Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебелі мамандықты меңгергендер

Мәртебелі мамандықты меңгергендер

Ерлі-зайыпты ұстаздар Қали Рүстемов пен Набат Тілекқызы алғаш еңбек жолын 1986 жылы №216 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде бастаған. Алғашында әріптес ретінде сыйласқан бозбала мен бойжеткен ортақ тіл табысып, отбасын құрды. Өмірге ұл мен қыз әкеліп, ата-ана атанды. Бүгінде балаларының барлығы әкесі мен анасы таңдаған ұстаздық жолды жалғап келеді.
Қали Рүстемұлы орта мектептен кейін 1981 жылы Шымкент педагогикалық институтының дене шынықтыру бөліміне түсіп, 1985 жылы бітірген. 1986-1989 жылдары №216 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 1989-1993 жылдары Ү.Түктібаев совхозындағы спорт мектебінің директоры, 1993-1995 жылдары білім бөлімінде әдіскер болды. Бұдан соң аудандық спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Қазір 2011 жылдан бері №266 мектеп-лицейде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ұстаздықпен қатар аудан бойынша гір көтеру спортынан аға жаттықтырушы. Жастайынан спортты жанына серік еткен жанның жеткен жетістіктері де аз емес. Ол әр жылдары Орал қаласында ҚР ардагерлер арасында өткен чемпионатта үшінші, Алматы қаласында болған бәсекеде екінші, Қостанай қаласында гір көтеру спортынан ҚР біріншілігінде спортшылар арасында үшінші, осы жылы облыс біріншілігінде бірінші орын алды.
Ал жұбайы Набат Тілекқызы Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеден бастауыш ­сынып мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын №216 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде бастады. Қызмет ете жүріп, Қорқыт ата университетінен ­бастауыш класты оқыту методикасы мамандығын аяқтаған. Шәкірттері аудандық, облыстық сайыстардан жүлделі орынды иеленіп, мектеп абыройын арттырып жүр. Оқушылары алтын белгімен бітіріп екі мәрте Астана қаласына демалуға жолдама алды. Қазіргі таңда көптеген шәкірттері ұстаздық жолда еңбек етуде. Ұстаздардың ұлы Айбек Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен спорт және дене шынықтыру мамандығын бітірді. Қазір №170 орта мектепте мұғалім. Ол 2014 жылдан бері қол добынан облыстық, республикалық дәрежеде төрешілік етіп келеді. 2018 жылы мектеп оқушылары арасында өткізілген облыстық күзгі ­спартакиадада қол добы жарысының жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына үлес қосқаны үшін «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды. Қазақстан Республикасы ІХ жазғы спартакиадасын өткізуге қосқан елеулі еңбегі үшін білім және ғылым министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры С.Мұстафаевтың грамотасын алды. Айбектің жары Әсел Исабаева да ұстаз. Ол әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің физика пәні мұғалімі мамандығын бітірген. 2014 жылы аталған оқу орнында техникалық-физика факультетінің плазма физикасы кафедрасында маман болып жұмыс өтілін бастаған. Қазіргі таңда Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектебінде физика пәні мұғалімі.
Отбасының қос қызы Сәуле мен Айлуна да ата-ана жолын таңдаған. Айлуна Қалиқызы өзі түлеп ұшқан №216 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Бұл отбасы жанұялық жарыстарда үнемі топ жарады. Өздері еңбек ететін білім саласы бойынша да әрқайсысының жетістігі жетерлік.
Мамандығын мақтанышына балап, бала жанының бағбаны болуға бар күш-жігерін сарп етіп жүрген Рүстемовтер отбасының алар асуы әлі алда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
03 қазан 2020 ж. 1 009 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930