Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді мейірбике

Мейірімді мейірбике

Жүрегі қалап, таңдауы түскен мамандығының майталманына айналған жандар ортамызда аз емес. Олардың қатарында Қазалы қалалық емханасындағы аймақтық мейіркеш Айнагүл Жұбаныш та бар. Ол Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептен 10 сыныпты бітірген.
1987 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Мамандығын меңгеріп, туған жеріне оралған соң еңбек жолы басталып кетті. 1990 жылдың наурызынан қалалық емханада аймақтық мейіркеш болып жұмыс жасайды.
Байсалды мінезімен көпке жаққан ақ халатты Айнагүл Оңталапқызы қазір балалардың күнделікті хал-жағдайы мен денсаулығын жіті бақылайды. Өзінің аймағында отыз екі жыл еңбек өтілі бар мейіркеш сәбилердің тілін жақсы түсінеді. Әр бөбектің көңілін тауып, мейірім шуағын төге қарайтын абзал жанға ата-аналар да дән риза.
– Үш баланың анасымын. Аллаға шүкір деймін. Тұңғышым дүниеге келгеннен, аймақтық балалар мейіркешімен таныстық. Содан бері Айнагүл апаймен біргеміз. Үнемі үйге келіп, хал-жағдаймызды біліп отырады. Уақытылы екпелерін алып, қай күні дәрігердің тексеруінен өтетінімізді хабарлап, бәйек болады. Кез келген сәтте әрбір сұрағымызға жауап беріп, өз міндетін мүлтіксіз атқарады дей аламын. Бала ауырған соң жаныңды шүберекке түйіп, күйгелектеніп кетесің. Ондай сәттерде Айнагүл апай өзінің байыпты қалпынан танбай, сабырлы үнімен жаныңа жалау болғанда бойыңа күш-қуат дарып, жинақтала бастайсың, – дейді жас ана Гүлдана.
Қоғам қарыштап, дүние дамып жатқан кезде білім мен біліктілікті арттырып отыру заман талабы. Бұл үдерістен Айнагүл Оңталапқызы да шет қалған емес. Ол әр кез білім жетілдру курстарына қатысып, арнайы сертификаттар иеленген. Үнемі ізденіс үстінде жүретін мейіркеш медицина саласындағы кез келген жаңалықты қалт жібермейді. Аудан, облыс басшыларынан алған «Алғыс» хаттары мен «Құрмет» грамоталары кейіпкеріміздің мерейін өсіріп, беделін биіктете түсті. Әріптестеріне сыйлы, тұрғындарға тілекші Айнагүл Жұбаныш отбасында аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. Жолдасы Байсал Құлниязовпен үш бала тәрбиелеп, өсірді. Үлкен қызы Нұргүл тұрмыста, ата-анасына ата-әже бақытын сыйлап отыр. Ұлы Нұрбол мен кенжесі Аружан анасының қолғанаты.
Еңбегі ескеруге әбден лайық мейіркешті мерейлі мереке қарсаңында іздеп барып, сыр тартқанымызда: «Жұмысым ұнайды, осыдан отыз жыл бұрын «мейірбике боламын» деген арманның жетегінде солтүстікке сапар шеккен едім. Уақыт деген жүйрік қой ширек ғасырдан астам кезеңді артқа тастаппыз. Кез келген істе керегі – мамандыққа адалдық. Медицина, оның ішінде балалардың жағдайына жауаптылық жоғары жауапкершілік жүгін артады. Әр үйде сәбидің бал қылығы мен күміс күлкісі естілсін. Бар тілегім балалар ауырмасын»,– деп сөз соңын түйіндеді.
Бізбен қоштасып, емханадағы харбалас тіршілігіне еніп кеткен мейірімді мейіркештің ісіне сәттілік тілеп, біз де көзбен көрген кішіпейілділікті қағаз бетіне түсіруге жұмыс орнымызға аяңдадық.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 мамыр 2022 ж. 601 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 36

Отыз жылдық белес

30 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930