Ақын рухымен тілдесу
Аудандық орталық кітапханада Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Жетіскен Мәкеналының туған күніне орай «Ақын рухымен тілдесу» атты еске алу кеші өткізілді. Қасиетті Қазалы топырағында туып, елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген талантты ақын ауданымыздың өлке тарихын зерттеуге де үлесін қосты. Сыр өңірінің мәдениеті мен өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жетіскен Мәкеналы бірнеше жыр және прозалық кітаптардың авторы.
Кеш барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, сыйлас ағалары Рахманберген Жұмағанбет, Қосаман Сүлейменов, Жеткербай Махамбетов, сыныптасы Мәдина Қаржаубаева, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Бағдат Орынбас, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова, аудандық өлкетану музейінің директоры Сәкен Әліш сөйлеп, аяулы азаматтың адамгершілік, еңбекқорлық қасиеттері жайлы сыр шертті.
Аудандық «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары Сахи Қапар «Жетіскен ағамен 1987 жылы аудандық «Ленин туы» газетінде жұмыстас болдық. Ол кісі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі еді. Сол сәтте ағамнан журналистік өнердің қыр-сырын үйрендім. Одан әрі әріптестігіміз аудандық «Қазалы» газетінде жалғасты. Басылымның бас редакторы, бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Жәкең ізденімпаз, сауатты, қаламы желді журналист-ақын еді. Жастарға түзу жолды көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз Жетіскен Мәкеналыны газет ұжымындағы әріптестері ешқашан ұмытпайды», – деді.
Еске алу кешінде виртуалды кітап көрмесі жасалып, өмір жолы, шығармашылығы турасында арнайы даярланған бейнебаян көрсетілді. Мектеп оқушылары мен студенттер ақын жырларын, өздерінің арнау өлеңдерін оқып, көрермендер қошеметіне бөленді.
Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Назарова қорытындылап, ақынның жары Марияш Марданқызы мен шөбересі Әділетке кітапхана ұжымының атынан арнайы сыйлықтар тапсырды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ