Мерейге бөлеген молшылық маусымы
Молшылық маусымы келсе, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі еленер шақ та туады. Өткен сенбіде ауданда дәстүрге айналған «Алтын күз – 2025» мерекесі жоғары деңгейде аталып өтіп,жыл бойы дала төсінде маңдай терін төккен диқандардың, мал шаруашылығын өркендеткен еңбек адамдарының табанды тірлігі дәріптеліп, жыл жетістіктері сараланды.Қазалы мәдени-демалыс кешенінің алдында ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан жұртшылығы, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбек озаттары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жас мамандар, сондай-ақ қонақтар мен өнерпаздар қатысты. Ауылдың ажарын айшықтап, елдің ырысын арттырған еңбек адамдары бұл күні ерекше құрмет пен ықыласқа бөленді.
Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов арнайы қатысып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың жылы лебізге толы құттықтауын жеткізді.
– Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен және «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сыр елінің қамбасын молайтып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен аймағымыздың диқаншылар қауымы бүгін ерен еңбектің төріне шығуда.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде соңғы жылдары байыпты бастамалар қолға алынып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асуда. Облысымыздың бюджеті 851 миллиард 300 миллион теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті.
Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. 2021 жылы өңірімізге 308 миллиард теңге инвестиция тартылса, биылғы жылы 720 миллиард теңге тартылады. Облыс экономикасының негізі саласы – агроөнеркәсіп кешені де қарқынды дамуда. Соңғы 3 жыл ішінде мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 43 миллиард теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі жыл сайын артып, осы жылы 234 миллиард 800 миллион теңгеге жетеді.
Бүгінде, осы қолдаулардың арқасында ерте көктемнен қара күзге дейін күннің ыстық-суығына қарамай еңбек еткен Сыр диқандары межелі өнімге қол жеткізуде. Жыл сайын «Алтын күз» мерекеcін тойлаудың игі дәстүрін жалғап, адал еңбегімен төрге шыққан озаттарды марапаттаудың алтын арқауын үзбей келеміз. Еңбек адамдарын құрметпен марапат төріне шығару – біз үшін үлкен мәртебе.
Қадірлі қауым! Қамбамыз әрдайым дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта бергей. Баршаңызды Республика күнімен және ырыс-несібеге толы молшылық мерекесімен тағы да құттықтаймын, – деді Бахыт Дүйсенұлы.
Марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Республика күні мен «Алтын дән – 2025» мерекесіне арналған құттықтау хатын аудан әкімі Алмасбек Есмахановқа салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Жамаладин Өтеев, ал Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбділдаев марапатталды. Сондай-ақ, аймақтың ауыл шаруашылығы саласына өз үлесін қосқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов та өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының үздік еңбеккерлерін облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапаттап, жылы лебізін білдірді.
Жылдағы дәстүр бойынша түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталып, олардың еңбектері көпшілік алдында лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, «Озат бақташы», «Озат шопан», «Озат жылқышы», «Озат түйекеш», «Озат ветеринар», «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат көкөніс өсіруші», «Озат күріш өсіруші» және өзге де оннан астам аталым бойынша еңбек адамдары марапат төріне шықты.
Сонымен бірге еңбек ерлерінің өнегелі істерін қаламына арқау етіп, ауыл шаруашылығы саласының жарқын жетістіктерін ақпарат кеңістігінде кеңінен насихаттаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де назардан тыс қалмады. Олар «Озат газет тілшісі» және «Озат БАҚ өкілі» номинациялары бойынша марапатқа ие болды.
Сонымен қатар «Үздік шаруашылық» номинациясы бойынша III дәрежелі диплом – «Мерей» шаруа қожалығына, II дәрежелі диплом – «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, I дәрежелі диплом – агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Рза-Агро» ЖШС-на берілді.
Салтанатты шара соңы еңбек майталмандарына арналған аудан өнерпаздарының әсем ән мен күйге толы концерттік бағдарламасына ұласты. Осылайша, күздің берекелі мерекесі дала диқандарының еңбегін дәріптеп, елдің рухын асқақтатқан қуанышты сәтке айналды.
Арайлым ЖҮСІПОВА














