Талантын талабымен ұштастырған
Бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Айгүл Маратқызы алғаш еңбек жолын 2003 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте ән-әуез пәнінің мұғалімі болып бастады. 2005 жылы Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші, әдіскер болды. Қазір орталықтағы әдістемелік бөлімнің меңгерушісі.
Бала күнінен өнерге құмартып өскен Айгүл мамандық таңдарда ойланбастан мәдениет саласына қадам басты. Ол Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Қаскелең мәдениет колледжінен «Әлеуметтік мәдени қызметі және халықтық көркем шығармашылық», «Педагог – мәдени демалыс ұйымдастырушы, халық аспаптар оркестрінің (ансамбль) жетекшісі» мамандығын алды. Түркістан қаласындағы қазақ-түрік университетінен «Музыкалық білім» мамандығын меңгерді.
Нәзік дауысымен әуелете ән шырқап, сахналық қойылымдарда да өзіне бекітілген рөлді жоғары деңгейде алып шығады. Кеш жүргізетін қабілеті тағы бар. Әріптестері арасында да сыйлы. Ұжым ұйымдастырған істердің ұйытқысы да өзі. Өнер саласындағы жетістіктері бір төбе. Айгүл Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында болған «Аймақты әнмен тербетіп» атты аймақтық әншілер байқауының бас жүлдегері. Қармақшы ауданында жергілікті сазгерлердің әндерін орындаудан өткен байқауға қатысып, үшінші орын иеленді. Қыз балалардың тал бойындағы тәрбие мен өнер сынға түскен «Қыз өссе – елдің көркі» атты аудандық сында бас жүлдені жеңіп алды.
Жаңақорған ауданында «Ғашықсыз ғасыр» атты спектакльде Нәзікеш рөлін сомдап, халықтың қошеметіне бөленді. Ж.Тұрсынов атындағы халық театры дайындаған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Р.Жанайдың «Жанқожа», тағы басқа көптеген спектакльдерде басты рөлді сомдап, көрермен ықыласына бөленді. 2009 жылы «Ауыл болашағы – жастар қолында» атты облыстық ауыл жастары слетінде «Өнерлі өрен» номинациясы және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары М.Мұхаммедовтің Алғыс хатымен марапатталды. 2012 жылы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өз мамандығымның иесімін» атты облыстық байқауда «Үздік әдіскер» номинациясына қол жеткізді. Астана қаласының 15 жылдығына орай аудан әкімі Б.Жахановтың, Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Берік Жүсіповтің, облыстық филиалының төрайымы Раушан Үмбетованың, облыстық мәдениет басқармасының басшысы М.Әбуованың Алғыс хатын алды. Астана қаласының 10 жылдығына орай мерекелік медальмен наградталған.
Айгүл Маратқызы жауапкершілігі жоғары қызметкер ғана емес, отбасының ұйытқысы. Адал жар, аяулы ана. Жұбайы Ақтілеу Бөріқұлақов та абыройлы қызметте. Шаңырақтың қуанышы – Кәусар өнерлі. «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушісі республикалық байқауларға қатысып, көрерменнің көзайымына айналып жүр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА