Халықаралық мектеп мәртебесі жаңа тәсілмен берілетін болады
Фото: ЖИ«Халықаралық мектеп мәртебесін беру Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін жетілдіру және оған халықаралық білім беруді кіріктіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында бастауыш және (немесе) негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім берудің кіріктірілген білім беретін оқу бағдарламаларын дербес әзірлеп, іске асыратын мектептердің қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады»,- делінген ақпаратта.
Халықаралық мектеп мәртебесін беру үшін мынадай талаптар қойылады:
- бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның болуы;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аттестациядан немесе аккредиттеуден өткендігі туралы қорытындысы;
- білім беру ұйымы әзірлеген және (немесе) Халықаралық бакалавриат ұйымында авторизациялаудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен кіріктірілген оқу бағдарламалары;
- соңғы үш оқу жылында мектеп түлектеріне халықаралық білім беру бағдарламаларын игеру нәтижелері бойынша табысталған сертификаттар немесе куәліктердің берілгенін растау;
- жұмыс оқу жоспарларында және білім беру бағдарламасында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келетін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «География» пәндерінің болуы;
- «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқу пәндері бойынша білім беру процесін мемлекеттік тілде ұйымдастыру;
- мектептегі негізгі жұмыс орны бойынша біліктілік санаты педагог-сарапшыдан төмен емес Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылатын педагогтердің үлесі кемінде 90 % болуы;
- бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында кемінде бес жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі бар шетелдік мамандардың, сондай-ақ біліктілігі халықаралық аккредиттеу ұйымдары, кәсіби қауымдастықтар немесе шет мемлекеттердің уәкілетті органдары берген және (немесе) мойындаған құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, лицензиялармен) расталған халықаралық емтихан алушылардың, жаттықтырушылар мен сарапшылардың болуы;
- тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарының Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан болуы;
- тәрбие процесін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 94 бұйрығымен бекітілген «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес оны халықаралық білім беру бағдарламаларына кіріктіру арқылы ұйымдастыру;
- мектептің тәрбие жұмысы жоспарына және қосымша білім беру қызметіне ұлттық мәдениет компоненттерін енгізу, соның ішінде домбыра тартуды, ұлттық спорт түрлерін үйрету бойынша сабақтар мен үйірмелер өткізу;
- білім беру мониторингі шеңберіндегі әкімшілік деректердің нысандарына сәйкес өзекті дерекқорлары бар ақпараттық жүйенің болуы, олардың нысандарға сәйкес келуі және оның «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпараттық жүйесіне интеграциялануы;
- оқушылар мен персоналдың өмірі мен денсаулығын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа, сондай-ақ халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымының қызметі бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымының материалдық-техникалық және ресурстық базасының халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес болуы.
Халықаралық мектеп мәртебесін алуға үміткер білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органға белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын нотариалды куәландырылған жарғы көшірмесін және ұйым басшысының қолымен, ұйымның мөрімен (бар болған жағдайда) куәландырылған құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінімді ұсыну қажет.
Келесі құжаттарды да бірге беру керек:
білім беру ұйымының оқу жетістіктері туралы анықтаманы (соңғы үш жылдағы білім алушылардың оқу жетістіктерінің нәтижелері, оның ішінде халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға және жарыстарға қатысуы туралы мәліметтер);
жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны туралы анықтаманы (негізгі мақсаттары, бақылау құралдары, білім сапасын мониторингілеу және қамтамасыз ету құралдары, сондай-ақ бар болған жағдайда TIMSS, PISA және басқа да халықаралық зерттеулерге қатысу нәтижелері туралы мәліметтер);
оқу-тәрбие процесін кадрлық, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ қаржыландыру көздері жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
Жұмыс органы құжаттар тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде олардың Талаптарға сәйкес толықтығын және (немесе) құжаттардың қолданылу мерзіміне сәйкестігін тексереді.
Ұсынылған мәртебеге сәйкестігін қарастыру үшін уәкілетті органның бұйрығымен білім беру ұйымдарының берген өтінімдерін қарау жөніндегі комиссия құрылады. Өтінімді қарау мерзімі – 30 жұмыс күні.
Ұсынылған материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия халықаралық мектеп мәртебесін беру не беруден бас тарту туралы қорытынды дайындайды, ол хаттамамен рәсімделеді. Хаттамаға Комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылады және қорытындымен келіспейтін Комиссия мүшелерінің ерекше пікірлері міндетті түрде көрсетіледі. Комиссияның қорытындысы отырысқа қатысқан мүшелердің көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Комиссияның оң қорытындысы бойынша уәкілетті орган 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына 5 (бес) жыл мерзімге халықаралық мектеп мәртебесін беру туралы бұйрық шығарады.
Екі немесе одан да көп білім беру ұйымдарының бірігуі, қосылуы, бөлінуі, бөлініп шығуы, қайта құрылуы кезінде жаңадан құрылған ұйым осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес белгіленген тәртіппен халықаралық мектеп мәртебесін алу рәсімінен қайта өтеді.
Бұйрық 2025 жылғы 17 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.










