Тектінің тұяғы
Әрбір азаматтың тұлға болып қалыптасуында айрықша орынды ұстаз иеленеді. «Дала қоңырауы» атанған Ыбырайдың жолын жалғаған, шәкірт бойына адамгершіліктің ең жақсы сипаттарын дарыта алған қадірменді педагогтің бірі – Рабиға Махамбетқызы Әуез болмақ.
Сыр өңіріне белгілі зиялы қауым өкілдерінің бірі Махамбет Әуезовтің отбасында дүниеге келген. Әкесі білікті ұстаз, Қазалы ауданындағы ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, домбырашы, скрипкашы, әрі дирижер, Одаққа даңқы жеткен Әуезовтер ансамблінің негізін қалаушы, Анасы Жеңіс Рсалықызы мектепте қызмет еткен еңбекқор жан.
Рабиға Махамбетқызы 1979 жылы мектепті тәмамдайды. Сол жылы аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа қабылданады. Алғаш рет өзінің ұстаздық еңбек жолын 1984 жылы №87 мектепте ән-әуез пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Әкесі қалыптастырған өнер жолын жалғау үшін ол 1985 жылы бұрынғы Шымкент облысы, Жетісай ауданындағы мәдени-ағарту училищесіне хор дирижері мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіреді. 1991 жылдан бастап педагогикалық қызметтегі жемісті жылдары басталады. 1998-2011 жылдары аралығында Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. 2000-2003 жылдары М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжін «Бастауыш сыныпта оқыту» мамандығы бойынша оқып бітіреді. 2011 жылдан бастап №266 мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы қызмет етуде.
Ұстаз – кірпіштің қалыбы секілді. Сол үшін алдымен ұстаз шәкіртке дұрыс тәрбие бере білуі керек. Осы тұста ойға ақын М.Дулатұлының «Оқудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру» деген сөзі еске түседі. Балалық шақта балаға бірінші өзін-өзі дұрыс ұстауға, сыпайылыққа, айналасындағыларды бағалай білуге тәрбиелеу керек. Рабиға апайдан үйренген өмірлік негізгі қағидаттарымыз осы.
Жастайынан қазақ өнерінің қайнаған ортасында өскен Рабиға Махамбетқызының әнге деген махаббаты ерекше. Ол 1977 жылы әкесі құрған ансамбль құрамында өнердегі алғашқы қадамын бастады. Ұжыммен бірге 1978 жылы Қызылорда облысының Қарақалпақстандағы өнер күндеріне қатысады. 1979 жыл – ансамбль үшін де, Сыр өңірінің халқы үшін де айрықша жыл еді. Себебі, осы жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық отбасылық өнер ұжымдары байқауында Әуезовтер жанұялық ансамблі өнер көрсетіп, сол кезеңдегі КСРО Композиторлар одағының төрағасы, КСРО халық әртісі Тихон Хренниковтың арнайы дипломын иеленеді.
1981 жылы Алматы қаласында «Қазақтелефильм» мекемесінің бастауымен Қазалы ауданының халықтық оркестрінің фильм-концерті түсіріледі. Бейнетаспаны бақылау барысында 20 жасар Рабиға Махамбетқызы «Дайдидау» әнін шеберлікпен орындаған. Ұстазымыздың бейнесі таңбаланған бұл бейнетаспа бүгінгі күні ҚР МСМ «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» қорында сақталуда. 40 жылға жуық архив қойнауында жасырынып жатқан осы тарихи жәдігерді көру бақыты алғаш болып маған бұйырғанына қуанамын.
Рабиға Махамбетқызы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, өмірінің отыз жылдан астам уақытын білім беру саласына арнап келеді. Талантты педагогтің еңбегі бағаланып, өткен жылы облыстық білім басқармасының арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінгі күнде шәкірттерінің өмірде өз орнын тауып, жемісті қызмет етуі қажырлы еңбектің өтеуі.
Жүзі мейірім мен шуаққа толы ұстазымыз жұбайы Дүйсенбай екеуі екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Осы күні балаларынан тараған немерелерінің қызығына бөленіп отырған бақытты жандар.
Рамазан ӘБІЛДОСҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
тарих факультетінің магистранты