Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Замандас келбеті

Замандас келбеті

Айдынды Аралмен ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Қазалы ауданы таланттардан кенде болған емес. Тіпті кешегі өткен Байназар Өтеповтің, Мәскеуде жоғары әдеби біліммен сусындаған, атақты қаламгер Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесін алпысыншы жылдары қазақша сөйлеткен, ұлы жазушымен дос болған сындарлы сыншы Қалжан Нұрмаханов, Балтабай Тәжімбетов, Бекділда Алдамжаров, Әнес Нарымбетов, Рүстем Жанаев, Сейітқұл Оспанов, бүгінгі арамызда жүрген Молдахмет Қаназ, Арал, Қазалының төл перзенті іспеттес, биылғы мемлекеттік сыйлыққа үкілеп қосып отырған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбайдың есімдерін кім білмес?! Солармен қанаттас, қабаттас, туғалы қасиетті Қазалы топырағында мекен еткен ақын-журналист Жетіскен Мәкенәлінің есімін ел-жұрты мақтан тұтады.
Қазалы ауданында адамдары аузын ашса жүрегі көрінетін Аранды атты ауыл бар. Жетіскен осы ауылдың перзенті. Ақын кіндік қаны тамған топырағына ұқсайды деген қанатты сөз бар. Рас шығар, бір көргенде Жетіскен тұйық азамат сияқты. Таныса, сөйлесе келе оның көпшіл, сыршыл екенін аңғаратынбыз.
Иә, Аранды ауылындағы әкесі Мәкенәлі мен анасы Күләйдің құтты шаңырағында 1952 жылы 7 маусымда жарық дүниеге келген Жетіскен орта мектептен соң Қызылорданың медучилищесіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы фельдшер мамандығы бойынша тәмамдады. Сөйтіп, бірінші санатты фельдшер дәрежесімен денсаулық саласында он екі жыл қызмет атқарды.
Жетіскеннің арманы ақ желеңді дәрігер болу еді. Өмір бірақ өз дегенін жасайды екен. Бұған себеп болған, ол бала жасынан сол кездегі аудандық «Ленин туы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне мектеп қабырғасында дүниеге келген алғашқы өлең-мақалаларын күн құрғатпай жолдап жататын. Соның әсері ме, Жетіскен бір кездері екінші тынысы ашылған жүйріктей әдебиет ауылына ат басын бұрды. Сөйтіп, 1983 жылы 5 мамырда (сол кездері бұл Кеңестік баспасөз күні болып есептелетін) Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакциясының табалдырығынан имене аттады. Ауылдан үзбей жазып, газет жұмысына белсене араласып жүрген ол басылым редакторлары Тиышбай Шерекенов, Киікбай Ізетов, Әлмәмбет Әлішев сияқты тіс қаққан қаламгерлермен бес жыл шығармашылық тығыз байланыс­та қызмет атқарды.
1988 жылы сол кездегі Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм Елеу Көшербаев журналист ақын Жетіскен Мәкеналыны аудандық мәдениет бөлімінің басшы­лығына ұсынды. Зерделі, жастардың жанашыры болған білікті басшының ұсынысы облыстық салалық бас­шылық пен аупарткомның бюро мүшелері тарапынан кеңінен қолдау тапқан. Сөйтіп отыз алты жастағы Жетіскен бұл өңірдің аузынан ақық жыр, көмейінен бұлбұл ән, кеудесінен күмбір-күмбір күй төгілген өнерлі өрендерді маңайына топтастырды. Жетіскен бөлімді басқарған жылдары Қазалының өнеріне берісі Сыр бойы, әрісі Алматының талғампаз көрермен қауымы дән риза болды, талай жас таланттар көптеген байқауларда томағасын сыпырып топқа салған түбіт қанат қырандардай биікке самғады.
Әу баста жүрек толқынысын баса алмай қорқасоқтап тізгінін ұстаған бұл қызметті 1995 жылдың тамызына дейін, мұнан соң әр жылдары тілдерді дамыту саласында, сол кездегі ішкі саясат секторында бас маман, Ғ.Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінде аға ғылыми қызметкер, 2002-2005 жылдары екінші мәрте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған.
Аудан басшылары Жетіскен журналисті әр қияға салып, оның қай қызметтің тізгінін ұстаса да қапы қалдырмайтынын түсінді. Шынында солай болып шықты. Осындай қилы-қилы басшылық қызмет атқарып жүрсе де Жетіскен әріптесіміз бәз баяғы кішілік қалпынан жазбады. «Асыл адам айнымас» деп осындайда айтса керек.
Ол үшін мүттайым мансаптан гөрі шырайлы шығармашылығы анағұрлым артық. Осы уақытқа дейін «ХХІ ғасырға аманат» атты алғашқы жыр жинағы Қызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан басылып шықса, ал 60 жастың асқарына аттаған тұста ақынның «Тағдырмен тілдесу» жыр кітабы жарық көрді. Бұған әр жылдары оқырман қолына тиген «Ортаймаған қазаны, қазыналы Қазалы», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» жинағының үш кітабы, «Асандар көтерілісі», аралдық қаламгер Толыбай Абылаевпен бірігіп жазған «Нұрбай би» және Шығыс жастарының көсемі болған Ғани Мұратбаев туралы деректі жинақтарын қосыңыз.
Жетіскенді қарт Қазалының көзі қарақты, сөзі қанатты қаламгері десек, артық айтқандығымыз болмас. Тарихы бағзы оғыздармен еншілес осы аймақтың шежірешісі іспеттес ол. Қазалының өткені мен бүгіні туралы ерінбей, жалықпай жазған ізденіске толы деректі кітаптары Жетіскеннің жетістігі дер едім.
Бұл жөнінде «Денсаулық» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Молдахмет Қаназ ағамыз:
– Анда-санда «кір жуып, кіндік кескен» туған жерге барсақ, елпектеп алдымыздан шығатын Жетіскен ініміз. Қазыналы Қазалының арғы-бергі тарихын түртінектеп жарыққа шығарып жүрген де сол. Қолға қалам ұстаған адам көп болғанмен Жетіскеннің орыны бір төбе. Қазалы туралы дерек қажет болса, дереу Жетіскенге хабарласамыз. Ол осы ауданның арамызда жүрген архиві сияқты, – деп дөп басып айтады.
Туған ауданының құрметі мен ықыласын еншілеген Жетіскен құрдасым сүйікті жары Марияш екеуі ұланақтай төрт ұл, қызанақтай бір қыз тәрбиелеп, қияға ұшырды. Айтпақшы, Марияш Арал ауданындағы Қызылжар ауылының қызы. Әкесі Мардан Дәрібаев бұл өңірге белгілі кісі болған кезінде. Марияш замандасымыздың немере ағасы – қазақтың белгілі ақыны, марқұм Жарасқан Әбдірашев.
Жетіскен – ақын азамат. Оған төмендегі өлең жолдары толық куә бола алады.
Армысың, жиырма бірінші жаңа ғасыр!
Ізгілік сыйлаймысың ұлан-асыр.
Өзіңмен сәл ғана бір тілдесейік,
Ақынның жүрегінде қала ма сыр?! – деп толғанады ақын құрдасым.
Бір сөзбен айтқанда, ақын-журналист Жетіскен Мәкеналының алған асуы босқа жеткен жоқ. Оған шығармашылық шырайлы белестері куә.

Толыбай АБЫЛАЕВ
29 қазан 2022 ж. 526 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 188

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 131

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031