Мейірімді мейіргер
Мейірбике дегенің Мөлдірдей-ақ болсын. Науқас баланы шипалы қолынан бөлек, мейірімді жүзімен емдейді. Бұл Қазалы көпбейінді орталық ауруханасында балалар бөлімінде пост мейіргері Мөлдір Үртеова туралы ата-аналар пікірі.
«Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады». Ұл-қызымыз науқастанып қалса, жанымызды қоярға жер таппай шыр-пыр болатынымыз анық. Алладан кейінгі сенеріміз де ақ халатты абзал жандар. Алдына барып, көмегіне зәру екенімізді жеткізгенде дереу іске кірісіп кететін балалар бөліміндегі дәрігерлердің де мейірбикелердің де еңбегі зор. Бүгін әріптестері арасында сыйлы, емделушілер үшін қолы алтын мейірбике Мөлдір Рысдәулетқызы туралы айтпақпыз. Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген. Отбасындағы төрт баланың екіншісі. Орта мектептен кейін Мөлдір Қызылорда медицина колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты. Жалпы тәжірибелі фельдшер біліктілігі берілді. Еңбек жолын Астана қаласындағы №5 қалалық емханада учаскелік мейірбике болып жұмыс бастады. 2012 жылы Қазалыға келін атанды. Бүінде жолдасы Ғалымжан Кәрібаевпен үш бала тәрбиелеп отыр.
2013 жылы 2019жылдар аралығында Қазалы көпбейінді орталық ауруханасында балалар бөлімінде пост мейіргері болып жұмыс жасады. 2019-2021жылдары Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінде мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры біліктілігін алдым. 2019-2020 жыл аралығында Қазалы көпбейінді орталық ауруханасында «Дені сау бала және патронаждық қызметте» аға мейіргер болып жұмыс атқарды. Үш жылдан бері Қазалы көпбейінді орталық ауруханасында балалар бөлімінде пост мейіргері.
Мөлдір білімді әрі биязы мінезді. Сыпайы сөйлеп, кез келген жағдайда салмақтылық танытады. Өмірлік ұстанымы да мінезіне сай. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», дейді ол. Сөзден көрі істің адамы біліктілігінің арқасында өз саласы бойынша бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Жуырда ғана «Қызылорда облысы бойынша үздік аурухана мейіргері – 2023» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Алда астанада өтетін республикалық сайыста өзінің біліктілігі мен білімін сынамақ.
Ел ішінде жүрген соң, жақсы-жаманды жаңалықтарды естіп, халықтың үніне құлақ сала жүреміз. Осындай бір басқосуда бейтаныс әйел адамның:
– Өткенде қызым Інжу ауырып, аурухананың балалар бөліміне түстік. Дәрігер Болтай мен ұжым мүшелеріне риза болдым. Әрбірі өз жұмысына адал, жауапкершілікпен атқарады. Соның ішінде Мөлдір қызыма алғысым шексіз. Тиянақты, өз ісіне адал, білімді әрі мейірімді екен. Он күн ем алып, үйге шықтық. Шүкір, қазір жағдайымыз жақсы, – деп ризашылық танытып отырғанын байқадым. Оны жанындағылар да қостай кетті. Таныса келе ақ тілегін арнап отырған ананың аты-жөні Бекзат Қуатбаева екенін білдім.
Мейірімді мейіргер Мөлдірдің анадан алған алғысы, халықтан алған құрметі оның адал еңбегінің нәтижесі деп түсіндім. Әрбір ақ халатты жанның артынан осындай жүрекжарды лебіздер желдей есетін болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА