Азық-түлік арзанын іздесеңіз...
Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп барады. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап тұрудың өзі мұңға айналғандай. Баға бүйректен қысқан шақта оны тұрақтандыру үшін үкіметтегілер барын салуда. Алайда оның кейбірі нәтиже берсе, енді бірі кері әсерін беруде. Осы орайда Қазалы ауданының тұрғындарын қымбатшылықтан құтқаруға тырысып жатқан жалғыз дүкен «Светофор» супермаркеті болып тұр. Бүгін сол алып әрі арзан дүкен жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
Жалпы, тарихы әріректе жатқан дүкеннің негізін қалаушы ресейлік Шнейдер отбасының тумалары, Сергей мен Андрей есімді екі жігіт екен. Олар ең алғашқы супермаркет желісін 2009 жылы Ресейдің Красноярск қаласында ашқан деседі. Кейін кәсіптері дөңгелеп, қадамы қарыштап, бүгінде бүкіл ТМД елін жаулаған. Қазіргі таңда Қызылорда облысының Жалағаш, Қазалы және Арал ауданында бой көтеріп, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Оның бірі – қасиет қонған Қазалы ауданында ағымдағы жылдың 28-ші мамырында «Қазалы Керуен» ғимаратында тұрғындар игілігі үшін ашылды. Аумағы 1129 шаршы метрді алып жатқан жаңа дүкенде 3 мыңға жуық азық-түлік және басқа да тауарлар ассортименті сатылады. Сонымен қатар бұл жерде тұрмысқа қажетті заттар, балаларға арналған киімдер, ойыншықтар, сусындар және ыдыс-аяқтардың түр-түрін табуға болады.
Мұндағы ауызбіршілік пен жеделдікке мұрындық болып жүрген азамат дүкен басшысы Жанғали Нұржанов. Одан бөлек жергілікті жерден тағы 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Супермаркет қызметкерлері екі ауысым бойынша таңғы сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін қызмет етеді.
Бұл дүкендегі тауарлардың өзге сауда орындарына қарағанда бағасы әлдеқайда арзан. Оның сыры неде деген сауалға супермаркет басшысы былай жауап қатты.
– Иә, расымен көптеген сауда орындарынан арзанырақ. Себебі бізде дүкен тәртібінде әр аптаның 2-3 күнінде мониторингтік жұмыстар жасалады. Мәселен белгілі бір қызметкер базар, ірі сауда орындарын аралап, сондағы тауарлардың бағасын салыстырып, сараптама жасайды. Одан шығар нәтиже көп. Мәселен, қарапайым бір бөтелке ауыз су белгілі орындарда 200 теңге тұратын болса, ол «Светофор» дүкенінде 120 теңгеден сатылады. Тағы ыдыс жуғыш сұйықтықтар 800 теңге болар болса, ол мұнда 600 теңге тұрады. Яғни, мұндағы мақсат, кез келген дүкеннен арзан болу. Мейлі, 1 немесе 2 теңге пайда қалсын. Біз жергілікті тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етуге тырысамыз. Мұндағы тауарлар халыққа базардан әлдеқайда төмен бағамен сатылады. «Светофор» супермаркеті ұжымы тұрғындар игілігі үшін баға тұрақтылығын қадағалап, төмен деңгейде ұстауға оң ықпалын тигізуді мақсат етеміз, – дейді Жанғали Нұрғалиұлы.
Мұндай дүкеннің ашылғанын көп күткен, көршілес орналасқан көпқабатты үй тұрғындары да дән риза екендігін айтып өтті.
– Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, азық-түлік жалпы көптеген тауардың бағасы көтеріліп жатыр. Осы тұста бізді қуантып тұрғаны төмен бағадағы супер маркет. Мұнда барлық заттың дерлік бағасы өзге дүкендерден арзанырақ. Бұл да халық игілігі үшін ашылып жатқан нысандардың бірі. Алғысымыз шексіз, – дейді көпқабатты үй тұрғыны Айгүл Тойбазарова.
Серік АҚМЫРЗА