Тарихта таңбасы қалған
Жүздеген жыл біреудің алақанына қарап, аяқасты азаттық алған жұрттың еңсесін тіктеп, келешекке сенімін қалыптастыру екінің бірінің қолынан келмесі анық. Қоғамда екіұдай пікір болуы заңды. Тұлғаның ел үшін жасаған еңбегін толық жоққа шығаратындар да, бүгінгідей «қой үстінде бозторғай жұмытрқалаған заманда» өмір сүріп жатқанымызды Елбасының сауатты саясаткерлігіне балайтындар да көп арамызда. Десек те сексеннің сеңгіріне жеткен арда ақсақалдың бабалар аманаттаған шекараны шегендеуде, Қазақстан Республикуасының аяқта нық тұруына бірден бір себепкер болғанын жоққа шығара алмаймыз. Өткен жылы Астана күніне орай, Елбасының ел біле бермейтін қадамдары жайында жазған едік. Бүгін де Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі дайындаған «Штрих к портрету. Лидер» деректі филмінен қызықты деректерді назарға ұсынамыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет басшысы қызметін тапсырғаннан кейінгі өмірі туралы сыр шертті. Адам баласы қартайған шағында физикалық тұрғыда қажытатын шаруалардан өзін алыс ұстағысы келеді екен. Алайда елдік шаруадан әлі де болса қол үзбегеннін айтты.
– Бәріне қол сілтеп кете алмаймын. Өйткені жан-жақтан хат пен хабар келуі толастамайды. Кездесуге шақырады дегендей... Оның ішінде ел ішіндегі, халықаралық мәселелер де бар. Мұны дұрыс емес деп айта алмаймын. Мидың да жұмысын тоқтатпау маңызды, – деді Елбасы.
«Шекарасы шегенделмеген ел азат емес»
Бұған дейін депутат Бекболат Тілеуханов Н.Назарбаевтың Қытай басшыларымен кездесудегі жағдайды баяндап бергенін білеміз. Ол құйтырғы әрекетпен сол тұстағы мемлекет басшысының қытығына тиіп, тиісінше шекараны шегендеу туралы жиынның берекесін қашырғысы келгендерге Елбасының асқан сабырлылық танытқанын, осылайш мақсатына жеткенін жеткізген еді. Бірақ Н.Әбішұлы бұған сол тұста құрылған делегацияның, әсіресе қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі зор екенін айтады.
– Мемлекеттің териториялық мәселесі толық шешілмей оны тәуелсіз деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, Тәжікстан мен Қырғыз елі арасында шешілмеген бірнеше шақырым ғана жердің мәселсі соғысқа алып келді. Әзірбайжан мен Армениядағы жағдай да соған ұқсас. Мұндай мысалды көптеп кездестіруге болады. Аталған келеңсіздік салдарынан кезінде КСРО мен Қытай арасында да қақтығыс болды. Кейін Шығыс қазақстандағы Жалаңашкөлде қаншама азамат қазақ тапты, – деді Н.Назарбаев.
Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстан, осы төртеуі Қытаймен шекараласатыны белгілі. Сондықтан аспанасты елімен бірлескен кешенді келіссөздер басталған. Бірақ бұл ұазққа, тәуелсіздік алған күннен бастасақ, 12 жылға созылған. Елбасының айтуынша, Қытай төрағасы Цзянь Цзэминьмен тиісті келісімшартқа қол қойылғаннан кейін шекараның бірнеше шақырымы қалған. Картографиялық құжаттар табылды. Бірақ екі жақта да күдік болды.
– Ол жер КСРО-ға жата ма? Жоқ, әлде Қытайдың жері ме? Осы мәселеге тап болдық та, соны зерделей бастадық. Тастақ жер, төбе ғана, айналада ештеңе жоқ. Оны бұрғылап көрдік. Қазба байлықтары бар ма, жоқ па, оны да көрдік. Болмады. Қой бағуға да келмейді. Бірақ жердің аты жер ғой. Содан пікір таластырдық, дауластық", – деп еске алды Назарбаев. Сол кезде қазақстандық делегацияның құрамында Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегацияның құрамында Қытаймен келіссөздер жүргізген. «Басқалармен салыстырғанда жақсы жұмыс істеді. Сөйтіп, бір шешімге келді де, келісімге қол қойды", – дейді Елбасы.
Бірақ жер дауына байланысты мәселеге мұнымен толық шешілген жоқ. Келесі кезекте Ресей Федерациясымен шектесетін аумақтағы қиындықты шешу ісі тұрды. Себебі әлемдегі ең үлкен шекаралық шектесу осы екі ел арасында еді. Бұған дейін Қытай мен Кеңес үмікеті арасында бірнеше келісім жасалғандықтан барлық құжаттарды терең зерттеуге тура келген. Ақыры Елбасы Н.Әбішұлы В.Путинмен келісімге қол жеткізді.
– Сонда Ресей басшысына: «Сіз Президент болмағанда бұл мәселені қашан шешетімізді кім білсін», – дегенім есімде. Өйткені шекараның даулы тұстары көп болды. Соған байланысты келісімге келгісі келмеген ресейлік шенеуніктер аз емес еді. Осылайша Кремльде көптеген журналистердің қатысумен үлкен жетістікке жеттік. Бұл онсыз да жарасымды екі ел қатынасын одан әрі нығайта түсті, – деді ол.
Мұндай күмәнді қиындықтан өзбек елімен де, Каспий теңізінің иесін анықтауда да орын алған. Дегенмен бүгінде көрші елмен жер мәселесі шешіліп, мұнайшылар мен балықшылар емін еркін еңбек етіп келеді.
«Орынборды қайтаруға тура келеді»
Ел арасында кең тараған Н.Әбішұлы мен Ресейдің бұрынғы Президенті Елциннің әңгімесі әлі күнге дейін актуалдылығын жоғалтқан жоқ. Бір кездесуде Елцин Каспий маңындағы Теңгізді Ресейге беру туралы сөз қозғанда Елбасы: «Онда сіздер Орынбор облысын қайтаруларыңыз керек болады», – деген.
– Шындығында бұл екеуміздің арамызда айтылған әзіл еді. Бірақ әзілдің астарында шындық жатқанын ескеру керек. Асылы, бұл ресейлік мұнайшылардың арманы болды. Ол мұндай үлкен қазба орнын оңай бере салады деп ойлады. Бірақ осындай жауаптан кейін мәселе қайта көтерілген жоқ. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстанға байланысты ресейліктер көп мәлімдеме жасап жүргенін білемін. Бұл Батыстағы елдердің: «Сібір аумағы өте үлкен, оны бөліп алу керек» деген әңгімесімен бірдей. Осы тұста Ресейдің сыртқы істер министрі Лавров мәлімдеме жасап, Ресейдің Қазақстанға қатысты шекаралық шағымы болған емес деп, дауға нүкте қойғаны орынды болды. Саясаткерлер айта береді. … Қандай жер берді? Егер Біз Алтын Орданың мұрагерлері болсақ, онда Мәскеу княздігі алым-салық төледі. Енді біз 800 жылдық тарихты еске түсіруіміз керек пе? Сондықтан мұндай мәлімдемелерге назар аударудың қажеті жоқ. Қазір интернетте сөз бостандығы», – деп жауап берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түркі елдерінің ақсақалы бұл сыртқы үшінші күштің екі ел арасына іріткі салу мақсатында жасаған әрекеті болуы мүмкін екенін де жасырмады. Өйткені бүгінде Азия елдері бірігіп, экономикалық дамуға көшкен. Бұл ықпалды күштерге ұнамайтыны анық.
Тероризм тежешігі
Қазір Азия елдерінде тероризм күрделі мәселелердің бірі. Көрші Өзбекстан, Тәжікстанда терористермен қақтығыстар жиі орын алып тұрады. Елбасы бұл сауалға да кеңінен тоқталды.
– Иә, Тәжікстан Президентінің ел астанасына автоматпен кіргені есімізде. Елді терористерден тазарту керек болды. Әл күнге дейін бұл елдерде қару дауысы естіліп тұрады. Біздің елде мұндай аласапыран болған жоқ, болмайды деп үміттенемін. Солай бола тұра Қазақстанда дін бостандығы толық қамтамасыз етілген. Бұл демократияның өркендегенінің көрісі. Төбеңде баспанаң болса, бала-шағаңды асырай алсаң, бейбітшілік болса – нағңыз демократия осы. Соғыс болған жерде мұның ешбірі болмайды. Қазақтар ешқашан радикалды жолды таңдаған емес. Рас, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлерінен аздаған ақша үшін адасып кеткендер болды. Оларды елге қайтардық. Қазіргі таңда ел астанасында әлемдегі көлемі жағынан ең үлкен ондыққа кіретін мешіт тұрғызып жатырмыз. Құдай қаласа, жыл соңына дейін құрылысы ақталуы тиіс. Сонымен бірге бюджет қаржысына емес, кәсіпкерлер демеушілігімен жүзеге асып жатқанын айта кетейік. Бұл бейбітшілік символына айналған, туризмнің жарқын орталығына айналуы тиіс.
Сартай БАЙЖАН