Егемен елдің еңселі мерекесі
Өткен сенбіде еліміздің егемендігінің бастауы болып саналатын ұлттық мереке – Республика күні кең ауқымда және ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында ұйымдастырылған салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, мәслихат депутаттары, ардагерлер, еңбек үздіктері, жастар мен қоғам белсенділері қатысты.Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының салтанатты түрде сахна төріне шығарылуымен және Әнұранның шырқалуымен басталды. Мерекелік жиында аудан басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы Есмаханов қазалылықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтап, еліміздің өркендеуі жолында ауданның қосып отырған үлесін атап өтті. Сондай-ақ жыл басынан бері атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады.
– Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті.
Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістіктердің барлығына да киелі Сыр елінің, оның ішінде қасиетті Қазалы ауданының қосқан үлесі зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ерекше қолдауының арқасында жыл сайын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етіліп келеді.
2025 жылы аудан бюджеті 18,9 миллиард теңгеге бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 26,7 миллиард теңгеге жетті. Жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.
Биылғы жылдың өзінде Жанқожа батыр ауылында «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп, Әйтеке би кентінде «Руханият» орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Руханият сквері, Орталық алаң сынды абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген нысандар аудан халқының игілігіне пайдалануға берілді.
Ақтан батыр және Абай ауылдары көгілдір отынға қосылса, бүгінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газға жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Биыл құны 1,5 миллиард теңгеге аудандағы шалғай елді мекендер – Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек ауылдарына таза ауыз су жеткізілуде.
Аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы жүргізілуде. Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені мен Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі де қайта салынуда. Мұнан басқа да әрбір сала бойынша аудан халқының игілігіне бағытталған жұмыстар жетерлік.
Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне белсенді үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді.
Алдымен аудан басшысы Қызылорда қаласында өткен облыстық салтанатты шарада Мемлекет басшысының Жарлығымен «РЗА-АГРО» ЖШС директоры Нұрлан Имандосовтың «Құрмет» орденімен марапатталғанын жеткізді.
Мұнан соң ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – Аманкүл Тілеу, «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен – №91 орта мектеп директоры Қуаныш Көмекбай, «AMANAT» партиясының Құрмет грамотасымен – Бірлік ауылдық округінің әкімі Өтеп-Әлі Өміртай марапатталды.
Сонымен қатар мемлекеттік және еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, еңбек озаттары облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Ідір Дәстен, Арғын Орымбаев, Күлзипа Нақан және Бақытбек Құлбаевқа «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияның қабылдануына атсалысқан, сол кезеңде ауданнан депутат болған Самұрат Имандосов, Ажаркүл Алдажарова және Оңалбай Қалдыбай облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен ауданның Құрмет грамотасымен марапатталды. Мерекелік кеш аясында көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілері табыс етілді.
Шара соңында аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, Республика күнінің мәні мен маңызын айшықтай түсті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














