Үлкен қадам кішіден басталады
Лақалы ауылдық клубында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Әлем Book» бағыты аясында «Менің алғашқы кітабым» атты әдеби-шығармашылық кеш өтті. «Зейін» оқырмандар клубының қатысуымен шығармашыл өскіндердің туындыларын насихаттауға арналған кеште балалар төл туындыларын тебірене оқыды.Тақырыптар да әралуан. Мазмұны ерек, форматы бөлек шара ұйымдастырған ауылдық клуб қызметкері Айнұр Әлімбаева. Идея авторы бұл ойға үйірмеге қатысуға қызығушылық танытқан оқушылар қатары күн санап өсіп келе жатқанын, олардың өзара бәсекеге түсіп, бір-бірінің шығармашылық қалыптасуына ықпалдасып жатқандығын жеткізді. Шараның негізгі мақсаты – жас қаламгерлердің шығармашылыққа сүйіспеншілік пен сенімді қалыптастыру, өз өлеңдерін көпшілік алдында оқу арқылы олардың әдебиетке, сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Олардың жүрек түкпірінен шыққан шынайы сезімдері мен таза ойлары тыңдаушының көңіл пернесін дөп басқан. Әр жыр, әр жол – бала қиялының көркем бейнесіндей әсер қалдырған. Көрермен қатарында отырған ата-аналар мен ауыл тұрғындары талаптарына жылы лебіздерін арнап, шабытты сөздерімен қанат бітірген. Балалардың шығармашылыққа деген ынтасын, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырған осындай ізгі пікірлер олардың жүрегінде мәңгілік сақталмақ. Бұл бастама – жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятып, ой еркіндігін дамытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болған. Ал жүрегін өлеңге арнаған бала – болашақтың үміті, ел руханиятының жалғасы екендігін айтады ұйымдастырушы. Бұған дейін өзге авторлар шығармаларын талдауды әдетке айналдырған үйірме мүшелері бұл сәт өздеріне жақсы әсер қалғанын жасырмады. Айнұр Мейрамбайқызы балалардың тырнақалды туындыларын бір жинаққа біріктіріп, «Менің алғашқы кітабым» атты кітапшаның жарық көруіне ұйытқы болған. Бұл күні жас авторлар өздерінің «алғашқы кітаптарына» қолтаңба қалдырып, бұл сәтті ерекше естелікке айналдырған. Бабаларымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген. Талай саңлақтар түлеген топырақта туған бұл буын да өнер өлкесіне өз үлестерін қосары анық. Үлкен қадам кішіден басталады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














