Статистика – даму айнасы
Мемлекеттік статистика – ел дамуының нақты көрінісін бейнелейтін маңызды сала. Уақыттың талай белесін артта қалдырған Қазалы ауданының Статистика бөлімі де бұл бағытта үздіксіз еңбек етіп келеді.Биыл Қазақстан мемлекеттік статистикасының құрылғанына 105 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында біз бірнеше жыл бойы сырға толы сандарды сөйлеткен сала ардагері Жамет Жұмамұратпен сұхбаттасқан едік. Ол аудандық статистика қызметінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі жетістіктері жөнінде әңгімелеп берді.
– Иә, Қазақстандағы ресми статистиканың тамыры тереңде жатыр. Оның бастауы тіпті Қазақ хандығы дәуіріне дейін барады. Мәселен, 1459 жылы Қазақ хандығы құрылғанда халық саны шамамен 200 мың болса, XV ғасырдың соңына қарай бір миллионға жеткен деген тарихи деректер бар. Бұл – алғашқы демографиялық есептің нышандары.
Ал орталықтандырылған статистикалық қызметтің негізі XVIII ғасырдың екінші жартысында, Қазақстан Ресей империясының құрамына енген кезде қаланды. Кейін 1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АССР Үкіметінің қаулысымен Статистикалық басқарма құрылды. Бұл – бүгінгі Ұлттық статистика жүйесінің бастауы.
Қазақстанның мемлекеттік статистикасы өз қызметінде 1992 жылғы 15 сәуірде Женевада Еуропалық экономикалық комиссияның 47-сессиясында қабылданған және БҰҰ-ның Статистикалық комиссиясы мақұлдаған Ресми статистиканың негізгі принциптерін басшылыққа алады. Бұл принциптер – деректің нақтылығы, айқындылығы және тәуелсіздігі сияқты халықаралық стандарттарға негізделген.
Қазіргі таңда Қазалы ауданының Статистика бөлімі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің аумақтық органы ретінде жұмыс істейді. Бөлімнің басты міндеті – мемлекеттік органдарды, іскер топтарды және өңір тұрғындарын Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы объективті мәліметтермен қамтамасыз ету. Сонымен қатар статистикалық қызмет саласында мемлекеттік саясаттың орындалуын бақылау және үйлестіру бағытында да маңызды жұмыстар атқарылады.
– Қазалы ауданындағы статистика бөлімі қашаннан жұмыс істей бастады?
– Қазалы ауданындағы статистика бөлімінің тарихы 1947 жылдан бастау алады. Ол кезде «аудандық есеп-қисап мекемесі» деп аталды. 1954-1959 жылдары дербес бөлім ретінде жұмыс істеп, кейінгі жылдары бірнеше мәрте қайта құрылды.
1988 жылы мемлекеттік комитетке айналдық, ал 1998 жылы желтоқсанда комитет таратылып, статистикалық жүйе қайта жаңғыртылды.
2004 жылы Қазақстан Үкіметінің басқару құрылымдарын оңтайландыру бағдарламасына сай Қазалы аудандық статистика бөлімі қайта ашылды.
Одан бері 2005, 2009, 2014 және 2021 жылдары құрылым атауы мен бағыныстылығы өзгеріп отырды. Қазір бұл бөлім – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің аумақтық органы болып қызмет етеді.
– Сіз куә болған ең елеулі кезеңдердің бірі – халық санағы шығар. Сол туралы айтып өтсеңіз.
– Әрине. 1999 жылы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында елімізде Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы Ұлттық халық санағы өтті. Қазалы ауданы бойынша бұл маңызды шараға 300-ден астам адам қатысты. Сол кезде аудан халқының саны 68900 адам болды.
Кейін 2009 жылы екінші санақ өткізілді. Онда ауданда 74730 адам тіркелді. Ал 2021 жылы үшінші рет санақ ұйымдастырылып, Қазалы халқы 78362 адамға жетті. Оның ішінде Әйтеке би кентінде – 45498, Қазалы қаласында – 7381 адам тіркелді. Бұл ауданның тұрақты өсімін көрсетеді.
2005 жылы елде Қазақстан мемлекеттік статистикасының 85 жылдығы, ал 2010 жылы 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Аталған мерейтойлар сала қызметкерлері үшін ерекше кезең болды. Өйткені дәл осы жылдары статистика жүйесінде бірқатар жаңашыл реформа жүзеге асырылып, деректерді жинау мен өңдеу тәсілдері заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
2006-2007 жылдары елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өткізілді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ауылдық саланы кешенді түрде қамтыған ең ауқымды санақтардың бірі еді. Бірінші кезең 2006 жылдың шілде айында жер мен егістікке қатысты деректерді қамтыса, екінші кезең 2007 жылдың қаңтар айында ауыл шаруашылығындағы мал басы, өндіріс көлемі мен инфрақұрылым жағдайына бағытталды.
Санақ қорытындылары мұқият өңделіп, арнайы қорытынды кітапша түрінде жарық көріп, тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерге таратылды.
Қызығы, Қызылорда облысы бойынша шыққан қорытынды жинақта Қазалы ауданының көрсеткіштері үлгі ретінде берілді. Осылайша аудандық статистика бөлімінің жүйелі жұмысы мен мәліметтер сапасының жоғары екенін айғақтайды.
– Соңғы деректер бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қандай деңгейде?
– 2025 жылдың 1 қазанына дейінгі ресми деректерге сүйенсек, Қазалы ауданында 78877 адам тұрады. Оның ішінде 40219-ы ер, 38658-і әйел.
Ауданда 528 заңды тұлға тіркелген, соның 488-і белсенді жұмыс істеп тұр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5371, оның 3956-сы жеке кәсіпкер, 1099-ы шаруа қожалықтары.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында аудан кәсіпорындары 24991 миллион теңгенің өнімін өндірген. Инвестиция көлемі – 20920 миллион теңге, ал 43482 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты дамуда. Қазір ауданда 52839 ірі қара, 64715 қой, 41239 ешкі, 58 579 жылқы, 14725 түйе және 6884 үй құсы бар. Тоғыз айдың ішінде 26548 тонна ет, 34888 тонна сүт және 5,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
– Статистика саласында ұзақ жыл қызмет еткен адам ретінде бұл мамандықтың ерекшелігін қалай бағалайсыз?
– Статистика – елдің айнасы. Бұл сала – нақты дерек пен дәлдікке сүйенетін мемлекет жүйесінің маңызды бөлігі. Біз ұсынған әрбір сан, әрбір көрсеткіш – экономикалық шешімнің негізі. Сол себепті статистика қызметкері аса ұқыптылықты, адалдықты, жауапкершілікті қажет етеді.
Мен үшін статистика – жай сандар емес, ауданның тыныс-тіршілігі мен дамуының шынайы көрінісі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













