«Бизнес-кеңесші» кәсібіне жол ашты
Бүгінде Нағи Ілиясов ауылы көркімен ғана емес, кәсіпкерлік саласындағы жұмысымен де көпке үлгі болуда. Ауылда кәсіпке ден қойып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатары күн өткен сайын артуда. Ауылда екі мыңнан астам адам тұрады. Ауыл әкімі Сағдат Нұрмағамбетов 42 кәсіпкерлік субъектісінің тіркеліп, бүгінде 32-сі белсенді жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Осы жылдың өзінде 8 азамат ресми кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жасап жатыр екен. Сағдат Нұрмағамбетов Кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-кеңесші», «Бастау» оқу курстарының ауыл азаматтарына іс бастауға айтарлықтай көмек болып отырғандығын да айтты.
«Бизнес-кеңесші» курсын оқып, іс бастаған азаматтардың бірі Арысбек Байназаров. Ол Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бизнес-кеңесші» жобасына қатысады. Бизнес сауаттылығын арттырған Арысбек бизнес-жоспарын жасап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн.теңге несие алады. Жастайынан малдың жайын жақсы білетін ол мал бордақылаумен айналысуды жөн санайды.
«Жұмыс істеймін, шаруашылықпен айналысамын деген адамға жақсы көмек көрсетіліп жатыр қазір. Бұрын мұндай жұмыспен айналыспай тұрып ойлайтынмын, жеңілдетілген несие алып, іс бастап қиын деп. Кәсіпті қолға алғаннан бастап ауыл әкімінен бастап салаға қатысы бар барлық мамандар, соның ішінде Кәсіпкерлер палатасының мамандары құжаттарды жинақтауға, қаржыландыру барысына дейін көмектесті. Алғысым шексіз. Алдағы уақытта мал басын көбейтсем деген жоспарым бар», - дейді кәсіпкер Арысбек Байназаров.
Кәсіпкер несиеге алған қаражатына жылқы мен ірі қара малын сатып алып, бүгінде кәсібін өрлетіп отыр. Отбасылық бизнес болғандықтан жұбайы Ақгүл екеуі малдың бабын бірігіп жасайды. Ақгүл биені де, сиырды да сауып, ұқсатып отыр. Берекелі отбасының дастарханынан әрдайым құрт, май, айран, қымыз үзілмейді. Ал артылғанын ауыл тұрғындарына сатып, қалаға өткізеді. Бастапқыда жем-шөптен қиналамыз ба деп жүрексінген кәсіпкер ауыл тұрғындарына «Абзал және К» серіктестігінің арзан бағада, кейде тегін жем-шөп беретіні көмек болғанын айтып отыр. Кәсіп иесінің ендігі мақсаты мал басын көбейтіп, жыл бойы сауынмен айналысу және бірнеше адамды жұмыспен қамту.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі