Алаяққа алданбаңыз әп сәтте…
XXI ғасыр – озық технологиялардың дамыған заманы. Ғылыми жетістік өрістеген сайын, теріс әркеттер де артуда. Бір сәттік қателік адамның жылдар бойғы еңбегін еш етіп, сенімі, өмірге деген көзқарасын күл-талқан етуде. Телефон, әлеуметтік желі арқылы алаяқтықтың құрбаны болу жағдайлары жиі ұшырасып тұр. Бұл «Аңқау елге – арамза молда ма?» әлде «Сақтықта қорлық жоқтың» формальдық көрінісі ме? Бірге аңдадық.Тегін теңге ойда ғана
Телефон шырылдап, арғы жағынан сенімді, жағымды, жылы дауыспен өзін банк қызметкері деп таныстырып немесе «премия ұтып алдыңыз» деген сынды хабарлама келсе, қуануға асықпаңыз. Сәттік босаңдық берекеңізді бұзып, бұғаттауға апармасын. Дәл осындай жағдайға тап болған азаматтардың базынасын тыңдадық.
«Алаяқтарға алданамын деп ешқашан ойланбаппын. Олар ашық түрде қорқытып немесе ақша талап етпей, керісінше, сыпайы, жылы сөйлейді, сендіреді екен. Қонақта отыр едім, телефоным шыр етті. Көтергенім сол еді: «Сіздің картаңыз бұғатталды, дереу растаңыз», – деген хабарлама алдым. Бір-екі күнде несиемді төлейтін күнім жақындап қалған еді. Кейде банк картасына қарамай, мерзімін өткізіп алатынбыз. Бар ойым кредитімді кешіктірмеу болды ма, тіпті ойлануға да уақыт қалмайды. Растағаным сол еді, бірнеше миллиондаған кредитке кірдім де кеттім. Ізденгеніммен, ол әлі нәтижесіз», – дейді Нұржамал.
«Көп адам мұндай жайттарды естігенде: «Мен ондайға сенбеймін», «мені алдай алмайды», «ақша туралы ешкімге айтпаймын» дегенді айтады. Алайда алаяқтар дәл осындай өзіне сенімді адамдарды көздейді. Өйткені ондай адамдар көбіне сақтықтан гөрі эмоцияға ерік береді», – деп бастады әңгімесін Әлімбек.
Жоғары қаржылық білімі бар азаматтың айтуынша, шетелдік белгілі бір компанияның өнімін тұрақты тұтынған. Бірнеше жыл пайдаланған соң, олар жеңілдік жасап, әр өнімге сыйлық беретін болған. Бір жолы осы компанияның ұтыс лотереясы ойнатылып, соған ақша аударған. Бірте-бірте өнім шығару өкілдерінен инвестиция салу туралы ұсыныс түскен. Одан бас тартқанында, бонус беріп, ынталандырып, жеке картадан ақша табу тәсілін үйреткен. Қазір отбасының бірнеше өкілі осы игілігін көрмеген қаржыны төлеуге мәжбүр болып отыр.
Сәттік сілтемеден соң «аһ ұрғанның» бірі Ахат.
«Туған күнінің қарсаңызда техникалық-тұрмыстық заттарын алып тұратын бірнеше сауда орнының ынталандыру сыйлығынан сый күтетініміз бар. Сондай күнде хабарлама келді. Ашып, едім, атауы, жарнамасы жер жарған бизнес орталығының логотипі қойылған чаттан екен. Бұған дейін бір-екі рет қызығушылық танытып, мәліметтерін қараған болатынмын. Тіркелгеніме және туған күніме орай бонус берітіндерін айтты. Иланып, тәуекел етіп едім, есімді жиғанда есепшотым бос, ақша жоқ, телефон сөнген болып шықты. Ал сыйлық ауызша берілді. Арғысын айтудың өзі оңай емес. Жақында бір танысым «мерекелік науқан» деген желеумен құрыққа түсіп, құрбан болған. Айтайын дегенім, алаяқтар тек ақшаны емес, адамның өзіне деген ішкі сенімін ұрлайды. Олар кез келген адамды өз-өзіне сенімсіз, қорқақ, күмәншіл етеді. Бір рет алданған адам кез-келген хабарламадан, қоңыраудан секем алады. Бұл – ең ауыр соққы. Ақшаны қайта табуға болады, ал сенімді қалпына келтіру қиын», – дейді Дидар.
Кейіпкерлеріміздің ортақ пікірі әлеуметтік желі, мобильді банктер алаяқтар алаңына айналғанын ұғындырып отыр.
Сіз жалғыз емессіз
«Бүгінде алаяқтарға алдану – ұят емес, қоғамдық дерт, ал оны жеңу үшін, мәселені ашық айту керек. Салдарынан қиындыққа тап болып, кесірінен өмірін қиюға ұласып жатқан жағдайлар да бар. Тақырып таныс болса, торығуға асықпаңыз, себебі сіз жалғыз емессіз», – дейді психолог Әсем Баймұратова.
Алаяқтардщың миссиясы – адамның эмоциясына әсер етіп, сенімін теріс пайдалану. Осы орайда тәжірибелі маман алаяқтармен күресудің жолдары жайлы керекті кеңестермен бөлісті.
«Эмоцияңызға бақылау орнатуды үйреніңіз. Әдетте бұл мақсаттағы адамдар қорқыныш, қызығушылық немесе ашкөздік сияқты сезімдерді арттырып, сізді асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Ондай хабарламаларға бірден жауап бермеңіз. Өзіңізге кем дегенде 10-15 минут ойлануға уақыт беріңіз. Терең тыныс алып, логикалық тұрғыдан тұжырым жасауға тырысыңыз. Ақпаратты ресми арналардан қайта тексеріңіз. Мәселен, банк нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Өздерін банк қызметкері, полиция, жақын адам, жеке компания өкілі ретінде көрсетіп, жалған бедел арқылы сенім ұялатуға ұмтылғанда, бұл адамның сіздің эмоцияңызды пайдаланып тұрмағанын анықтаңыз. Егер біреу тез шешім қабылдауға тынысса, ол алаяқтық екенін біліңіз.
Ал құрбан болсаңыз, ұялмаңыз, оны айналаңызбен ашық бөлісіңіз.
«Тегін», «жылдам пайда», сияқты «ерекше мүмкіндіктерді» санаңыздан өшіріңіз», – дейді.
Қазалы аудандық полиция бөлімінің өкілдері тұрғындарды алаяқтардан сақ және мұқият болуға шақырады. Криминалдық полиция бөлімшесі қызметкерлері бейтаныс нөмірлерден келген хабарламаларға жауап бермеу, күдікті сілтемелерді баспау, артық деректеріңді ешкімге айтпау сынды қарапайым үш қағида сақтықтың басты амалы екенін айтады.
Қазір банк те, полиция да тұрғындарға қоңырау шалып, код сұрамайды, картаны растауды өтінбейді. Сондықтан, сенім мен ескерту – ең мықты қалқан.
Жаза мен жауап
Бинес алпауыты Қытай Халық Республикасы 2022 жылы «Law on Combating Telecom and Online Fraud» атты заң қабылдандауға мәжбүр болған. Аталмыш құжат бойынша қашықтан, желі арқылы бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену «телеком және онлайн алаяқтық» деп анықталған. Ұйымдастырушы, жоспарлаушы, қатысушы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алаяқтық жасалған табыс жоқ болса да, ұсталса, 10-15 күнге әкімшілік қамауға алынып, заңсыз табыстың 1-10 есесіне дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, заңның трансшекаралық әрекеттерге де қолдану мүмкіндігі бар.
Онлайн алаяқтықтыққа АҚШ соты 20 жылға дейін түрме жазасын кеседі. Әрекет қаржы институтымен байланыстылығы анықталса немесе апат-дағдарыс кезеңінде жасалған болса, кесімді 30 жылға дейін ұзарту, 1000000 АҚШ долларына дейін айыппұл арқалатуы мүмкін.
Штаттардағы заң бойынша компьютерге рұқсатсыз кіру арқылы алаяқтық мақсатта ақпарат алу бірінші рет орын алса 1-5 жыл, қайта жасалса, 10 жылға дейін түрме жазасы белгіленеді.
Ұлыбританияда алаяқтық туралы жалпы заң 2006 жылы қабылданған. Онда алдау арқылы қызметтерді немесе мүлікті заңсыз алу, ақпаратты жасыру, немесе қызмет атқарушы лауазымы арқылы қиянат жасау сияқты әрекеттер қарастырылған. Біріккен Корольдікте онлайн-алаяқтық жағдайында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сонымен қатар, компьютерге заңсыз кіру, бағдарламалық құралдарды заңсыз пайдалану секілді қылмыстарда 14 жылға дейінгі жаза бар.
Францияда онлайн алаяқтыққа және технологиялық платформалар арқылы жасалған қылмыстарға қарсы шаралар күшейтілуде. 2023 жылдан бастап қабылданған «LOPMI Law» деп аталатын заң платформалардың заңсыз транзакцияларды жүзеге асыруға ықпал етуі жағдайында жоғары жауапкершілікке тартуға негіз.
Біздің елдегі онлайн алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді – ұлтараралық ынтымақтастықты арттыру, технологиялық компаниялардың жауапкершілігін жоғарылату екенін айтады заңгер Мерей Мұхан.
«Қазақстан Республикасында алаяқтық туралы арнайы заң болмағанымен, Қылмыстық кодекстің 190-бабында «Алаяқтық» туралы заңнамалық нормалар жайлы негізгі мәліметтер қарастырылған.
Баптың 1-бөлігінде:«Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлікке құқықты иемдену» деп көрсетілген. Қолданыстағы заң аясында әрекеттің сипатына және ауырлығына байланысты айыппұл, қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе айыру бар.
190-баптың 2-бөлігінің 4-тармағында интернет-алаяқтық үшін жауапкершілік қарастырылған Жақында аңа 232-1-бап арқылы «шот немесе карта, идентификациялық құралды үшінші тұлғаға беру» арқылы жасалған алаяқтық та қылмыстық жауапкершілікке енгізілді. Қазір дроперлерге қатысты заң талаптары да күшейген. Алда мұндай қылмысты құрықтау қиынға соқпайды деп ойлаймын», – дейді ол.
Санақ пен сынақ
«Zakon.kz» ақпарат арнасы 2025 жылы Қазақстанда 14 000-нан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелгенін айтады. «Кaztag.kz» таратқан мәлімет өткен жылы елімізде «телефон алаяқтары» тарапынан 8 000-нан астам қоңырау тіркелген десе, «qazinform.com» 2024 жылдың 12 айында Қазақстанда шамамен 65 миллион алаяқтық қоңырау блокталғанын хабарланған.
Бұл мәліметтерді Ішкі істер министрлігі де жоққа шығармайды. Министрлік сайтының деректеріне зер салсақ, 2025 жылдың бірінші жартысында, жалпы алаяқтық қылмыстары 9 936-нан 12 390-ға дейін өсіп, онлайн алаяқтық 25 процентке ұлғайған.
Бұл статистика қорғаныс орнына жүгініп, блокталған қоңыраулар санымен жарияланған мәлімет. Ал шағымданбай, өздерінше әрекет етіп жүргендер қаншама.
Алаяқтықтан қорғану тек қаржылық немесе құқықтық ғана емес, ең алдымен, психологиялық қауіпсіздік мәселесі екенін уақыт көрсетіп отыр. Мамандардың айтуынша, алаяқтықтың құрбаны болғанын біздің мемлекет тұрғындары ашық айтуға әлі де дайын емес. Бірақ үнсіздік жат пиғылдылар үшін тиімді тәсіл. Келесі құрбандық сіздің жақыныңыз болмауы үшін қоғамда үнсіз қалмау – қорғанудың негізгі жолы екендігін ұғынсаңыз.
Мирамкүл ШАМШАЕВА












