Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған музей, жаңғырған жәдігер

Жаңарған музей, жаңғырған жәдігер

Елдегі ескі мәдениет ошақтарының бірі – Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі. Тарихтың куәсі болған мекеме тәуелсіз мемлекетімізге абыроймен қызмет етіп келеді. Иә, көненің көзі, тарихтың өзі болған жәдігерлерді жинақтау, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, насихаттау – абыройлы міндеттің бірі. Бүгінде елде мұражай ісіне талап пен қызығушылық артып келеді.
Отандық мұражай қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда мұражайдың маңыздылығы артты. Қызығушылық та өсіп келеді. Жалпы мекеме қызметінің түпқазығы – тарихи жәдігер, оның қоры мен экспозициясы. Қазалы қаласында орналасқан Ғани мұражайында атқарылып жатқан ауқымды іс көп. Қосымша залдар көрнекіленіп, балалардың қызығушылығын арттырған тылсым бөлме ашылды.

ЕЛ БОЛУ – МӘДЕНИЕТІҢДІ ТҮГЕНДЕУ
Қазақ үшін музей ұғымы әу бастан жат емес. Әрбір тасын төңкере қалсаң тарихтан сыр шертетін кең даламыздың қойнауы ескі жәдігерге толы. Орта Азия мен Қазақстан жастарының ХХ ғасырдағы жалынды жетекшісі, өз заманының патриоты, көрнекті қоғам қайраткері, Қазалының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы, 7-қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен ашылған. Музей ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған орыс саудагерінің үйі болған. Кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат беріледі. Мұражай Қазалы қалалық кітапханасында 1967 жылы ұйымдастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылыпты. Бұл мүйісті ұйымдастыруға белсенді ұстаздар М.Жанұзақов, Б. Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов, Ж.Төлеповалар атсалысқан. Ғанидың өмірі мен қызметіне қатысты көптеген құжаттар мен фотосуреттер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Т.Жұмабаев арқылы алыныпты.
1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1981 жылғы 30 сәуірдегі және Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 1981 жылғы 19 маусымдағы №107 бұйрығына сәйкес дербес музей болып құрылды. 2019 жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филалы болып жұмыс істеуде. 1981-1984 және 1991-1992 жылдары қосымша құрылыстар салынып, музей ғимараты кеңейтіледі. 2023 жылы реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы музей ғимаратының тарихи ескерткіштер бөліміне реставрация жасалды.

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҢ МЕКЕНІ
Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 120 жылдық, музейдің 30, 40, 50, 55 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтуде. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы кезінде Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратындағы қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылған. Ал 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлеңдер мен поэма-толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен – Ғанимын» атты жинақ шығарылды. 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуы қарсаңында музей тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап жарық көрді. 2012 жылы 110 жыл толуы құрметіне Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғанидың мерейтойларынан баспасөз беттерінде жарияланған репортаждар және Ғаниды зерттеушілер мен ізбасарларының еңбектерінен құрастырылған «Ғани» атты жинақ, 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016, 2017 жылдары «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақтар және 2018 жылы «Ғанидың қара шаңырағы» атты фото-альбом, 2023 жылы музейдің ашылғанына 55 жыл толуына орай Республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналының баспасынан «Ғанидың шырақшысы Қазалыдағы мұражай» атты арнайы журнал шығарылды.
Музей жас жеткіншекті Ғани рухында тәрбиелеуге, оның жалынды өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында жұмыс жүргізуде. Жыл сайын Ғанидың туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атаулы күндері іс-шаралар өткізіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды насихаттау, еңбек адамдарын дәріптеу, Батыр аналарды таныстыру, соғыс ардагерлерін құрметтеуді жас ұрпақ бойына сіңіруде жұмыстар атқарып келеді. Музей жанында үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі мен «Жас ғанитанушылар» үйірмесі жұмыс жасайды.

СЫР ШЕРТКЕН ЖӘДІГЕРЛЕР
Музейге келушілер жыл сайын көбейіп, экспонаттар саны артуда. Ғани рухына тағзым етушілер қатарында ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен келген аудан қонақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер бар. Н.Назарбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде 1986 жылы Сыр бойына келген жұмыс бабындағы сапарында Ғани музейінде болып, қолтаңба қалдырды. 1968 жылы музей алғаш ашылғанда 200 жәдігер, 3 зал болса, 2015 жылдың 1 қаңтарына музей қоры 6624 жәдігерге жетті. 2015 жылдың ақпан айында өлке тарихына қатысты 4015 жәдігер аудан орталығы – Әйтеке би кентінде ашылған аудандық өлкетану музейіне берілді. Бүгінгінде музей қорында 4487 экспонат бар.
Музейде сегіз экспозициялық, бір көрме залы бар. Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық сапарға аттанғанға дейінгі өмір жолы осы залдарға кезең-кезеңмен орналастырылған. Сондай-ақ, музей қорында оның өз қолымен жазылған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері бар. Сонымен бірге қызметтес болған серіктерінің, замандастарының естеліктері мен кітаптары да табылады. Ғани туған өлкенің тарихынан да мол мағлұмат алуға болады. Орта ғасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент шаһарының табанынан табылған ескі заттар мен түрлі әшекей бұйымдар, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпына қатысты жәдігерлер бар. Музейдің негізгі және көмекші қоры мен жұмысшы қорында жерлес ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері, Ұлы Отан және Ауған соғысы жауынгерлері жайлы деректер мен мәліметтер қойылған.
АТҚАРЫЛҒАН ЕҢСЕЛІ ІС
Мұражайдың филиал меңгерушісі Роза Асанованың айтуынша, қазір мекемеде 9 адам қызмет етеді. Жыл ішінде жоспарға сәйкес атаулы күндерге «Ашық есік» күндері ұйымдастырылады. Жыл басында 2024 жылы атқарылған жұмыстардың толық есебі жасалып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылған. Әр қызметкердің жеке шығармашылық жоспары бекітіліп, жыл ішінде оқылатын лекциялар мен іс-шаралардың тақырыбы, өткізу мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленген. Соңғы 9 ай көлемінде Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінде 6151 келушіні құраған 417 экскурсия өткен. 22 көрме, 57 лекция, 381 АС музей, 26 мәдени іс-шара ұйымдастырылған.
Мерзімді уақытта музейге барлығы 154 экспонат жинақталып, оның ішінде 103-і негізгі, ал 51-і көмекші қорға қабылданған. Өз дәуірінде трактор тізгіндеп, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген, Социалистік жарыстың жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Қожабике Әбдіхалықованың құжаттары мен төсбелгілері, Қазалыда қоныстанған түрлі ұлт өкілдерінің ХХ ғасырда пайдаланған тұрмыстық бұйымдарымен музей қоры толықтырылыпты. Шиелі ауданының тұрғыны Ербол Балтабеков музейге 6 қанатты киіз үйді сыйға тартып, оның негізінде «Ғани этноауылы» құрылған. Киіз үй Ғани алаңына тігіліп, бүгінде этноауылда түрлі бейнетүсірілімдер мен мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді.
Этноауылда «Төрдегі сөз» сырлы сұхбат музейлік жобасының алғашқы шараларының бірі өтті. «Домбыра – халықтың жаны, шебердің жүрегі» атты танымдық кездесу қолөнер шебері Қанатбай Ерболат Яхияұлының қатысуымен ұйымдастырылды. Шара барысында сырлы сұхбат өрбіп, терме тартылып, оқушылармен сұрақ-жауап жүргізілді. Сонымен қатар, шебер домбыра жасаудың қыр-сырын таныстырып, арнайы шеберлік сағатын өткізді. «Төрдегі сөз» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, әр саладағы танымал тұлғалармен сырласу мен сұхбат құру дәстүрін тұрақты түрде жалғастырмақ. Жоба аясында музей қорына 50-ге жуық экспонат сыйға алынған.
Музейде түрлі айтулы датаға орай түрлі іс-шара тұрақты түрде ұйымдастырылады. Соның бірі – Ғани Мұратбаевтың өмірден өткен күніне орай дәстүрлі «Мәңгілік жас Ғани» атты еске алу шарасы өткізілді. Халықаралық музейлер күнінде «Музей түні – 2025» акциясы аясында «Музей – халық қазынасын ұрпаққа аманаттаушы» атты мәдени шарасы өткізілді. Шарада «Ашық аспан астындағы музей» атты жылжымалы көрмеде қолөнер шеберлері Бейсембай, Молдахмет Дүймановтың туындылары, суретші Қуантай Ршымбетовтің шығармашылық жұмыстары және жергілікті жердің қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен шеберлік сағаттары ұсынылды. Сондай-ақ, қолөнер шебері Толғанбек Ораловтың «Темірмен ағаштан түйін түйген шебер» атты шебермен кездесу кеші өткізілді. Қолынан шыққан бұйымдарынан «Қазақ бөгенайы – Қазақ бренді» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылған. Ақын Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Қарасақал Ерімбет – жырдың селі» атты музейлік сабақ, Ғани Мұратбаевтың туған күні қарсаңында «Ғани кубогы» үшін мекемелер арасында дәстүрлі кіші футбол жарысы өткен. Ғани алаңында Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың туғанына 123 жыл және Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбеттің 175 жылдығына орай «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Музей жанында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында ерекше жоба – «Ғани» этноауылының лентасы қиылды. Этноауылда «Қарапайым еңбектің қастерлі жолы: әкелі-балалы Дүймановтар жайлы естелік» атты тағылымды кездесу өтті. Кездесудің арнайы қонағы – ағаш шебері, ақын әрі емші болған Молдахмет Дүйманов пен ұлы Бейсенбайдың өнегелі өмірі жайлы сыр шерткен қызы Мадина Молдахметқызы еді. Сұхбат барысында әке мен ұлдың қолөнер жолындағы еңбегі, ел жадында қалған мұрасы мен ұрпаққа қалдырған аманаты жайлы құнды әңгімелер айтып, әкесі мен ағасының 37 дана ағаш бұйымдарын ала келіп, музей қорына табыстады. Ал Ғанидың шәкірті Жүндібайдың қызы Бақыт Баянбаева әкесінен естіген Ғани жайлы естеліктерімен бөлісіп, әкесі Жүндібайға тиесілі құжаттар мен фотосуреттерді музей қорына тапсырды. Биыл Сыр елінің шежіресінде ерекше орны бар тарихи оқиға Қызылорда қаласының Қазақстан Республикасының астанасы атанғанына 100 жыл толуына орай, Қызылорда қаласында өткен «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауында музей қорындағы құнды экспонаттардан жылжымалы көрме ұсынылды. Көрме жастардың көшбасшысы – Ғани Мұратбаевтың қысқа да мағыналы ғұмыры мен өнегелі жолына арналды.

ЖАНДАНҒАН МЕКЕН
2024 жылғы реставрация жұмыстары барысында музейдің жертөлесі де толықтай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа мазмұнмен қайта жасақталды. Қордағы құнды жәдігерлер негізінде екі арнайы бөлме жасалды. Бірінші бөлме – орыс көпесінің үйі ретінде жабдықталып, өткен ғасырдың тұрмысын айқын бейнелейді. Мұнда көпестің жұмыс кабинеті, жатын бөлмесі, ас үйі мен қоймасы көрініс тапқан. Экспозиция келушілерге сол дәуірдің тұрмыстық мәдениетімен жақынырақ танысып, тарихи ортаға енуге мүмкіндік береді.
Екінші бөлме – «қорқыныш бөлмесі». Бұл ерекше бөлім келушілерге өзгеше әсер сыйлап, тарихтан тыс қызықты танымдық тәжірибе алуға жағдай жасайды. Жаңа экспозициялық бөлмелер музейді жаңа қырынан танытып қана қоймай, келушілерге тарих пен мәдениетті жан-жақты сезініп, рухани әсер алуға жол ашады.

КЕЛУШІЛЕРДІҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ
Қытай Республикасының провинция Гансу жерінен келген мистер Чау Джанг музейде қонақта болған. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі және өлке тарихына арналған экспозициямен танысыпты. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ» телеарнасының директоры Дулат Әбіш бастаған делегация келген. Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Ләззат Алғибайқызы мен колледж мұғалімдері табан тіреген. Журналист, документалист Әлия Әшім де музейде қонақта болыпты. Ауданға Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысынан келген қонақтар арнайы музейге келіп, Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі және өлке тарихына арналған залдармен танысқан. Сонымен қатар, өзіміздің қаладағы «Шағала» жазғы тынығу лагерінің демалушы 447 баласы музейге келіп, өткеннің тарихына қанығыпты. Мәскеу, Англия, Польша мемлекеттерінен келген туристтер де музей экспозициясымен танысып, ерекше әсер алған. Бұл біз жазған ақпараттың бір парасы ғана. Мұражайды атқарылып жатқан ауқымды шаралар, жақсы жаңалықтар, жаңа жобалардың легі көп.
Музей жұмысын тірілтетін, оған бас тіреп келетін көрермен – халық. Ал музейге жан бітіретін – жанкешті музейші. Музей – халықтың рухани жады, ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын тағылым ордасы. Ендеше ордадағы оңды істер өрге бассын дейміз.
Айнұр ӘЛИ
29 қазан 2025 ж. 143 0

Берекелі жәрмеңке

29 қазан 2025 ж. 177

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031