Сахнада – өнерлі әулеттер
Сәрсенбіде Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Мерейлі отбасы» тақырыбында шығармашылық кеш өтті. Елбасы Н.Назарбаев отбасын, ана мен баланы қолдау, адамдардың қарттығын лайықты қамтамасыз ету жөніндегі инфрақұрылымды жоспарлы түрде дамытудың маңыздылығын атаған болатын. Отбасылық ар-ұждан құндылықтарын нығайту жөніндегі ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, ынтымағы мығым, тату отбасылардың үлгісін кеңінен көрсету қажеттігін айтты.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мерекелік кеште Изеевтер мен Әуезовтердің «Халықтық» отбасылық ансамблі өнер көрсетті. Әуезовтер ансамблі 1977 жылы білікті ұстаз, Қазалы аудандық халық ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі – Махамбет Әуезовтің ұйымдастыруымен құрылды. Ансамбльдің алғашқы құрамында М.Әуезовтің ұл-қыздары Зылиха, Рахила, Роман, Дәрмен, Рабиға, Құрман, Арман болды, олар түрлі музыкалық аспапта шебер ойнады. 1978-79 жылдары Қарақалпақстан АССР-нің Қызылорда облысындағы әдебиеті мен өнер күндеріне, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық өнер байқауына қатысты. Республикалық, облыстық деңгейдегі маңызды шараларда да өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті. Қазіргі күні Арман Әуез жетекшілік жасайтын шығармашылық ұжым немерелері Асылбек, Серік, Ақбота, Дарын, немере келіндері Сая, Назеркемен толықты.
Шара барысында 41 жыл бойы сахна төрінде жүрген Әуезовтер ансамблі көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар «Рондо» шығармасымен қатар, «Мерке», «Наркескен», «Балбырауын» күйлерін ойнап, әннен шашу шашты.
Концерттік бағдарламада Изеевтер ансамблі де өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Олар 1981 жылы «Қыр гүлі» вокальды-инструментальды ансамблін құрды. Құрамындағы Талғат соло-ритм гитарада, Бағдат бас гитарада, Шарапат синтезаторда, Қайрат дауылпазда ойнаған. Ал Айзада, Айгүл, Жанат, Ләззат ән айтса, Сәнімкүл би билеген. 1984 жылы республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі байқаулардың жүлдегерлері атанды. Өнерлі отбасы 2015 жылы аудандық «Мерейлі» отбасы байқауында екінші орынды еншіледі. Халық арасында сый-құрметке ие болған Изеевтер әулеті күні бүгінге дейін көпшіліктің қуанышына ортақтасып келеді. Ансамбль жетекшісі Шарапаттың зайыбы Жібек Шайхы-Сержан да өнерлі. Бүгінде отбасының қатары өнерлі өрендермен толықты. Атап айтсақ, Ринат, Ақерке, Аружан, Асылжан, Рахат Изеевтер.
Осылайша, өнерлі отбасылар ән-жырларымен көрермендердің құлақ құрышын қандырып, көңілдерін ерекше әсерге бөледі.
Салтанатты басқосуда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық «Мерейлі отбасы» күнімен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ