Дәл диагноз – науқас саулығының кілті
Қазалы теміржол ауруханасының заманауи медициналық технологияларды игеріп, өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп жүрген жас мамандар жетерлік. Осындай талапты да, табанды мамандардың бірі – Қазалы теміржол ауруханасының радиолог дәрігері Кемали Фархад Қайратұлы. Ол жаңа буындағы «WDM i-Vision 1.5T MR System» және «NeuSoft 128 срезді КТ» аппаратының көмегімен жоғары сапалы диагностикалық қызмет көрсетуді жолға қойды. Жаңашылдыққа жаны құмар дәрігер кәсіби ізденісі мен адалдығы арқасында Қазалы медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Медицина саласында үздіксіз даму мен жаңашылдыққа ұмтылу – білікті маманның басты қағидаты.Фархад Қайратұлы Батыс Қазақстан медициналық университетіне оқуға түсіп, «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығын тәмамдады. Дәрігерлік қызметін төрт жыл бұрын Қазалы теміржол емханасында аймақтық дәрігер ретінде бастаған болатын. Оқу орнында алған білімінің нәтижесінде тұрғындардың алғашқы медициналық көмегін ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытты.
Маманның кәсіби өсуіне жол ашқан маңызды кезең – Қазалы теміржол ауруханасының директоры, білікті басшы Құбыл Ршымбетұлының ұсынысы болды. Ол жас дәрігердің әлеуетін байқап, радиология саласына оқыту туралы бастама көтеріп, қолдау көрсетті. Осылайша Фархад «Қазақ-Ресей медициналық университетінде» радиология мамандығы бойынша оқып, жаңа бағыттағы білім мен тәжірибені игерді. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап ол туған өңірінде, Қазалы теміржол ауруханасында радиолог дәрігер ретінде қызметін жалғастыруда.
Бүгінде аурухана заманауи медициналық құрылғылармен толық жабдықталған. Соның ішінде жоғары дәлдікті «NeuSoft 128» срезді компьютерлік томограф және ең соңғы үлгідегі «WDM i-Vision 1.5T MR System» (гелийсіз) магниттік-резонанстық томограф сынды құрылғылар жұмыс істейді.
2025 жылдың маусым айында іске қосылған «i-Vision 1.5T MR System» аппараты қазіргі таңда аймақ тұрғындарына жоғары сапалы диагностикалық қызмет көрсетудің негізгі тетігіне айналды. Бұл құрылғының артықшылықтары көп.
Атап айтқанда, зерттеулердің айқын және нақты нәтижесін береді. Барлық ағза мен буындарды, жұмсақ тіндерді контрасттық және контрастсыз түрде зерттеуге мүмкіндік жасайды.
МР-ангиография арқылы ми қан тамырларын анық көруге мүмкіндік бар. Эпирежим арқылы эпилепсияның себебін дәл анықтай алады. MRCP зерттеу әдісі арқылы өт жолдары мен ұйқы безін нақты диагностикалауға жағдай жасайды.
Ең басты ерекшелігі – түсіру уақытының қысқалығы. Өзге аппараттарға қарағанда, құрылғы 10-15 минут ішінде толық әрі сапалы зерттеу нәтижесін береді.
Фархад Қайратұлының айтуынша, жаңа технологиялар – науқастың уақытын үнемдеп ғана қоймай, дұрыс диагноз қоюдың дәлдігін арттырады. Радиолог дәрігер қазіргі таңда осы бағытта үздіксіз білімін жетілдіріп, заманауи цифрлық медицинаның мүмкіндіктерін өңірлік деңгейде кеңінен енгізіп келеді.
Білімі мен біліктілігін және ауруханадағы жоғары технологиялық аппараттардың мүмкіндіктерін пайдаланып, Қазалы ауданының тұрғындарына сапалы, жылдам және дәл диагностикалық көмек көрсетуге әркез дайын. Мақсаты – әрбір науқастың денсаулығын сақтауда және дұрыс диагноз қоюда радиологиялық зерттеулердің әлеуетін толық қолдану.
Қазалы Теміржол ауруханасының жаңа радиологы Фархад Кемали мен озық технологиялардың үйлесімі жергілікті тұрғындарға әлемдік стандарттарға сай, жоғары дәлдіктегі диагностикалық қызметтерді қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл – аудан халқының денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














