Алтын құрсақты ана
Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Өмірге сәби әкеліп ғана қоймай, оған тағылымды тәлім беріп, мейірім-махаббатын төгеді. Бойына жақсы қасиеттерді дарытып, ел мүддесі үшін аянып қалмайтын ұрпақ тәрбиелейді. Бұл қазақ ел болғалы бері ақ жаулықты аналарымыздан келе жатқан үрдіс десек артық айқанымыз емес. Осы ізді жалғап, он баланы дүниеге әкеліп, оларға үлгілі тәрбие беріп отырған алтын құрсақты ананың бірі Қазалы ауданына қарасты Майдакөл ауылында тұрады.
5 ұл, 5 қыз баланы теңдей етіп дүниеге әкелген Айбарша Құрманбайқызы бүгін жасы жетпіске жеткен батыр ана. Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында туылған ол әкесінен жастайынан айырылады. Сол кездегі 8 жылдық мектепті жақсы нәтижемен бітіріп, 1968 жылы күйеуі Темірбек Сыражановқа тұрмысқа шыққан. Кейінірек ата қонысы Майдакөл ауылына көшіп келеді. Мұнда күйеуі совхоз шаруашылығында бригадирлік қызметте істеген. Ал жас Айбарша жұбайының қарамағында қауын-қарбыз, көкөніс егіп, еңбек етеді. Тұңғыш ұлы Бақыт дүние есігін ашқан күннен бастап үй шаруасы мен балаларға қараудан уақыты артылмайтын болған.
– Күйеуімнің бригадасынан басқа жерде жұмыс істеген емеспін. Заман ауыр болғанына қарамастан қатар-қатарынан сәби сүйдік. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген көрегенді сөз бар емес пе?! Мен болашақ азаматтардың тәрбиесімен айналысып үйде отырғанымда, шалым азықтан тарықтырмады. Керек-жарақтарымызбен қамтамасыз етіп отырды, – деп әжей өткенді есіне алды.
Қыздарының үлкені 44 жаста, есімі Жанаркүл. Бұдан бөлек Анаркүл, Айдынкүл, Салтанат, Раушан атты қыздарды дүниеге әкелген. Ал үлкен ұлы Бақыт қырық тоғыздан асқан. Бауыржан, Ағын, Дастан, Кенжебек атты бауырлары бар. Айбарша әже осы он баладан 39 немере сүйген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып үлгерген әжей қазақ елінің түкпір-түкіпіріне тараған ұрпақтары атаулы мереке күндері қара шаңыраққа жиналып тұратынын айтады. Кейде немерелерінің есімдерін есіне түсіре алмайтын кездері де болатын көрінеді. Олардың алды бүгінде тұрмыс құрып, әжейге екі шөбере көрсеткен.
Тағдырдың жазуымен 2006 жылы Айбарша әжейдің шалы дүние салады. Қазір Бақыт пен Дастан атты ұлдар шаңыраққа ие болып отыр. Дастаны балық аулау арқылы отбасына нәпақасын тауып жүр. Қариялық өміріне түрлі-түсті бояу беріп отырған кішкентай немерелері екен.
– Таңның атысы мен кештің батысы осы балапандарыммен-ақ қолым босамайды. Олардың қажеттіліктеріне қарап, мектепке даярлығын қамтамасыз ету маған қуаныш сыйлайды. Тәрбие беруден де аянып жүрмегенім анық. Отбасының ұйытқысы болып, он баланы дүниеге әкелгеннен кейін жетпіс жылдық ғұмырымды текке өткіздім деуге хақым жоқ. Шүкір, бақыттымын, – дейді Айбарша ана.
Заманның салтанатына сай мансапқа жету жолында қазіргі нәзікжандылар құрсақ көтеруге құмартпайтыны жасырын емес. Одан бөлек бір баладан тоқтап, мүсінін сақтағыш қеліншектер де қазір ерекше көбейіп барады. Алайда, тарыдан артық тамақ болмаған заманда да Айбарша әжей дүниеге ондап сәби әкелді. Жас келіншектер елдігіміздің келешегін ойлап, осындай алтын құрсақты аналардан үлгі алса екен дейміз. Әйтпесе, заман ол кездегідей қиын емес қой.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ