Қазалы ауданында орманшыларға құрмет көрсетілді
Қазалы ауданындағы Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында орманшылар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Шараға осы салада ұзақ уақыт еңбек еткен ардагерлер мен бүгінгі кезде жұмыс істеп жүрген орманшылар қатысты. Басқосуды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп ашып, ізгі лебізін жеткізді.
«Орман – адамзатқа қорған болған табиғат-ананың құрамдас бір бөлігі. Әсіресе экологиялық ахуал ушыққан біздің аумақта орманның көп болуы тікелей денсаулықтың кепілі болып қала бермек. Қазіргі уақытта Арал өңірін экологиялық сауықтыру мақсатында құрғаған теңіз ұлтанына фитомелиоративтік жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстармен Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі тікелей айналысады. Мекеме қызметкерлері, сексеуіл көшеттерін егумен қатар, аудандағы орман мен тоғайлы жерлердегі бар қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, қосымша оны өсірумен де айналысып келеді. Орманшыларды техникалық жарақтандыру жолдары да басшылар тарапынан тыс қалған жоқ. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен 3 дана ХТЗ маркалы трактор берілді. Ал, биыл жанар-жағар май тасымалдайтын арнайы автокөлік алынды. Бұл өз кезегінде орманшыларға өздеріне жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындау үшін мол мүмкіндік береді деп есептеймін», – деді аудан әкімі.
Мұнан соң Қазалы орман мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағы, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Одан бөлек, тағы бірқатар орманшыларға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Алғыс хаты» тапсырылды.
Салтанатты шарада ардагер орманшы Сақтаған Ешмаханов орманшылардың атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Орманшылардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.