«Ұлттық қор – балаларға»: Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама
Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Бұны әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді.
Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбірден соң, бұл бағдарламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық.
Президент ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы жақында жариялаған «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтты. Оның бұл бастамасы әділетті қоғамның орнауы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден басталады дейтін ойымен толық үйлесіп тұр. Ендеше, аталған бағдарлама жөнінде кеңінен сөз қозғамас бұрын Жолдаудан үзінді келтіргеніміз жөн болар.
«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.
Осынау жаңалыққа қанығып, қуанып қалған қауымды алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырды. Көпшіліктің сұрауымен сарапшылар өз есебі бойынша пікірін білдіріп бақты. Бұл ретте Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те арнайы жазба қалдырды.
«Президенттің бастамасымен Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», делінген оның жазбасында.
Шамалап көрсетілген бұл сома, яғни доллардың бүгінгі бағамымен есептегенде 1 млн 400 мыңнан аса теңгеден үміттеніп қалған біраз жұрттың ойлағанындай емес екені белгілі. Бірақ экономистер бұл жинақтың инвестициялық табыс есебінен арта түсуі мүмкін екенін де айтып жатыр. Осы орайда бірқатар сарапшыны сөзге тартып, пікірін білдік.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков «араб арманы» деген түсінік қалыптасқан осындай бағдарламаның біздің елімізде де жүзеге асырылатыны өте құптарлық қадам екенін айтты.
«Ұлы дала елінде кіндік қаны тамған әр балаға мұнай ғана емес, басқа да секторлардың табысынан қаржы бөлу Президенттің стратегиялық жағынан, ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды шешім болды. Бұл жерде енді ұлттық қор болғанда экспорттық сектордан, яғни мұнайдан түсетін табыс меңзеліп тұр. Мен Парсы шығанағындағы халықаралық конференцияға қатысқанымда, араб елдері мұнайды Алланың рақымшылығы, бізге бұйыртқан несібесі деп айтатынын байқадым. Тағы бірде Латын Америкасында болған экономикалық конференцияда Венесуэланың ғалымдарымен кездестім. Бұл елдің сарапшылары мұнайды ібілістің іріткісі, бәлесі деп біледі екен. Міне, мұнайға деген екі түрлі баға, кереғар екі көзқарас. Венесуэлада мұнай халыққа қақтығыс, қантөгіс, әлеуметтік қиын жағдайды алып келуге себеп болды, сондықтан бұл ресурс ол елде ырыстың емес, ырылдың көзі болды. Мұнда, әрине, мәселенің бәрі мұнайды тиімді пайдаланудан туады. Бұл ретте біздің елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынайын деп отырған «Ұлттық қордан – балаларға» бағдарламасы мұнайды халықтың несібесі ретінде қарауымызға жол ашқалы тұр. Ұлттық статистиканың кейінгі дерегі бойынша, жылына 420 мыңнан аса бала дүниеге келеді екен. Осыншама баланың болашағына әсер ететін бұл бастаманың тиімділігін халқымыз алдағы уақытта жақсы жағынан сезінеді деп ойлаймын. Мұнай демекші, Кеңес өкіметі атеизмнен емес, мұнайдың әсерінен тарқап кетті. Сол тұста Сауд Арабиясы мұнай өндірісін 6 есе ұлғайтты, нәтижесінде, Кеңес өкіметінің 5 жыл бойы экспорттан түсетін валюталық табысы 4 есе құлады. Мұның арты социалистік елдерді қолдауға қаржы жетіспеушілігін тудырып, ақыры алып одақ ыдырады, біз тәуелсіздік алдық. Яғни біздің елдің тарихында мұнайдың тағдыршешті орны болғаны көрінеді», деді Қ.Арыстанбеков.
Дүние есігін ашқан әр баланың өскенінше есепшотына қаржы аудару туралы бағдарламаның сәтті іске қосылуы үшін 2024 жылға дейін уақыт берілді. Осы уақыт аралығында бастаманы жүзеге асыру тетіктері жан-жақты зерделенеді. Бұл жағынан сарапшылар қазірдің өзінде өз ойын айтып жатыр. Мысалы, біз сөйлескен белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Ұлттық қордан үлес түсетін әр баланың есепшоты Отбасы банкінен ашылғанын жөн санап отыр.
«Осындай ұқсас жобалардың екі түрі бар. Біріншісі – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында, онда мұндай жоба «Ана капиталы» деп аталады. Бірақ бұл мемлекеттерде бірден шамамен 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанға дейін қолдануға болмайды. Бұл қаржыны да тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Сондай-ақ Аляска мұнай қорының осыған ұқсас тәжірибесі бар. Алайда олар балаларға ғана емес, Алясканың әр тұрғынына жылына 2 мың доллар төлейді. Ал бұл төлемді алушылар қалағанынша жұмсай алады. Төлемнің жалғыз шарты – алушы адам сотталмаған болуы керек. Ал елімізде Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ын әрбір балаға бөлетін болды. Бұл жылына шамамен 250 доллар болады. Осы орайда тұрғын үй сатып алуды одан әрі жоспарлау оңай болуы үшін есепшотты бірден Отбасы банкінен ашылатындай етіп жасаған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы алғанда, бұл бастаманың теріс ықпалы бар дейтіндей қауіп жоқ, инфляцияға да қысым болмайды. Әсіресе алғашқы 18 жылда байқала қоймайды. Болашақта Ұлттық қордың табысы өсіп, бұл төлемдерді одан сайын көбейтуге мүмкіндік туады деп үміттенеміз», дейді О.Құдайбергенов.
Өз кезегінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дана Әшімханова Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапқан адам капиталын дамыту бағытындағы бастамалары еліміздің демографиялық дамуына әсер ететінін атап өтті.
«Жолдаудың үшінші бағдарында айтылған ел болашағына арналған стратегиялық инвестициялар ең алдымен еліміздің басты құндылығы адам екенін айқындап тұр. Бұл месседждегі басымдық әлеуметтік сала мәселелерін шешу арқылы көрінеді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру жүйесін жақсартудың кешенді тәсілі, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейін төмендету, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Ұлттық жобаларды тиімді іске асыру үшін халықтың демографиялық даму ерекшелігін, демографиялық қауіпсіздікті ескеру қажет екеніне назар аударғым келеді. Себебі Президенттің бұл бастамалары болашақта бала туу көрсеткішінің өсуіне немесе қазіргі деңгейде сақталуына себеп болуы мүмкін. Бұл бірнеше мәселені алға шығарады. Мысалы, туу деңгейінің өсуімен әлеуметтік инфрақұрылымның сәйкес келмеуі, еңбек нарығына үлкен салмақ түсуі және ескермеуге болмайтын белгілі бір тәуекелдерге әкелуі ықтимал. Президент ұсынған мемлекеттік сатып алу, экономика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңғырту жөніндегі бастамаларға қоса, демографиялық мәселелер саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу қажет. Нақтырақ айтқанда, іске қосылатын ұлттық жобалардағы болжамды бағалау және демографиялық қауіпсіздікке мән беру керек», деді Д.Әшімханова.
Жалпы, қоғамның орнықты дамуына арқау болатын әділет екені анық. Жаңа Жолдау жүктеп отырған міндет осы ұстаныммен үндесіп отыр. Бұл, әлбетте, ел табысының шарапатын әр шаңырақтың сезінуінен байқалады. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ел болашағына деген үмітімізді арттырып, сенімімізді нығайта түсетін қадам болады деп ойлаймыз.