Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтығы биік асыл еді

Азаматтығы биік асыл еді

Сыр өңіріне белгілі кәсіпкер, меценат, Қызылорда облысы мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты болған абзал азамат Мінәжадин Сыражадинұлының бақилық болғанына да бір жыл болыпты. Адамның артында еске алуға боларлық қайырымды істері мен ұрпақтарына үлгі болар жетістіктері қалса ол тірілер үшін үлкен өнеге.
Мінәжадин сондай артына абыройлы өнеге қалдырған азамат. Ол тек туыстарына ғана емес қарамағындағылары мен қатар дос-жарандарына да адал жан болды. Мен соңғы кездері оның жымиған күлкісін, ақжарқын қалпын, мейірімді жүзін жиі еске алатын болып жүрмін. Арамызда бұрыннан келе жатқан құдалық қатынасымыз да бар. Бірақ Мінажадин достан басқа туыстары ол сөзді көп қолданбайды. Мәкеңнің азаматтық ерекшелігін осы жерден де байқауға болады.
Марқұм Мінажадин Сыражадинұлы киелі Сыр өңірі, оның ішінде Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би атындағы ауылда туып-өскен. Әкесі Сыражадин ұзақ жылдар бойы шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Мінажадин болса алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаса да, жоғары білім алуға деген ынтасы зор еді. Сол ынта-жігер жас жігітті Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтынан бір ақ шығарды. Бухгалтер-экономист мамандығын алған соң ауданның бірнеше шаруашылығы мен кәсіпорындарында экономист, бухгалтер болды. Қандай шаруа болса да, бар ықыласымен істейтін ол осы салаларға басшылық қызметін де атқарды. Кеңес үкіметінің туы жығылған тұста Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бөлімшесінде аға экономист, бас есепші болды. Кейіннен «Сыр Маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, туған жеріне тікті. Күріш егу мен мал бордақылау бағытына аса көңіл аудан экономикасын нығайтуға зор үлесін қосты. Ол өзінің жанкешті еңбегінің арқасында «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталды. Жұмыс жасаған бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі»төсбелгісін кеудесіне тақты. Аудандық мәслихаттың үшінші, төртінші және бесінші, облыстық мәслихаттың алтыншы, жетінші шақырылымдарының депутаты болып сайланып, халық қалаулысы да атанды.
Мінажадин қашанда игілікті істердің басынан табылатын. Соның бірі – Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылына жаңа мешіт салып берді. Ақтан батыр ауылындағы 1924 жылы салынған ескі мешіттің тозып бара жатқанын көрген Мінажадин жаңадан мешіт салуға өзі мұрындық болып, басы-қасында жүрді. Ондағы мақсаты – ауыл адамдарының мұсылмандықтың ақ жолынан ауытқымай жүруіне септігін тигізу еді. Ол мақсаты орындалды да.
Мінажадиннің тағы бір қасиеті ол білімде болсын, спортта болсын, өнерде болсын таланты бар жастарды қолдайтын, тек қолдап қана қоймай әр кезде қаржылай қол ұшын да беретін. Олардың таланттарының жоқшылықтан тұншығып қалмай, ары қарай дамуына жол ашатын.
Мінажадин туралы ойлағанда мына бір оқиға әр уақыт есіме түседі. Мен елге ат басын тіреп қызмет жасап жүрген кезім еді. Жұмыс бөлмеме Мәкең кіріп келді. Сол баяғы сыпайы қалпы. «Құда қалайсың?» деп бәйек болып жатыр. Мен болсам бір «азаматқа» іштей ренжіп, көңілсіздеу қалыпта отырғам. Мән-жайды түсінген соң «Әлеке қайтейін, бір ашуыңды маған бер» дегені. Анда-санда бір ашуланатын және көңілдеріне тимесін деген оймен кінәлі адамға білдірместен көбіне өзімді іштей жегідей жейтін жаман әдетім қапелімде кете қоймаса да «Мәке артық айтсам кешір, бірақ әділдігін айтшы сол баланың келешегін айқындап берген мен емес пе едім. Сол қиналып жүрген сәттерін неге ұмытады». Елге келгелі жеті жылда амандасып кетуге жарамады. Егер әйелінен жасқанса, сөйлесудің басқа жолы бар емес пе?! дегенмін. Осы сәт досымның мінезінің өзіме ұқсастығын көрдім. Ренішімнің оған қатты әсер еткенін байқап қысылдым. Түрегеліп қасына келіп, тағы да кешірім сұрадым. Жуып-шайдым. Әйтсе де кабинеттен шыққан тұста досымның жүзінің күңгірт тартқанын байқадым.
Бұрындары «адам баласы ауруды қайдан табады?» деп ойлайтынмын. Меніңше, ауру адамға тек ішкен астан немесе жұғып кеткен тұмаудан емес жоғарыда айтқандай керағар дүниеден пайда болады-ау. Алдымен жүрегіңді жаралайды. Сосын іш құрылысыңның олқылау бір тұсын жаулайды. Айналып келгенде адам бойына бір кесел жабысады. Мәкең де сондай ренішін, ашуын сыртқа шығара бермейтін адам еді. Соның салдары болар ол ауыр науқасқа шалдығып ұзақ емделді. Өзінің ешнәрсеге мойымайтын қасиетінің және өмірге деген құштарлығының, жан жары Айгүлдің қамқорлығының арқасында ол дертті де жеңіп шықты.
Иә... Мінәжадин Өтеевтің азаматтығы, адамгершілігі, іскерлігі туралы көп айтуға болады. Әттең өмірі өлшеулі болды. Осындай азаматты қара жерге қию да қиын. Бірақ бәрібір жаратушының құзырында екенін мойындамасқа амал жоқ. Көңілге медет болатын нәрсе – артында саналы ұрпақ қалдырғаны. Қара шаңырақтың иесі болар Жамаладин, Руслан, Аслан сынды ұлдары мен аяулы әкесінің өткен өмірі жайлы естеліктер жазып жүрген Асылзат пен Перизат сияқты қыздары бар. Бәрінің де бойында әкелері еккен ізгілік пен мейірімнің дәні көктеп, жайқалып келе жатқаны да үлкен бақыт.

Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
Қазалы ауданының «Құрметті азаматы»

29 қазан 2025 ж. 146 0

Берекелі жәрмеңке

29 қазан 2025 ж. 177

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031