Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен есейген ер

Еңбекпен есейген ер

Қазақ «Еңбек ер атандырады» дейді. Бұл сөздің өміршеңдігін дәлелдейтін тұлғалар біздің ауданда да аз емес. Солардың бірі – ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып келе жатқан Дәстен Ідір ағамыз. Еңбегімен елге танылған, туған жердің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бұл азаматтың өмір жолы – бір дәуірдің шежіресіндей.
Дәстен Ідір 1953 жылдың 5 қаңтарында Ғани Мұратбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ жердің қадірін, дәннің қасиетін сезініп өскен ол, бозбала шағында-ақ күріш алқабында тер төгіп, егіннің берекесін арттыруға атсалысты. 17 жасында еңбек майданына араласқан жас, аз жылда-ақ ісіне тиянақты, еліне қадірлі азамат ретінде танылды.
Жастықтың жігері мен еңбекке деген құлшыныстың арқасында ол небір қиын кезеңдерді артқа тастады. Кеңестік дәуірдің қатаң тәртібінде де мойымаған, қайта сол уақыттың талабына сай шыңдалған жан еді. Әскер қатарына шақырылғанда да тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Сержант, аға оператор, бөлімше командирі сияқты шендерге қол жеткізіп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.
Елге оралған соң, туған жердің топырағын тағы да еңбекпен түлетуді мақсат етті. Ол үшін ең таныс әрі қасиетті сала – күріш шаруашылығы болатын. Дәстен аға Шалқыма Молдабаев басқарған егіс бригадасында еңбек етіп, егіннен мол өнім алды. Әр маусым сайын гектарынан ырыс артып, еңбегі еленіп отырды. Осы тынымсыз тірлігі мен табанды еңбегі үшін ол жас та болса, ВЛКСМ Орталық Комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Еңбекқорлық пен ұйымдастырушылық қабілеті қатар ұштасқан Дәстен Ідір кейін бригадирлік қызметті атқарып, колхоздың бастауыш комсомол ұйымын басқарды. Сол жылдары ол тек егіннің емес, елдің де қамын ойлап, жастарды еңбекке баулыды. Ал 1980-жылдардың аяғында оның еңбегі еленіп, облыстық Кеңестің депутаты атанды. Халық сенімін арқалау – екінің бірінің маңдайына бұйырмайтын бақ. Бұл сенімге ол адал қызметімен жауап берді.
Кейіннен Дәстен аға Ғ.Мұратбаев ұжымшарында бас агроном қызметін атқарды. Ол басшылық еткен жылдары шаруашылық облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, озаттар қатарында аталды. Ал 2005-2016 жылдары «РЗА-Агро» серіктестігінде егіс бригадирі болып, зейнетке шыққанға дейін адал еңбектің нағыз үлгісін көрсетті. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмай, ауыл өміріне белсене араласты. Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде ел ішінде бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға, ауылдың әлеуметтік дамуына өз үлесін қосты.
Өмірлік серігі Зәуре Есенғалиевамен шаңырақ көтергеніне де жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Екеуі бір-біріне тірек, өмірлік серік бола білді. Төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсіріп, барлығының білім алуына күш салды. Бүгінде қыздары мен ұлы түрлі салада қызмет етіп, елдің игілігіне үлес қосуда.
Үлкені Гүлмира – Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында №19 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ал – Гүлжамал Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласында әкім аппаратында бас маман қызметін атқарып, қазіргі уақытта Еуразия Ұлттық университетінің магистрі. Ақмарал – Жезқазған қаласында мыс қорыту зауытында аға мастері. Кәмшат – Қызылорда қаласында жеке компанияда қызмет атқарып, қазіргі уақытта Атырау қаласында тұрады. Ұлы Ерасыл – «Ғ.Мұратбаев ауылдық округі әкімі аппаратында» әдіскер болып қызмет атқаруда.
Зәуре апай да ұзақ жылдар бойы ауылдық кеңесте, кәсіподақ комитетінде еңбек етіп, елдің ықыласына бөленген жан. Екеуінің өмірлік ұстанымы бір – «Еңбекте ғана береке бар». Осы қарапайым қағиданы олар ұрпақтарының жүрегіне сіңіріп өсірді.
Дәстен ағаның туған жерден табан аудармай адал еңбек етуі – шынайы ерлік. Биыл оның туып-өскен ауылына 70 жыл толып отыр, ал сол жылдар ішінде ауыл жаңарып, дамуына Дәстен аға 50 жылдан астам қажырлы еңбегімен үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта да ол елге қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа өнеге болып, ұлы ісін жалғастыруда.
Ғұмырын туған жерді түлетуге арнаған азаматтың шәкірттері де баршылық. Оның тәлімін алған көптеген жас бүгін еліміздің әр өңірінде еңбек етіп, ұстазының еңбегін құрметпен еске алады.
Еселі еңбегі үшін ардақты азамат әрдайым құрметке ие болды. Оның еңбегі ешқашан бағаланбай қалған емес. Аудан мен облыс басшылығынан алған мадақтамалары мен марапаттары сөзіміздің дәлелі. Одан да өзге жетістіктері жоқ емес. Ол 2015 жылдың қорытындысымен егін саласында «Жыл үздігі» атағын иеленді. Ал 2021 жылы Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» медалімен марапатталды.
Өнегелі өмір жолын қалыптастырып, жас ұрпаққа үлгі бола білген Дәстен Ідір еңбегімен биік шыңға шыққан майталман маман. Ал отбасында асқар тау әке, ақылшы ата. Ұрпағының Тәуелсіз елімізде өсіп-өнгенін бақытқа балаған кейіпкеріміз бүгінде мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігін шын жүректен тілеп, ел игілігі жолында аянбай қызмет етуді жалғастыруда. Осындай адал еңбегі мен ізгі жолы арқылы ол болашақ ұрпаққа жарқын үлгі болып қала бермек.
Арайлым ЖҮСІПОВА
08 қараша 2025 ж. 119 0

Еңбегімен елге сыйлы

08 қараша 2025 ж. 148

Еңбекпен есейген ер

08 қараша 2025 ж. 120

ФОРУМ: кәсіп пен еңбек

08 қараша 2025 ж. 125

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930