Өнердің отын өшірмеген орда
Қай қоғамның да басты байлығы – рухани әлеует. Сол руханияттың шамшырағы болып, өнер мен мәдениеттің отын өшірмей келе жатқан Қазалы қалалық мәдениет үйінің ұжымы – елдің мәдени келбетін айшықтап, халықтың рухани сұранысын өтеп жүрген шығармашыл орта. Олар дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде айрықша еңбек етіп келеді.Қазалы қалалық мәдениет үйінің тарихы тереңнен тамыр тартады. 1973 жылы алғаш рет пайдалануға беріліп, аудандық мәдениет үйі ретінде халыққа қызмет көрсетті. Кейін аудан орталығы кентке көшірілген соң, мәдени ошақ қалалық деңгейде өз жұмысын жалғастырды. Содан бері бұл өнер ордасы талай буынның рухани тәрбие алаңына айналды.
Жылдар жылжыса да, мәдениет үйінің қоғамдағы маңызы мен орны кеміген жоқ. Әр кезеңде оны басқарған азаматтар өз қолтаңбасын қалдырып, ұжымның дамуына елеулі үлес қосты.
2002-2004 жылдары мәдениет үйін Серік Пірімбай, 2004-2007 жылдары Ақылбек Бөлебай, ал 2007-2009 жылдары Абылхайыр Ыбраймов басқарды.
2009 жылғы 24 қарашадағы №263 қаулы негізінде мекеме «Қазалы қалалық және ауылдық мәдениет үйлері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
2010-2013 жылдары ұжымды мәдениет саласының тәжірибелі маманы Ғалия Оспан басқарды. Ал 2013 жылдан 2024 жылға дейін мәдениет үйін Әзілхан Махсатбаев басқарып, бұл кезең мекеменің өркендеу дәуірі ретінде есте қалды.
2025 жылдың қыркүйегіне дейін басшылық тізгінін Кемеңгер Өтеп ұстаса, бүгінде ұжымға Бауыржан Ізмағанбетов жетекшілік етуде.Ұлттық құндылықтың ұясы

2023 жылдың ақпан айында Қазалы қалалық әйелдер кеңесінің бастамасымен және мәдениет үйінің қолдауымен ерекше жоба – «Ғибрат» әжелер мектебі құрылды. Өмірлік тәжірибесі мен өнегесі мол Зейнебай Мұса аталған мектептің жетекшісі болып тағайындалды. Бүгінде бұл бастама ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналып келеді.
Әжелер мектебінің әр мүшесі өмірдің әр саласында еңбек етіп, бүгінде зейнет жасына жеткен ардақты аналар. Олардың бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі теміржолшы, енді бірі мәдениет пен ауыл шаруашылығында еңбек еткен жандар. Бүгінде немере бағып, ұрпағына үлгі болып отырған әжелер қоғамдық өмірден шет қалмай, жас буынға тәлім беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.
«Ғибрат» ұжымы әрдайым ізгілік пен руханияттың жаршысы. Олар қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, сахналық қойылымдар мен халықтық дәстүрге негізделген концерттер өткізеді. Қолөнер, ұлттық киім, салт-дәстүр, шежіре сынды ұмытылып бара жатқан құндылықтарды жаңғыртуда зор еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан да олардың еңбегі аудан, қала басшылығы тарапынан еленіп, түрлі Алғыс хаттармен марапатталған.
Сахна сыйы – халыққа
1992 жылы Қазалы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Халық театры» бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, шығармашылық қызметін тұрақты түрде жалғастырып келеді. Алғаш драма үйірмесін әдіскер Серік Пірімбаев ұйымдастырған болатын. Сол кезден бастап сахна төрінде талай таланттар түлеп ұшты.
Драма ұжымы Дулат Исабековтың «Әпке», «Есепшот, Түйетауық және Домино», С.Суханбердиннің «Шындық», Қуандық Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Р.Шотбаеваның «Құйынбайдың құдалары» сияқты көркем пьесаларды сахналады.
2016 жылы С.Суханбердиннің «Сәлденің сыры» атты қойылымы жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің №204 бұйрығына сәйкес «Халық театры» атағы берілді.
«Халық театры» жыл сайын түрлі тақырыптағы қойылымдар сахналап келеді.
2017 жылы балаларға арналған Өмірбек Боранбаевтың «Бәрінен де күшті, қорқақ көжек» ертегісі сахналанса, 2018 жылы драматург Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған облыстық байқауға қатысып, Алғыс хат иеленді.
2019 жылы «Сыған серенадасы», 2020 жылы «Абай әлемі» байқауында М.Әуезовтың «Абай» пьесасы қойылды.
2022 жылы белгілі режиссер Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған облыстық байқауда ІІІ орын иеленсе, 2023 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» пьесасы көрермен ықыласына бөленді.
2025 жылы Виктор Арловтың «Алтын балапан» атты балалар ертегісі аудан мектептері мен балабақшаларында қойылып, жас көрерменнің көңілін көтерді.
Үйірменің үйретері көп
Бүгінде Қазалы қалалық мәдениет үйі жанында алты шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, ән, би, жас ақындар, халық театры, эстрада және терме үйірмелері. Бұл үйірмелерге түрлі жастағы 99 өнерпаз қатысады.
Ән үйірмесіне Ғасырбек Аралхан, би үйірмесіне Айлуна Ағайдар, жас ақындар үйірмесіне Гүлбарам Жауғашарова, эстрада үйірмесіне Дастан Пірімбаев, халық театрына Айгерім Асанова жетекшілік етеді.
Бұл үйірмелер – жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілік ұялататын, олардың қабілетін шыңдап, сахна мәдениетін үйрететін үлкен мектеп. Әр жетекші шәкірттерінің бойынан талант пен тәртіпті, өнерге адалдықты көруге тырысады.
Атқарылған іс ауқымды
Қазалы қалалық мәдениетінің атқарған ісі ауқымды. Тоғыз айда ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында мазмұны терең шаралар легін жүзеге асырды. Нақтырақ айтсақ, 63 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіп, 7 965 көрерменді қамтыған. Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған «Асыл сөздің алдаспаны» атты әдеби-сазды кеш көпшіліктің ықыласына бөленді. «Ғибрат» әжелер мектебінің 1 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты мерекелік бағдарлама көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Ақын, прозаик, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың 120 жылдық мерейтойына байланысты «Әсем үн, маржан сөз» атты аудандық жүргізушілер байқауы жоғары деңгейде өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне арналған «Жылы лебіз – жан тебірентер» атты ұлт өкілдерінің ұрпақтарымен кездесу кеші мазмұнды естеліктерге толы болды. Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай «Иманның нұры – исламда» атты жасөспірімдер арасындағы Құран оқушылар сайысы өткізілді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған «Қазақ дейтін халықтың баласымын» атты әдеби-сазды кеш көрермен көңілінен шықты. Мәдениет саласының үздігі, әнші, музыкант Қайрат Ильясовтың шығармашылық кеші «Өмір. Өнер. Әуен» атауымен өтті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына байланысты «Жігіттің төресі» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Жергілікті ақын-сазгер Роман Қуантқанұлының «Құс ғұмыр» атты шығармашылық кеші өнерсүйер қауым тарапынан жылы қабылданды.
«Семей-Невада» қозғалысының ардагері, өлкетанушы Өмірбек Күлімбетов пен жары Қымбат Күлімбетованың өмір жолына арналған «Кемел жас. Өнегелі ғұмыр. Бақытты отбасы» атты кездесуде өнегелі әңгімелер өрбіді.
Сондай-ақ ұлттық домбыра күні мен күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай өткен «Домбыра – дастан» атты концертте күйшілер мен термешілер өнер көрсетті. Елорда күніне арналған «Еңселі елім – байтағым» атты мерекелік бағдарламада аудан өнерпаздары сахна сәнін ашты.
Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Абай – дана, Абай – дара» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – айбарым» атты театрландырылған қойылым мен салтанатты концерт көрермен назарына ұсынылды.
Қарттар күні және Бекарыстан би Амалдықұлының 260 жылдығына арналған «Ақтілеуі атаның, орны бөлек батаның» атты ақсақалдар сайысы жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шаралар ауданның мәдени өмірін жандандырып, рухани құндылықтарды дәріптеу мен шығармашылық бастамаларды қолдауға айрықша серпін берді.
Дәстүр жалғастығы – даму кепілі
Бүгінге дейін Қазалы қалалық мәдениет үйі өз бастамасымен көптеген ауқымды іс-шараларды өткізіп, әрқайсысы мазмұны мен мәні жағынан жұртшылықтың жоғары бағасына ие болып келеді. Жуырда ғана ұжымның тізгінін қолға алған жаңа басшы Бауыржан Ізмағанбетов мәдениет ошағында қалыптасқан игі дәстүрдің сабақтастығын сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін айқын көрсетті.
Оның жетекшілігімен аз уақыт ішінде бірнеше мазмұнды шара жүзеге асып, мәдени өмірге серпін беретін тың бастамалар қолға алынды.
«Өнер мен руханияттың ұйытқысына айналған бұл мәдениет үйінің өзіндік жолы қалыптасқан. Ендігі мақсат – осы бағытты заман талабына сай жалғастырып, халықтың рухани өмірін байыта түсу» дейді Бауыржан Ізмағанбетов.
Қазіргі ұжымның белсенді қадамдары мен жаңашыл ізденістері мәдениеттің дамуына серпін беріп, алдағы уақытта да қазалылықтардың рухани өміріне жаңа леп әкелетіні сөзсіз.
Арайлым ЖҮСІПОВА
















