Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана мен бала саулығының жанашыры

Ана мен бала саулығының жанашыры

Ұлт болашағы – ана мен бала саулығынан бас­талатыны белгілі. Осы ретте біздің ауданда да ұлт саулығын нығайтуды мақсат тұтып, ана мен бала денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дәрігерлер бар. Солардың бірі Қазалы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Айымгүл Ещанова десек артық айтқандық емес.
Ақтөбе облысында дүниеге келген Айымгүл Келмағамбетқызы дәрігер болу туралы шешімді бала күнінен қабылдады. Адамдарға неғұрлым пайдалы, өмірге жақын мамандық ретінде дәрігерлікті дұрыс көріп, Ақтөбедегі мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсті. Дәрігер болғанда да, әр күнгі еңбегі ана мен баланың денсаулығын қадағалайтын акушер-гинеколог болуды таңдады.
Кім-кімге болса да медицина мамандығына оқу оңай емес. Ең алдымен бүкіл сабақ тек ғана орыс тілінде жүретін, екіншіден бүгін оқығаныңды күні ертең оқытушы алдында қайталап тапсыруың керек-ті. Соның бәрі күн мен түнді ұрып, қолыңнан кітап-қағаз тастамай дайындықты қажет ететін. Студент Айымгүл намысқа тырысып, сол сынақтың бәрінен сүрінбей өтті. Ол алдағы күтіп тұрған өмір сыны – адамдарды аман сақтау қызметіне де ерекше құштарлықпен кірісті.
Оқуды тәмамдап, дипломын қолына алған жас маман алғашқы еңбек жолын осыдан жиырма бір жыл бұрын, яғни, 1997 жылы Қазалы аудандық ауруханасының балалар емханасында дәрігер акушер-гинеколог болып бастады. Осында жұмыс істеген екі жыл ішінде өмірге сәби әкелетін аналарға дәрігерлік кеңесін беріп, дүниеге дені сау ұрпақ келуіне, ананың халі қалыпты болуын қатаң қадағалады. Мұнан соң Қазалы кеңес беру орталығы мен перзентхананың жүкті әйелдер патологиясы бөлімінде акушер-гинеколог ретінде табан аудармастан он бес жыл еңбек етті. Бұл жылдар ішінде де аудандағы аналар мен балалардың денсаулығының жақсаруына, дені сау ұрпақтардың өсіп-жетілуіне үлесін қосты. Ал, 2014 жылдан бері аудандық ауруханаға қарасты перзентхананың бас дәрігері. Басшы болған жылдар ішінде өзінің бар білімі мен тәжірибесін жетілдіре түсті.
– Білікті де білімді дәрігерлермен қамтылған перзентхана ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Соның бір дәлелі – ауданда соңғы жылдары бала туу көрсеткіші бірқалыпты болып, бес жыл көлемінде бірде-бір ана өлімі тіркелген емес.
Біздің заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа ғимаратқа көшуіміз жаңаша жұмыс жасауымызға бетбұрыс жасады. Атап айтар болсақ, перзентхана “Цифрлы Қазақстан” және “Даму мед” бағдарламалары арқылы жұмыс істеуде. “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы арқылы жаңа босанған аналар балалардың туу туралы куәлігін бір күнде қолына алып, өздеріне тағайындалатын бір жолғы жәрмемақыға құжаттарын дайындайды. Ал, “Даму мед” бағдарламасымен үйде отырып-ақ, дәрігерлердің қаралауына жазылуға немесе оларды үйге шақыруға мүмкіндік туды, – дейді Айымгүл Келмағамбетқызы.
Бүгінгі таңда бірінші санатты дәрігер акушер-гинеколог өзінің адал еңбегі үшін Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының “Құрмет” грамотасын, облыс, аудан әкімінің және “Нұр Отан” партиясы филиалының «Алғыс хатын» иеленген.
Отбасында жұбайы Ғалымбек Баймаханов екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы да халықтың денсаулығын сақтау жолында еңбек етіп жүрген азамат. Қазіргі таңда Ғалымбек Құрманбайұлы Қазалы аудандық емханасының меңгерушісі.
Әрбір нәрестенің ел болашағына үлес қосар азамат боларын естен шығармайтын А.Келмағамбетқызы 20 жылдан аса уақыт бойы ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Өйткені «Мемлекеттің басты байлығы – адам» екенін жақсы түсінетін ақ халатты абзал жан өзіне жүктелген жауапкершіліктің зор екенін жақсы түсінеді.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
15 маусым 2018 ж. 2 830 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031