Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттерін шыңға шығарған

Шәкірттерін шыңға шығарған

Адамзат баласының анадан кейін табынары ұстаз болса керек. Әр күн сайын ұлықтауға лайықты, білім алып, тұлға болуға жол сілтеген ұстаз – Лиза Жұмаханқызы. 1982 жылы Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепті үздік бітіріп, Атыраудағы педагогикалық институттан математика және физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1987 жылы еңбек жолын бастаған Лиза Дүйісбекова аудандық білім бөлімінің жолдамасымен Ақсуат ауылындағы №100 орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады.
1987 жылдан осы кезге дейін үздіксіз 34 жылдан астам уақыт балаларға тәрбие мен сапалы білім беру жолында жалықпай қызмет етіп келеді. Лиза Жұмаханқызының шәкірттері қазіргі таңда қоғамның әр саласында қызмет жасауда.
Білім беру жүйесіндегі жаңа талаптарға сай өз білімін көтеріп, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуды басты нысана етіп алып, жаңа педагогикалық технология негіздерін, атап айтқанда, сын тұрғысынан ойлау, деңгейлеп оқыту, дамыта оқыту технологиясы, т.б. әдіс-тәсілдерді сабақтарында үйлесімді пайдаланып отырады.
Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда, ғылыми жобалар байқауында жоғары жетістіктерге ие болған. Павлодар қаласында өткен «VIII Сәтбаев оқулары» атты жас ғалымдар, студенттер және оқушылардың халықаралық ғылыми конференциясының ғылыми жоба байқауында Махамбет Қалибеков бірінші, Ұлдана Әуелбек екінші орын иеленді, аудандық пәндік олимпиадада Аида Қуантқан, Марина Қалдыбаева, Күлпараш Рзаханова, Ерлан Құрманбаев жүлделі орындарға ие болды. І-Республикалық қашықтықтан оқыту олимпиадасында Жібек Сүйеу екінші орын, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Эрудит» интелектуалды білім порталының ұйымдастыруымен «Физика» пәні бойынша қашықтықтан өткен республикалық олимпиададан Перизат Асқар бірінші орын иеленіп, өздерін көрсете білді. Лиза Дүйісбекова аудандық физика және математика пәні мұғалімдердің семинарларында ашық сабақ өткізіп, шығармашылық есеп беріп өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісуде. Бүгінде мектеп бітіруші түлектерінің білімі ҰБТ нәтижесімен сараланады. Лиза апайдың физикадан дайындаған оқушылары түрлі жоғары оқу орындарынан білім алуда. Тәжірибелі ұстаз мектепте бірнеше жыл жаратылыстану пәндер бірлестігінің жетекшісі қызметін атқарған кезінде өзінен кейінгі жас мамандарға тәлімгер бола жүріп, бірлестіктің жылдық жоспарында көрсетілген ашық сабақ пен іс-шаралардың уақытында өтуіне белсенділік танытты. Осы жылдар ішінде Лиза Жұмаханқызы аудан әкімінің Алғыс хатымен, «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен, білім бөлімінің, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы аудандық комитетінің Алғыс хаттымен марапатталған.
Ақылшы әрі жанашыр, өнегелі жан отбасында жолдасы Сұлтан ағай екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Қызы Арай ана жолын жалғастырған мұғалім, Бауыржан мен Дәуіржаны өз саласының білікті мамандары. Қазіргі таңда Лиза Жұмаханқызы немерелерін құшағына алып, отбасы ұйытқысы болып отырған бақытты ана, ардақты әже.

Әсем ФАЙЗУЛЛАЕВА,
№100 мектептің мұғалімі
02 қазан 2021 ж. 707 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 89

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 86

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930