Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама

Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама

Кез келген дамыған елдің басты құндылығы адам болса, оның болашағы – бала. Мұны әуелден ұққан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жасаған Жолдауында ұрпақ қамын ойлаған – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бастамасын көтерген еді. Бүгінде сол тұста көңілі бірлеген жұртқа уәде еткен уақытта таяп, сарапшылар саралап, мамандар мардымды жұмыс жасап, бала болашағына бағыт берер бағдарлама іске кірісуге дайын. Осы орайда «Кәмелетке толмаған баласы бар ата-аналар енді не істеу керек?», «Арнайы шот аштыру қажет пе?» деген сынды және өзге де сауалдар барша ата-аналарды мазалап отырғаны рас. Ендеше жауап беріп көрелік.
Бағдарлама қалай жүзеге асады?
Алдымен аталмыш бағдарламаға толыққанды тоқталып өтсек. Елімізде 1 қаңтардан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Ал 1 ақпаннан бастап алғашқы қаражат аударылады. Қордың инвестициялық табысының 50 проценті 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға теңдей бөлінеді. Кәмелетке толған жас қаражатты білім алуға немесе баспанамәселесін шешуге жұмсай алады.
18-ге толмаған баласы үшін ата-аналарға «еGov» порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ. Яғни, тиісті шоттар автоматты түрде бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорымен ашылатын болады. Белгілі жасқа жеткен балалар арнайы шотты уәкілетті операторларда ашу керек. Одан кейін электронды портал желісінде тиісті өтінімді береді.
Сол өтініш арқылы зейнетақы қорында жинақталған қаражат оның арнайы шотына аударылады. Ал бұл қордағы қаражатты пайдаланудың екі ғана тәсілі бар. Оның алғашқысы – баланың білім алуына болса, екіншісі баспаналы болу мақсаты.Сонымент қатар шетелде білім алам десе ақшаны пайдалануға шектеу қойылмайды. Бірақ үй сатып алу тек ел ішінде ғана рұқсат етіледі.
– Ата-аналар шотқа ақша түскен-түспегенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсе жеткілікті. Ал бірнеше жылға түскен қаражатты көру үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек. Ұлттық қордан бөлінетін қаражат шотта АҚШ долларымен сақталады. Сәйкесінше, кәмелетке толғанда жасөспірімнің шотына сол сәттегі бағам бойынша теңгемен аударылады.
Шоттағы ақша 10 жыл ішінде пайдаланылмаса, оны жасөспірім өзінің зейнетақы қорына аударуына болады. Айта кетейік, қаражатты 18 жасқа толмай алуға тыйым салынған, – дейді мамандар.
Қанша қаражат және қалай бөлінеді?
Өткен жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы елге жария етілгеннен бастап сарапшылар өлшеп-кесіп, Ұлттық қордың жылдық актвитерінің көлемін есептей отыра бала басына шаққанда қанша мың теңге алатынын анықтаған. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, осы жылдың шілде айының қорытындысына сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 53 миллиард долларды құраған. Сонымен қатар Президенттің алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында белгіленген Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту, қорды сапалы басқаруды қамтамасыз ету, оның сақталуы және лайықты инвестициялық табыс көзделіп отырғанын жеткізді.
Экономистердің басым бөлігі Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл сайын қандай болатынын нақты айту қиын екендігін жеткізеді. Оған валюта бағамы, мұнай бағасы, акциялар құны және басқа көрсеткіштер себеп болады. Мәселен, Ұлттық Банктің дерегі бойынша, 2021 жылы инвестициялық табыс 4,2 млрд доллардан асты. 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, 17 жасқа дейінгі балалар саны 6 325 950 адамды құраған. Сарапшылардың есептеуі бойынша, балалар 18 жасқа толғанда жеке шотына шамамен 3-3,5 мың доллар жинақталатын болады екен.
Алайда мамандар 18 жылда балаға 3 жарым мың доллар жинақталады деген ақпаратты жоққа шығарды. Қаражат одан да көп болуы мүмкін. Жалпы жинақтың көлеміне Ұлттық қордың әлеуеті, балалар саны да әсер етеді. Шотта жинақталатын қаражатқа қосымша инвестициялық табыс та есептеледі. Қаражат 18 жыл бойы Ұлттық қорда сақталады. Оны Ұлттық банк басқарады.
Белгілі экономист Мақсат Халық «Nege.kz» ақпараттық-сараптамалық порталында берген пікірінде әр балаға жылына 500-1000 доллардан аударуға болатынын айтқан.
– Бәрібір Араб елдеріндегідей болмайды. Мұны біз қазірден-ақ түсініп отырмыз. Себебі, түсетін қаражаттың көлемі өте төмен. Біріншіден, бұл Ұлттық қордың аз мөлшерде болуымен байланысты.
Екіншіден, Қазақстанда инвестициялық кірістілік те аз. Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі жылына орташа есеппен шамамен 2 пайыз ғана. Бұл – өте төмен. Кей жылдарда 0 пайыз болып, ешқандай өсім болмаған. Маңызды мәселе – инвестициялық кірістілікті арттыру керек. Араб елдерінің, Норвегияның мысалдарына қарасақ, инвестициялық кірістілігі орташа 7 пайыз екен. Демек, әлі де болса мұны бізде де арттыру қажет. 2 пайыз кірістілікпен есептегенде, әр балаға 100-150 доллар түсетін болып тұр. Ал кіріс 6-7 пайыз болса, жылына жоқ дегенде 500 долларға дейін өседі.
Ұлттық қордағы қазіргі жинақталған қаражат 57 млрд доллар көлемінде. Бізге Ұлттық қордың кірістілігін арттырып, түсімдерін ұлғайту керек. Президенттің өзі жақында 2030 жылға дейін Ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу керек деп тапсырма берді. Меніңше, оны шетелге кетіп қалған активтерді қайтару арқылы одан да ерте уақытта жүзеге асыруға болады.
«Сыртқа кеткен активтер мемлекетке қайтарылады, әлеуметтік салаға жұмсалады» дейді. Алайда, түсініксіз қорларға аудартқаннан гөрі тікелей Ұлттық қорға аударған дұрыс. Сонда Ұлттық қордың көлемін де еселеп арттыра аламыз. Осындай қадамдарды жасасақ, әр балаға түсетін түсім де 500 доллар емес, тіпті 1 мың долларға дейін артуы мүмкін. Меніңше, біз 18 жасқа дейін бұл қаражаттың еселеніп жиналуына үлес қоса аламыз. Сондықтан Ұлттық қорды қадағалайтын Ұлттық банк болған соң, мұнда дәл осы салаға жауапты білікті мамандар болуы керек. Сол кезде ғана Ұлттық қордың өзі де, инвестициялық кірістілігі де артып, балаларға ең болмаса белгілі бір дәрежеде шығынын жаба алатын қор жинауға мүмкіндік туады, – дейді ол.
Өзге елдер тәжірибесі: Артықшылық пен кемшілік
Мұндай бағдарлама әлем бойынша тұңғыш рет емес, көптеген елдер тәжірибесінде бар. Оның қатарында мұнайдан молшылыққа кенелген – Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Ирландия және Сингапур сынды тағы бірқатар елдерде бар.
Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана Араб Әмірліктерінің азаматы бола алады. Бұл елдегі жалпы тұрғындар санының 20%-ын ғана құрайды. Сәйкесінше, оларға ерекше қаржылық артықшылықтар беріледі. Мәселен, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан процентсіз несие ала алады. Шамамен әрқайсысына 20 мың доллар. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15%-і бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі.
Кувейтте де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банкте шот ашылады. Оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыра алады.
Ирландия балаларға депозит түрінде ақша төлейді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді.
Байқасаңыз, әр елде, әр қалай қаражат бөлінген. Себебі бұл аталған елдердің экономикасына орай қойылған сомма. Әрине жоғарыда аталған елдермен Қазақстанның экономикалық жағдайын салыстыру қиынырақ. Алайда бүгінгідей адами капиталды дамытуға жасалған қадамдар алдағы уақытта ел болашағының зор боларын, алыптармен иық тіресер күннің алыс еместігін айқындап тұр десек болады.
 Жазатайым оқиға орын алса...
Арнайы шоты ашылып, қорда қомақты қаржысы бар балғын кәмелетке келемге дейін қайтыс болса қайтпек? Ешкім айтып келмес  апаттан, қауіптен сақтанбаған. Ол – бесіктегі бала ма, әлде еңкейген шалма, дәм-тұзы таусылған жанды құдіретті Хақ-Тағала бұлай бөліп  қарамайды. Осы ой аталмыш бағдарламаны құру барысында талай талқыға түсті. Алайда мамандар көпті ойландырған мәселенің оң шешімін тауып, ҚР қаржы вице-министрі БАҚ өкілдеріне жауабын берген еді.
– Мысал ретінде түсіндіре кетейін. Бала 5 жасында жазатайым қайтыс болды дейік. Онда оның ата-анасы, ағасы немесе апайы шотта бес жыл бойы мақсатты жинақталған қаражаттың заңды түрде иесі болып есептеледі. Бұл жерде баланың 18 жасын, яғни тағы 13 жыл күтудің қажеті жоқ. Қаражатты бірден алуларына болады, – ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Қорытындылай келе, болашақ ұрпаққа қалдыратын қаражат Ұлттық қордың меншігінде. Оның адам капиталына қызмет ету керек екенін қоғам талай мәрте көтерген болатын. Президент бастамасы соның нақты қадамы екенін атап өту керек. Алдағы кезеңдегі маңызды міндет – стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға баса назар аудара отырып, Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану болмақ.
Серік АҚМЫРЗА
05 қараша 2023 ж. 227 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930