Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шөпшектердің қолынан су ішкен

Шөпшектердің қолынан су ішкен

Дүниеге он бала әкеліп, Батыр ана атанған Үрзада Талқанбаева Бозкөл ауылында тұрады. Жасы 98-ге таяп қалған кейуана өмірдің ащысын да, тұщысын да қатар татқан. Өмірдің ешбір қиыншылығына мойымай, дүниеге ұрпақ әкелуді бақыт деп санаған жан еңбекқорлығымен де ел ішінде мақтаулы келін атанған.
Үрзада Талқанбаева 1920 жылы қауын піскен шақта Басықара ауылының маңындағы Томай деген жерде дүниеге келген. Жасынан Бақберген Талқанбаевқа тұрмысқа шығып, өсіп-өнген әулетке келін болады. Атасы мен енесі ауыл-аймаққа сыйлы адамдар еді. Үрзада мен Бақберген отау құрғаннан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, күйеуі бауырларымен бірге майданға алынады.
«Көп жасаған қария – сарқылмайтын дария». Үрзада әжей кезінде заман зарын көп тартты. Ұжымдастыру, сұрапыл соғыстағы қиын-қыстау кезеңнің бәрі – қос ғасыр куәгерінің көз алдында. Соғыс жылдары тылдағы еңбек майданына белбуа араласты. Масақ теріп, күріш ақтады. Қазіргі бейбіт өмірге кейуананың көңілі тоқ.
Әрдайым ұрпағының амандығын, еліміздің тыныштығын тілеп отыратын әжейден ұзақ өмір сүрудің сырын сұрадық. Сонда ол ғасырға жуық ғұмыр кешуінің бірден-бір себебі еңбектің арқасы екенін жеткізді. Ес білгелі әр күнін босқа өткізбеген. Қолмен атқарылатын шаруаларды еңсере істеп, қимыл қозғалысына көп мән берген.
Үрзада апа 3 ұл, 7 қыз өсіріп, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Бақберген Талқанбайұлы екеуі олардың барлығының жоғары бiлiм алуына жағдай жасайды. Балалары да ата-ана үмітін ақтап, өмірден өз орындарын тапты. Оның бірі мектепте мұғалім болса, енді бірі адам жанының арашашысы. Нұрманы Қазалы ауданына әкім болып, туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Бүгінгі таңда Қызылорда облыстық статис¬тика басқармасының басшысы. Барлық келіндері де өнегелі отбасынан шыққан. Ал өзі Бозкөл ауылындағы кенже баласы, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырған Жамбылдың қамқорлығында.
– Біз ашаршылық пен соғыс зобалаңын көзбен көрдік. Сұрапыл басталғанда бір баламен ауылда қалдым. Ер-азамат қалмағандықтан, түздің жұмысы әйелдер мен шал-шауқанның мойнына артылды. Таңның атысы мен күннің батысына дейін шаруашылық тірлігін атқардық. Тойып тамақ ішу дегенді білмедік. Бүгінде берекелі заманда өмір сүріп отырмыз. Еліміз тыныш, мемлекетіміз бақуатты. Елбасымыздың әрбір ісіне көп болып қолдау білдірсек, тұрмысымыздың жақсара берері сөзсіз.
Әке-шеше алдымен ата-аналық парызы мен міндетін ұмытпағаны абзал. Әр баланың денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіс. Мен ұл-қыздарымнан 27 немере, 65 шөбере сүйдім. Бүгінде 6 шөпшектің қолынан су ішіп отырмын, – дейді Үрзада Нысанбайқызы.
Бір қызығы, жасы ғасырға жуықтап қалған кейуананың әулетінде ұзақ өмір сүргендер баршылық екен. Айта қалсақ, атасы Талқанбай Үркімбайұлы 98, өзінің құдай қосқан қосағы Бақберген де 88 жас жасапты. Әулеттің алып бәйтерегіне баланған Үрзада анамызға бала-шағаңыз¬дың ортасында аман-сау отыра беріңіз деген тілегімізді жеткіземіз.


Тумысынан халқымыздың барлық салт-дәстүрін бойына сіңірген Үрзада анамызды қазақтың ақжолтай аналарының көшін жалғастырушы деп бағалауға болады. Бұл өнегелі әулеттің өмір жолы мен істеген тірлігі жастарды мәнді де сәнді өмір сүруге шақырып тұрғандай.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
07 наурыз 2018 ж. 2 853 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 75

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930