Балаларын байлығына балаған
Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған Жазира көктемнің алғашқы күнінде тоғызыншы перзентін бауырына алды.
Қазір Әйтеке би кентінің тұрғындары Нұрлыбек Күншығаров пен Жазира Садықованың отбасында алтын асықтай үш ұл мен ақылына көркі сай алты қыз өсіп келеді. Ұрпақтарын байлығына балаған әке мен ананың көп балалы отбасы болу армандары болатын. Міне, шүкір тоғызыншы перзентіне де жарық дүние сыйлады.
Балалардың үлкені Бекзат Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде «Электрик» мамандығын меңгеруде. Ал, Аякөз Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің колледжінде «Мейірбике» мамандығы бойынша білім алуда. Одан кейінгілері мектепте, балабақшада тәрбиеленуде. Әкелері Нұрлыбек Темірбекұлы «Жылу – XXI» ЖШС мекемесінде жұмыс істейді. Ал аналары Жазира үй шаруасында. Бір-бірімен тетелес өсіп келе жатқан ұл-қыздардың тәртібі мен сабағы өте жақсы. Мектепте 4 пен 5-ке оқиды.
«Отбасымызда көп балалы болғаны жақсы. Қыздар анамызға көмектесеміз. Осы күнгі үйдегі үлкен қыз болған соң, бауырларыма қарайлаймын. Сабақтарын оқытып, тамақтарын беремін. Әжеміз қайтыс болғанша бірге тұрдық. Анам көп нәрсені әжем Бақтыбикеден үйренді. Ол кісі де көп баланы өмірге әкелген ардақты ана. Мен және бауырларымның мақсаты – сабағымызды жақсы оқып, ата-анамыздың үмітін ақтау», – дейді №170 мектептің 8 сыныбында оқитын Айдана Нұрлыбекқызы.
Тоғызыншы перзентін облыс орталығындағы перзентханада дүниеге әкеліп жатқан Жазирамен жүздесіп, бетпе-бет сөйлеспесек те, телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. «Алланың берген баласын көпсінбейміз. Әр баланың өзінің несібесі, бағы бар. Өз анам да, күйеуімнің анасы да өмірге көп бала әкелген алтын құрсақты аналар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, жапырағын жайған алып бәйтеректей болды. Бізге де асыл аналарымыздың жолын берсе», – дейді ол.
Көп балалы жас ананың тілегі қабыл, бақытына балаған балаларының болашағы жарқын болғай.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.
Фото: Ғалымжан АЛДАМЖАРОВ.