Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірлік өнегесі өрісті адам

Өмірлік өнегесі өрісті адам

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты самғатып, өткенді ойға алғанда, жаныңа ұялайтын жылы естелік өмірі өнегемен өрілген азамат туралы толымды пікірді санаға қаттатады. Айналасына жылулық сыйлап, адалдықтың айнасы, кішіпейілдік, еңбекқорлықтың үлгісі болған Темірбек Матайұлы 80 жастың сеңгіріне тың жігер, жарқын көңіл, парасатты пайымы, тәрбиелі, берекелі ісімен келіп жатыр.
Ол қарапайымдылығы, сабырлылы, сөзге шешен, іске ұқыптылығымен елдің алғысына бөлене білді. Көп сөйлемей, көп шаруаны ширататын, әр ісін оймен, әр сөзін салмақпен айтатын, сұрағанға сабырлы кеңес беріп, қуанышты күнде бәрінің ортасында жарқырап жүретін оның қолының табы тиген іс берекелі, айтқан сөзі өнегелі.
Тимекең өсіп-өнген, сыйлы отбасынан шыққан.
Әкесі Матай мен анасы, менің Айша апам шаруа адамдары болса да, балаларының үкілі үміттеріне қанат бітіріп, еңселі ертеңіне елеңдеп, білім алуына сауатты көзқараспен қараған. Осы отбасында өсіп-өнген Мұстафа, Әмірхан, Темірбек, Өмірбектің барлығы да өмірден өз орындарын тапты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры болған Мұстафа Матаевты білмейтін жан кемде-кем. Ізденісті жұмыстары арқылы оқу-тәрбие ісін ілгерілеткен ғалым 60-қа жуық ғылыми еңбегі, сондай-ақ бірнеше философиялық кітаптарын жарыққа шығарды. Қырлы қызмет барысында ол құқық ғылымдары саласында кадрлар дайындау, криминалистика лабораториясын негіздеу, «Жас заңгер» ғылыми-шығармашылық үйірмесін қалыптастыру секілді маңызды жұмыстарды атқарып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Темірбек ағамыз 960 жылы Қызылорда қаласына ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, мамандық алады. Оқуын бітіріп еңбек жолын құрылыста өндіріс шебері болып бастаған жас маман ұзамай тындырымдылығы, тәртіпті жаны сүйген жауаптылығы арқасында құрылыс жетекшісі болады. Кішіпейіл, еңбексүйгіш әрі айналасындағыларға үлгі бола білетін адам әрдайым әділ сөзін айтып, көпті сүсіндіреді. Қара қылды қақ жарып, басына қандай қиындық туса да ұстанымынан айнымай, өзіндік көзқарасы мен қайсар мінезі үнемі алға ұмтылдырады. Қызмет сатысында өрістеуіне де осы қасиеттерінің көмегі тигені сөзсіз. Мұнан кейін «Қызылорда строй» тресінде Комсомол комитетінің хатшысы, «ПМК-15» мекемесінде шебер, прораб, «ПМК-27» мекемесі басшысының орынбасары, құрылыс мекемелерінің басшысы қызметін абыроймен, мінсіз атқарады.
Қызметте көтерілу – үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Ол әрдайым өз ісінің маманы болумен қатар, жауаптылықты ел мен қоғам алдындағы парызы сезінеді. Өзі тізгінін ұстап отырған ұжымды ұйытып, талай тығырықта тосылмай, қиындықтан қисын табуға жетеледі. Қандай жағдайда да асықпай, ойланып сөйлейтін, әркімнің жағдайын түсініп, ақылын аямайтын бойындағы жанашырлығын әріптестері ұдайы айтады.
Еңбекті сүйген адам – өмірдің шын бағасын біледі. Мұндай адам бос сөзге емес, мағыналы іске ұмтылады, өз абыройын қалыптастырады. Темірбек Матайұлы үшін еңбек – тіршілік ету, бала-шаға бағу ғана емес, адамдық борыш, өмірлік ұстаным.
Болмысы маған “Еңбек етсең — еліңе де, өміріңе де береке кіреді” дегенді ұғымды ұқтырады. Тағы бір түйгенім, нағыз байлық – еңбектің қадірін білу. Еңбексүйгіш адам ешқашан жамандық көрмейді, себебі оның әрбір тамшы тері – ертеңге өнеге.
Адам баласының жүріп өткен бел-белестерінің бәрі де елеулі саналса керек. Әрбірінің өзіне тән ғұмыр жолдары, тіршілік баяны бар. Алайда еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен жетістіктер әркімде әр қилы. Сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісін Темірбек ағамыздан талай көрдік. Еңбек оны ер атандырды. Қажыр-қайратының арқасында талай абырой биігінен көрініп, ел сыйлаған, санасқан, мақтаулы мамандардың алдыңғы толқынынан табылды. Ұрпағына үлгі болды.
Ағамыздың өмірде де, қызметте де ешқашан жасып, мойымағанын көрген жоқпыз. Қай салаға салсаң да, суда жүзген балықтай, жан-жақты қабілетімен дараланып, табысты түйін көрсетті. Мұнысы өмірлік тәжірибесімен келсе керек.
Үлкендік жолы – ұлағат. Бейнеттің зейнетін көру, біле білгенге, үлкен мәртебе. Әзиза жеңгеміз екеуі өсіріп-тәрбиелеген Нұрлан, Зәуре, Айжан атты ұл-қыздарын салиқалы отбасының мүшесі, жауапты салада жақсы жетістігімен дараланып жүрген азаматтар.
Темірбек ағаның тағы бір қыры – жай сөйлей отырып, аз уақытта біраз тарихи мағлұматтарға қанықтыратын. Бұл кәсібилігінен бөлек тереңдігін ұғындырады.
Кемел жасқа абыроймен жетіп отырған Темірбек ағамыздың ел үшін, ұрпақ үшін әлі де берері көп. Мерейлі мезетте жүрекжарды лебізіміз көкейге өлең болып оралды.
Темірбек ағам – ардақты, асыл тұлға,
Өрлеген талай биік асу, қырға.
Сексеннің сеңгіріне аман жетіп,
Шаттықпенен тойласын ғасырың да.

Шыңдады қайыстырмай ел сынағы,
Күтеді алдан талай кең шың әлі.
Ұрпақтың ортасында сыйың артып
Абыройың асқақтай берсін әрі.
Әби ӘБДІРАХМАН,
«Зейнеп Ана» шаруа қожалығының басшысы,кәсіпкер
08 қараша 2025 ж. 138 0

Еңбегімен елге сыйлы

08 қараша 2025 ж. 148

Еңбекпен есейген ер

08 қараша 2025 ж. 120

ФОРУМ: кәсіп пен еңбек

08 қараша 2025 ж. 125

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930