Тәуелсіз кезеңнің Тұңғышы
Әрбіріміздің есімізде, ел тәуелсіздігінің алғашқы елең-алаң кезеңінде, Елбасының сындарлы бастамасымен дамудың даңғыл жолына түскен сәтте алдымызға төрт бірдей қасиетті де қастерлі міндет қойдық.
Ол ең алдымен, Тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, екінші, нарықтық экономиканы қалыптастыру, үшінші, әлеуметтік бағдарланған қоғам қалыптастыру, төртінші, қоғамдық ойды қайта құру. Міне, осылайша біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында, ел тәуелсіздігі кезеңінде қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық бағыттарымызда осы төрт қасиетті міндеттен ешқашан айныған емеспіз.
Қазақстан өзін Тәуелсіз ел ретінде әлем қауымдастығына танытты. Кеңес Одағынан «мұраға» қалған және бірнеше мың есе инфляцияға ұшыраған жоспарлы экономиканың зардаптарын жеңе отырып, посткеңестік елдердің арасында сауатты нарықтық экономика қалыптастырды. Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты артты. Оған Нұрсұлтан Әбішұлының: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», – деген сөзін мысалға келтірер едік. Өйткені, Кеңестік кезеңде Сыр бойының кенжелеп қалған тұстары жетерлік еді.
Бүгінде жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан демократиялық құндылықтарды ардақ тұтатын ел ретінде де өзін анық айқындады. Өз мемлекетінің келешегінің кемелдігіне, болашағының баяндылығына берік сенетін Тәуелсіз елдің жаңа жас ұрпағы қалыптасты.
Бұл бір сөзбен айтқанда, мемлекет тәуелсіздігін қалыптастырушы Тұңғыш Президенттің ұлы тарихи рөлі.
Самұрат ИМАНДОСОВ,
Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы