Көкшетауда екпе салынған 1 жасар сәби сол күні шетінеп кетті
Қаладағы орталық емханаға жоспарлы егу шарасына шақырылған кішкентай Есмалинаға түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бірден 3 бірдей вакцина жасалған. Үйіне келген соң да ойнап, көңілді отырған бала түнге қарай жағдайы нашарлап, жедел жәрдем келгенше жан тапсырыпты. Сәбидің анасы қызының бұған дейін ешқандай сырқаты болмағанын айтады. Ол бәленің бәрі емханада берілген екпеден келді деп құзырлы органдарға шағым түсірді.
Қазір ата-аналар балаларына биыл дендеп кеткен қызылшаға қарсы жаппай екпе жасатуда. Сонымен қатар жүйке жүйесін түрлі қоздырғыштардан сақтандыру мен өкпе қабынуының алдын алуда жоспарлы профилактикалық шаралар өткізіп жатыр екен. 1 жасар Есмалинаның анасына да учаске дәрігері қайта-қайта шақыру жасап емханаға алғызған.
Тұңғыш қызы – Есмалинаны анасы мен әжесі емханаға алып келген. Дене қызуы да, денсаулығында басқа да ауытқу болмапты. Жол бойы ойнап көңілді келген сәбиге бірден 3 түрлі жұқпалы дертке қарсы егу жасалатынын дәрігер ескерткен. Бірақ «қызыма алдын ала екпеден сынама жасалмады. Тіпті ешқандай ақыл-кеңес те айтқан жоқ» - дейді қара жамылған анасы.
Анастасия Маркович, анасы:
- Үйге келдік. Тамақ іштік. Қызым жүгіріп ойнады. Тіпті, ешқандай ауырсынған белгі болған жоқ. Кешкісін қызымды қойныма алып жатып, екеуміз ұйықтап кетіппіз. Түнгі 1 шамасында тұрып дәретханаға шықтым. Келіп баланы жастығына жатқызайын десем, ерні көгерген, қан білінді. Ештеңе сезбейді.
Төсегінде былқ-сылқ жатқан баласын көріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Қала сыртындағы ықшамауданда шағын үй жалдап тұратын отбасына медициналық көмек келгенше сәби шетінеп кеткен. Туысқандары баланың өлімін екпемен байланыстырады. Қазір іс жан-жақты тексеріліп жатыр.
Айнагүл Мусина, Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл сәбиге екпе жоспарлы түрде жасалған. Егу жасалмас бұрын оны дәрігер қарап шыққан. Емхананың процедуралық кабинеті, мейірбике түгел тексерілді. Барлығы санитарлық ережеге сай болды. Вакцинаның сақталуы да дұрыс. Баланың неден қайтыс болғанын енді сот-медициналық сараптама анықтайды.
Мамандардың айтуынша, өткен жылы бұл екпе 2500 балаға жасалған. Олардың біреуінде де қарсы реакция болмапты. Ал Есмалинаның нақты неден шетінеп кеткенін алдын ала дөп басып айту әзірге қиын дейді олар.