Мобильді қоғамдық қабылдау өз жұмысын бастады
Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын жетілдіру мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Осы орайда бүгін облыс көлемінде шалғай елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасы басталды.
Бүгін аталған партия жобасы аясында ауданымыздағы шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындарды қабылдап, олардың әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйіткілді мәселелерін тыңдап, олардың тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу мақсатында мобильді топ өкілдері Бекарыстан би ауылында қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындармен кездесу өткізген аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық жауапты басқарманың өкілдері мен сала мамандары жалпы 20-дан аса азаматты қабылдады.
Қабылдауда болған тұрғындар жайылымдық жер, елді мекеннің инфрақұрылымы, ауыл кәсібін дамыту, мектеп, балабақша, спорт кешенін салу және жұмыспен қамту мәселелерін қозғады.
Аталған мәселелер бойынша облыстық басқарма өкілдерімен бірге алдағы уақытта тиісті ұсыныстар жолдана отырып, жұмыстар атқарылатындығы айтылды. Қабылдауға арнайы Түкітбаев ауылының тұрғындары да келіп, өз ұсыныс пікірлерін айтты.
Айта кетейік, алдағы уақытта мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы жоспарлы түрде өзге елді мекендерде жалғасады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат