Мәжілісте электр энергетикасы саласын дамыту мен жылу беру маусымының өту барысы мәселесі қаралды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен электр энергетикасы саласын дамыту мен жылу беру маусымының өту барысына байланысты мәжіліс өтті. Жиында аудан әкімі жауапты маусымды талапқа сай, үздіксіз өткізу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.Ауданымызда соңғы жылдары тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл ауданда жалпы құны 2,4 млрд. теңге болатын 3 жоба – Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңарту, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қожабақы ауылының электр желілерін қайта жаңғырту және Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жаңадан ашылған кварталдардағы нысандар мен тұрғын үйлерге керекті электр энергиясының қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тозығы жеткен желілердің үлесі қазіргі 69,5 пайыздан 65 пайызға дейін төмендемек.
Аудан басшысы аталған жобалардың жүзеге асуы қысқы жылыту маусымын тұрақты өтуіне тағы бір қадам болып табылатындығын айтып, жобалардың нәтижелі жүзеге асуын жауаптыларға қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар ауданымызда әлі де ауыстыруды қажет ететін трансформаторлар мен электр желілері бар екенін айтып, электр желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында әзірленген жобаларды алдағы жылдарға қаржыландыру мәселесін пысықтау керектігін жеткізді.
Мәжілісте аудан басшысы жылу беру маусымын қалыпты өткізу мәселесіне де тоқталып, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандардағы жылу режимін тұрақты бақылауда ұстау, тұрғын үйлер мен жеке сектордағы шағымдарға жедел әрекет ету мақсатында кезекші топтардың жұмысын күшейту керек. Сонымен қатар, жылу желілерінде туындаған ақауларды дер кезінде жою, тұрғындарға қолайсыздық туғызбау және елді мекендердің халқын қатты отынмен уақытылы қамтамасыз ету міндеттелді. Қазалы ауданы бойынша жылыту маусымы 10 қазанда басталды. Бүгінде аудан бойынша 161 нысан жылыту маусымын тұрақты өткізуде.
Жиында аудан әкімі жылу беру маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша да тиісті сала басшыларына нақты тапсырымалар берді. Жылу беру маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық іс-шараларды тиянақты ұйымдастырыңыздар. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы табиғи газды қауіпсіз пайдалану, оның ішінде түтін жолдары мен ауа-желдеткіш каналдарын уақытылы тазалау және жылу маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңіздер, әлеуметтік нысандар мен мекемелерде өрт кезінде қалай әрекет ету керек екені жөнінде оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіңіздер, - деді Алмасбек Әбілқасымұлы.












