Әке жолын жалғаған
Жанқожа батыр ауылында тұратын Құрманбаевтар отбасында ұстаздық деген ұлы жолды таңдаған бірнеше жан бар. Бір атадан тараған ұл-қыздардың барлығы дерлік білім беру саласында еңбек етеді. Бұған ұзақ жылдар бойы ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеуде еселі еңбек еткен әкенің де ықпалы зор болғаны анық.
Отбасының тірегі Құрманбай Қылышбаев 1922 жылы Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін “Жиделі” жеті жылдық мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Сұрапыл соғыстың екінші жылында өзі құралпы бозбалалармен бірге майдан даласына аттанды. Жиырма жасар Құрманбай Қылышбаев арнайы әскери дайындықтан өткен соң, 1942 жылы Қалмақ АССР-нің астанасы Элистаны азат етуге қатысқан. Осы Белорусь майданындағы пулемет взводының командирін дайындайтын курсты бітіріп, Курск шайқасында жаумен алысты. КПСС қатарына өткен соң Ленинград майданындағы Выборг атқыштар дивизиясының №941 атқыштар полкіндегі взвод командирі бола жүріп, Померин асуын алуға қатысты. Соғыста екі мәрте жараланса да қайта алғы шептен бой көрсетті. Жауынгер “Отан соғысы” орденімен, “Ерлігі үшін”, «Берлинді алғаны үшін» медальдармен марапатталған. 1946 жылы туған елге оралып, ұстаздық жолды қайта жалғады. Жоғары білім алып, №24 мектепте ұзақ жыл еңбек етті. Ол алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Зейнеткерлік демалысқа шығып, бейнеттің зейнетін көрді. Зайыбы Алуамен алты бала тәрбиелеп, өсірді. Ұлдары Құлпыбай мен Серік, қыздары Гүлсім мен Қарлыға әке жолын жалғап, мұғалім атанды. Құлпыбай Құрманбайұлы №94 мектепте ұзақ жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет жасады. Зайыбы Баян Төкенова да осы білім ордасында шәкірттерді білім нәрімен сусындатуда еңбек етті. Екеуі де математика пəнінің мұғалімі. Қазір зейнеткерлік демалыста. Серік те қазақ тілі мұғалімі болды. Алайда екі жыл бұрын өмірден озды. Жары Гүлбаршын Бағатаева ұзақ жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Үлкен қызы Гүлсім Қылышбай да математика пəнінің мұғалімі. Кіші қызы Қарлыға Қылышбай Қазалы қаласындағы №95 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Құрманбай қарияның кенжесі атанған Нұрлан Құрманбаев та ұстаздық жолды таңдаған. Математикадан сабақ береді әрі мектеп директорының бағдарлы оқу ісі жөніндегі орынбасары. Келіншегі Меруерт Тоқтабаева бастауыш сынып мұғалімі.
– Отбасымызда басым көпшілігі математик. Ағам Құлпыбай аудан көлемінде алдыңғы қатарлы математик жəне бір мектепте ұзақ жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Қазір оның жолын ұлы Нұрлан жалғап келеді. Әкеміздің ұл-қыздары, келіндері, немерелері барлығы да абыройлы еңбек етуде.
Əрине көп құрметіне бөленіп, адал қызмет еткен əкеміздің жолын таңдауда сол кісінің ықпалы бар деп есептеймін. Өйткені бұл мамандықтың қыр-сырын, қиыншылығы мен қызығын бала күнімізден отбасымызда сезініп өстік. Анамыз Алуа үй шаруасында болғанымен əкемнен бастап сол ұстаздардың үйдегі бағбаны, жанашыры болған жан еді, – деп еске алды Қарлыға Құрманбайқызы.
Бұл отбасы мүшелері бірнеше рет түрлі деңгейдегі Алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын иеленіп жүр. Жуырда ғана Қарлыға Құрманбайқызы білім беру саласындағы шығармашылық жұмыстармен қатар “Алтын белгі” иегерін дайындаудағы қажырлы еңбегі үшін “Біркөлік” шипажайына жолдама алды. Ал Гүлсім Қылышбаева білім беру жүйесіндегі адал еңбегі мен өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие, сапалы білім берудегі шығармашылық жетістігі үшін аудандық білім бөлімі және білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті тарапынан алғыс арқалады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА