Балалар дәрігері Болтай
Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ, «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде», «Денсаулық – зор байлық» деп те бекер айтылмаса керек. Себебі, бір жерің ауырса саған ешқандай байлығың да, жинаған бақ-дәулетің де көмектесе алмайды. Бұл мезетте сіздің қасыңыздан табылып, жаныңызға жалау болатын дәрігер ғана. Шын мәнінде, ақ халатты абзал жандардың біздің ортамыздағы алар орны ерекше.
Дәрігер өмір сақшысы, олар – қолын жүрекке қойып, адам өмірі үшін күресуге ант берген арашашы жандар. Бірақ, дәрігердің де дәрігері бар. Ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын кіршіксіз пәк жүректі абзал азаматты нағыз маман деп білеміз.
Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Болтай әрдайым басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың жанынан бірінші болып табылады. Оның медицина саласына келгеніне 20 жыл уақыт болыпты. Жанқожа батыр ауылынан түлеп ұшқан бұрымды қыздың арман жетегінде жүріп, Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түскені әлі күнге дейін есінде. Оқуын жақсы деген бағамен бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық емханасында аймақтық балалар дәрігері болып бастайды. Осы жерде табан аудармай 10 жыл жұмыс істеген соң, туған жерге оралуды ойға алады. Қазалыға келген Болтай Серікқызы Әйтеке би кентіндегі "Жетес би" ауылдық емханасында жұмысын жалғастырды. Ал, 2015 жылдан аудандық орталық ауруханада балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Балалар дәрігері Болтай туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Күншығар Әбіловтен сұрағанымызда: «Қай кезде болмасын науқастарды ілтипатпен қарсы алып, олардың шағымын ықыласпен тыңдайды. Алдына барған әрбір жанға мейірім төге қарап, ыждағаттылықпен емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Қажет кезінде күн демей, түн демей қызмет орнынан табылады», – деген лебізін жеткізді.
Дәрігер Болтай Нұрмаханова қарапайымдылығымен бірге адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Ол көп ізденеді, көп оқиды, мамандығын үздіксіз жетілдіреді. Осындай бiлiм мен еңбекқорлықты ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жанды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, деніне саулық, отбасына бірлік, береке тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.