Жасампаздықтың жаңа белесі
Кеше аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өткен мерекелік шарада көшбасшының ел үшін жасаған батыл қадамдары насихатталды.
Кеш басталмас бұрын жиынға қатысушылар Қазақстан Республикасының Гимнін тыңдап, қошемет көрсетті. Бұдан кейін Елбасының ерен еңбектері жайында сөз қозғалды. Оның саясаттағы сарабдал тәжірибесінің арқасында мемлекеттің саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық тұғыры Ата заң – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Сондай-ақ Елбасының «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» сынды стратегиялық жобалары республика үшін дамудың даңғыл жолын айқындап, дамыған 50 мемлекеттің қатарына енуге, рухани жаңғыру арқылы құндылықтарымызды қайтаруға қызмет еткені айтылды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Н.Әбішұлының жасампаз жобалары туралы лебізін білдірді.
– Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні. Бұл мереке азаттықтың алауын жағып, Тәуелсіздіктің тұсауын кескен күн. Сондықтан да бүгінгі мейрамның сыры да, сипаты да бөлек.
Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт-бағдар берген, жер-жаһанға танытып, бүгінгідей біздің беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда Елбасының еңбегі ұшан-теңіз.
Егемен еліміздің 29 жылғы тарихынан барша халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше. Себебі ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың кезеңіне кездесетіні анық. Осынау игіліктердің барлығы Тұңғыш Президенттің есімімен байланысты. Осындай сәтте Елбасының: «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған – мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық», – деген сөзі ойға оралады, – деді аудан басшысы.
М.Нәлхожаұлы бір ғана «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ауданда жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба қолға алынғанын, соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар мәселе шешілгенін мәлімдеді. Мәселен, Ақсуат ауылында 150 орындық клуб салынса, Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылуда. Бұл жұмыстарды жыл аяғына дейін аяқтауды көздеп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылының ажары кіріп, инфрақұрылым жақсарғанын мәлімдеді. Кентішілік көшелерден бөлек, ауылдык округтер мен Қазалы қаласында жүзеге асқан жұмыстар жайын баяндады.
Бұдан соң мерекелік шарада патриоттық әндер шырқалып, өнерпаздар жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жиын барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерінің ант қабылдау рәсімі өткенін де айта кетейік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ