Сыр шайырының салтанаты
Биыл Сыр елінің руханият әлеміндегі шоқтығы биік тұлғалардың бірі, жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі, шайыр Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай Қазалы ауданында ұлт руханиятының ұлы перзентін ұлықтауға арналған мәдени-көпшілік және ғылыми-танымдық іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды.Екі күнге созылған мерейтойдың алғашқы күнінде Ерімбет шайырдың ұрпақтарының қолдауымен және «Жанқожа батыр» мешітінің ұйымдастыруымен аудан мешіттері жамағаттарының арасында «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. Қой көтеру, садақ ату, ләңгі тебу, тир ату және арқан тарту сияқты ұлттық ойындардан өткен тартысты жарыста жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жарыстың қорытындысында қатысушыларға ақ дастархан жайылып, ауданның бас имамы Нұрдәулет Асқарұлы уағыз-насихат айтып, жамағатты бірлік пен татулыққа үндеді. Сонымен қатар шараға көрші Арал ауданынан арнайы келген жамағаттар да қатысып, ризашылықтарын білдірді.
Мерейтойдың келесі күні аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен арнайы келген қонақтар Қазалы қаласындағы Қарасақал Ерімбет ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына Құран бағыштады. Қонақтар кейін Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне барып, естелік суретке түсті.
Шайырдың 175 жылдығына арналған негізгі мәдени шаралар Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында жалғасты. Мұнда республикалық ғылыми-танымдық конференция өтіп, Ерімбет Көлдейбекұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ «Ұлағат жырым – ұрпаққа» атты республикалық жыраулар фестивалі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен Астана, Алматы, Қызылорда қалалары мен Маңғыстау, Қармақшы, Арал және Қазалы өңірлерінен келген жыршы-жыраулар баба мұрасын дәріптеп, өнер сайысына түсті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов қатысушыларға табыс тілеп, Ерімбет шайырдың қазақ руханиятындағы орнын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз бен қазақ өнері дүние жүзіне танылып жатыр» деген болатын.
Расында да қазақтың мәдениеті, өнері ұлттың рухани тірегі, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Қазақ өнерінің ішіндегі жыраулық дәстүр төл әдебиетіміздің бастау бұлағы, руханиятымыздың асыл мұрасы, баға жетпес рухани қазынасы.

Қазақтың жыраулық өнерінде есімдері алтын әріппен жазылған негізгі тарихи тұлғалар Қорқыт ата, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Бұқар жырау және Шал ақын мен Үмбетей сынды жыраулардың шығармалары арқылы, халқымыздың тарихи жолын, елдік рухын, дүниетанымын терең ұғынып келдік. Сыр сүлейі атанған Қарасақал Көлдейбекұлы жыраулық дәстүрде ерекше есімдері қалған тарихи тұлғалардың жалғасы. Осы мерейлі сәтте Сыр сүлейі Қарасақал Көлдейбекұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, ұлт руханиятына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Жыршылар байқауы екі кезеңде өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар Ерімбет шайырдың термелері мен толғауларынан үзінді орындаса, екінші кезеңде оның эпикалық дастандарынан жыр жолдарын шырқады.
Жыршы-жыраулар байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Жәнібек Жақсан жеңіп алды. Оның жерлесі Марат Сүгірбай бірінші орынды қанжығалады. Алматыдан келген Ұлдана Нұртуған мен аралдық Гүлжамал Бейісова екінші орынды иемденді. Ал үшінші орынды Астанадан келген Сырсұңқар Базарбайұлы мен қармақшылық Талант Балтабай және қазалылық Айдос Тұрар қанағат тұтты.
Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы Сыр сүлейлерінің алтын арқауын жалғаған, ұлттық поэзияның көркемдік қазынасын байытқан дара тұлға. Оның терме-толғаулары мен айтыстары, дастандары елдік пен ерлікті, ынтымақ пен имандылықты дәріптеген асыл мұра.
Бұл мерейтой – тек бір ақынның ғана емес, күллі Сыр өнерінің салтанаты. Шайырдың өнегелі өмірі мен өшпес мұрасын ұлықтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Оның шығармашылығы жастарға тағылым, елге рух, болашаққа бағдар береді.
Ерімбет Көлдейбекұлының 175 жылдығы – ұлттық сананы күшейтіп, жас буынға рухани құндылықтарды сіңіру жолындағы маңызды қадам. Осындай мерейлі шаралар арқылы халқымыздың жыраулық өнері мен сөз қастерін дәріптеу ұлт руханиятының мәңгілік темірқазығы болмақ.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ














