Берекелі жәрмеңке
Сенбінің таңы қарбалас тіршілікпен басталды. Себебі кент орталығындағы Қ.Пірімов көшесінің бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Тақтайдай тегіс, ұзын көшенің бойына тұрақтаған жүк көліктеріне түрлі өнімдер тиеліп келді. Жұртшылыққа нарық бағасынан төмен әрі тиімді бағада ұсынылды.Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бірнеше бөлігі өзімізде өндіріледі. Ет, балық, сүт, күріш және тағы да басқа өнімдермен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да шығарып отырмыз. Сенбі күні сапасы жоғары, экологиялық таза өнімдерді арзан бағаға өткізу үшін Республика күні және «Алтын күз – 2025» мерекелеріне орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Молшылық мерекесіне жиналғандардың қарасы қалың. Көңіл-күйлері көтеріңкі.
Ауыл өнімдерінің жәрмеңкесін облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен аудан әкімі Алмасбек Есмаханов және мерейтойға арнайы келген қонақтар бірге аралады.
Алтын күздің тоқшылық мерекесіне кент және ауылдық округтерден барлығы 54 көлікке тиелген 121 тоннаға жуық өнімдер әкелінді. Оның ішінде 10 тонна күріш, 5 тонна ет пен 5 тонна сүт өнімдері, 11 тонна балық, 80 тонна картоп және көкөніс өнімдері, 8 тонна кондитерлік өнімдер, 1 тонна «Қазалы» кәмпиті, сонымен қатар қой, тоқты, қысқы мал азықтары әкелінді.
Жәрмеңке барысында мерейтойға келген қонақтар тарапынан әсіресе Қазалының кәмпиті мен балық өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Ауданның диқандары мен тауарөнідірушілері жеміс-жидек, көкөніс дақылдары және азық-түлік тауарлары, ет және балық өнімдерін аудан тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынды.
Мереке аясында ұйымдастырылған жәрмеңке – аудан тұрғындары үшін үлкен сый болды. Олар арзан бағаға сұранысқа ие сапалы өнімдерді сатып алып, көңілдері бір жайланып қалды.
Айнұр ӘЛИ














