Сапалы өнім сұранысқа ие
Аудан кәсіпкерлікте қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел екі қолға бір күрек ұстап, кәсібін дөңгелеткендер қатары артқан. Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттің айрықша назар аударғаны жасырын емес. Жергілікті тұрғындар арасында кәсіпке ынталы азаматтардың қатары артты. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар да бар. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер жетерлік.Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге Қазалы қаласындағы кәсіпкерлік нысандарды аралады. Алдымен «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш зауытына барып, зауыттың өндірістік әлеуетімен, күріш ақтау және қаптау желілерінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы зауыттың техникалық жабдықталуы мен өңдеу қуаттылығы туралы мәлімет беріп, қазіргі таңда өңделіп жатқан өнім көлемі мен экспорттық әлеуеті жайлы баяндады.
Биыл «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1503 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 550 гектар, 100 гектар бидай және 850 гектар мал азықтық дақылдарын орналастырған.
Аудан басшысы күріш зауыттан кейін жеке кәсіпкер Серік Жолболдиевтің «Интер» жеке медициналық орталығына барды. 20 төсектік медициналық нысан биыл ғана өз жұмысын бастаған. Жергілікті халық осы орталыққа күндіз келіп өздеріне қажетті процедураларын алады.
Нысандарды аралау барысында Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновтің «Қазалы» кәмпит цехының жұмысын көрді. Қазалының бренд өнімі шығатын цехты көрген Алмасбек Әбілқасымұлы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта конфет цехындағы өнім көлемін бұдан да арттыру жоспарда бар екенін жеткізді.
Қазалы қаласындағы тағы бір кәсіпкерлік нысан – жергілікті кәсіпкер Салтанат Ражатованың көкөніс жылыжайы. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы 8,6 миллион теңге несие иеленіп, жылыжай өсіруді қолға алған. 2023 басталған кәсіп алғашқы жемісін былтырдан бері бере бастаған. Алғашында кәсіпкер 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 800 келі өнім жиналған.
– Отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Нәтиже жаман емес. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек, – дейді кәсіпкердің өзі.
Жылыжайдың жұмысымен танысқан аудан басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін бастап, жергілікті халықты өніммен қамтып отырған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта жылыжай жұмысын әлде де жандандыруға тиісті қолдау көрсететінін айтты.
А. АЙДАРҚЫЗЫ














