, №204 мектептің мұғалімі Бүркіт Омаров, ақын-композитор Әл-Фараби Бекарысұлы қазылық жасады.
Аспапта орындау шеберлігі сынға түскен жарыста Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласынан келген Асылбек Тоқбергенов топ жарып, бас жүлдені бұйдаласа, бірінші орын Арал ауданынан Дәулет Сейілханға бұйырған. Екінші орынды Ғ.Мұратбаев ауылының үмітін арқалап келген Жанболат Өмірзақ алса, үшінші орынды қызылордалық Қуаныш Мырзабаева мен Ү.Түктібаев ауылынан қатысқан Асылан Темірханов иеленді. Сондай-ақ Алмаш Жүнісқұлова арнайы жүлдемен марапатталса, Бауыржан Ыбырайхан, Ернұр Қалабаев, Айбек Мәмбетов, Қасым Балымбетов, Бағдәулет Мақсұтқали түрлі бағамдармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Батырхан Нұрымбетовтің балалары мен туыстары, сыныптастары, достары, Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектеп ұжымы мен округтегі белсенді, кәсіпкер азаматтар атынан қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Назерке ДӘУЛЕТЖАНОВА














